Төрт боксшымыз алтынға таласады
Төрт боксшымыз алтынға таласады
318
оқылды

Белград төріндегі әлемдік до­даның жартылай финалында бес  бокс­шымыз бақ сынады. Олардың төртеуі финалға шықты.

Алғашқылардың бірі болып шаршы алаңда 48 келі салмақ дәрежесінде Теміртас Жүсіпов төбе көрсетіп, Беларусь спортшысы Евгений Кармильчикті айқын басым­дылықпен жеңді. Осылайша ол биылғы әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақстандық спортшы атанды. Мұнан соң 54 келі салмақ дәрежесінде жартылай финалда сынға түскен қазақстандық Махмұд Сабырхан үндістандық Акаш Кумардан айласын асырып, әлем чем­пионатының финалына жолдама алды. Өкі­ніш­ке қарай, 67 келіде жұдырықтасқан Абылайхан Жүсіпов жартылай финалда жапония­лық Севонрет Окадзавадан жеңіліп қалды. Нәтижесінде, отандасымыз әлем чемпионаты­ның қола жүлдесіне ие болды. Айта кетейік, Абылайхан осыған дейін 2017 және 2019 жылдары әлем чем­пионатының жартылай финалында қарсы­ластарына жол берген еді. Кешкі сессияда бақ сынаған Сәкен Бибосынов (51 келі) жартылай финалдық кезеңде 19 жастағы есімі көпке белгісіз тайландтық Тханарат Саенгпхетті сан соқтырды. Бұл жас боксшы бұған дейін Карлос Рамирес (Гватемала), Мигель Рамос (Венесуэла) және Масуд Юсифзаде (Әзербайжан) сияқты қарсыластарын қапы қалдырған. Бірақ тайландық спортшының Сәкенді жеңуге шамасы жетпеді. Тағы бір отандасымыз Серік Теміржанов та (57 келі) 26 жастағы  кубалық Оскар Кабальероны қапы қалдырды. Айта кетейік, Серік осы әлем чемпионатында Куба елінің спортшысымен кездескен алғашқы қазақстандық боксшы.
Биылғы әлемдік додаға 13 салмақ бойынша 13 боксшымыз жарыс жолына шықты. Оның үшеуі (Бибосынов, Теміржанов, Жүсіпов) Токио Олимпиадасына қатысқанын айта кетейік. Ал қалған 8 боксшының барлығы әлем чемпионатына бірінші рет келіп отыр.
Осыған қарамастан бұл біріншілікте қазақ­стан­дық боксшылар ширек финалға шыққан спортшылар саны бойынша аталмыш тур­нирдің рекордын орнатты. Бұған дейін бірде-бір әлем чемпионатының ширек финалына ешқандай елдің он боксшысы жолдама алма­ған. Алайда бұл кезеңде осы он боксшының бесеуі ғана жартылай финалға өтті. Көптеген бокс мамандары ширек финалда боксшы­ларымызға қастандық жасал­ғанын сөз етті. Әсіресе, қазақстандық төреші Серікжан Ешмағамбетов Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалында төрешілер Санатәлі Төлтаевты қарсыласына жығып берді деген ойын айтты. 63,5 келі салмақта жартылай финалға жолдама үшін айқаста қазақ боксшы шотландиялық Рис Линчке 2:3 есебімен есе жіберді. Бокс маманы бұл есеп әділетсіз деп есептейді. Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев та әлем чемпионатында жұмыс істеп жатқан төрешілердің жұмысын төмен бағалады. – Токио Олимпиадасымен салыстырғанда Сербиядағы әділқазылардың жұмысына көңілім толмады. Асланбек әлем чемпионы болады деп ойлап едім. Өкінішке қарай, қар­сыласына жол берді. Біздің жігіттерге физика­лық дайындық жетіспей жатыр. Шынымды айтсам, жекпе-жектерді қарап отырып бокс­шы­лардың өнерінен ешқандай ләззат ала алмадым. Кәсібилік жоқ. Ашық жарқын әдемі бокс көрсету қажет. Нокдаун мен нокауттар тіркеу керек. Олимпиада ойындарынан кейін мықты боксшылар әлем чемпионаттарында жақсы жұдырықтаспайды. Қайрат Сәтжанов та Париж Олимпиадасына дейін 2,5 жыл уақыт бар. Әлем чемпионатына Қазақстан чемпионы болмағандарды алып барды. Қазақстан чемпионы атанғандар әлем біріншілігіне не себепті бармағанын түсінбедім. Қазірден бастап мықты команда жасақтау керек, – дейді Олимпиада чемпионы. Ал The Fight Site сарапшысы Тэйлор О’Хиггинс Қазақстан құрамасының боксшысы Махмұд Сабырхан Белградта өтіп жатқан биылғы әлем чемпионатында алтын жеңіп алады деген ойда. Оның ойынша, жапониялық Томоя Цубойдан жеңілгені сенсация болып, өзбекстандық Шахобиддин Зоировтың жарыстан шығып қалғаннан кейін, Махмұд 54 келіде алтын алады деп болжам жасады. Бұл туралы журналист Твиттердегі парақшасында жазды. Қазақстандық боксшылар 2005 (2 алтын, 3 қола), 2013 (4 алтын, 2 күміс, 2 қола), 2017 (1 алтын, 2 күміс, 3 қола) және 2019 (1 алтын, 1 күміс, 4 қола) жылдардағы әлем чемпионаттарында аса табысты өнер көрсетті. Яғни, 5 жүлдеден кем әкелген жоқ. Биыл да қоржы­нымызда 5 жүлде бар. Бірақ олардың алтыны мен күмісі қанша болатынын алдағы финалдық кездесулер шешеді. Әзірге төрт боксшымыз (Теміртас Жүсіпов, Махмұд Сабырхан, Сәкен Бибосыноы, Серік Теміржанов) финалдық кезеңге өтті. Бір боксшымызда (Абылайхан Жүсіпов) қола жүлде бар. Біз ендігі кезекте төрт оғланымыздан Белград төрінде алтын жүлде күтеміз.

Абылайхан ЖҰМАШ