Ақ халаттыларды алдағаны ма?

ақ халаттылар
© коллаж: Елдар Қаба

Әлемде пандемия жалғасып жатыр. Соған қарамастан 28 мамырдағы отырысында COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) биылғы 1 қазаннан медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуді жойды. Оның орнына денсаулық сақтау қызметкерлерінің жекелеген санаттарының жалақысы артатыны, жаңа төлем төлене бастайтыны хабарланды. Алайда үстемеақыны да толыққанды ала алмаған ақ халаттылар енді жаңа төлемді күте-күте, төзімі таусылды. Сонда министрлік дәрігерлерді алдағаны ма?

Тәуекел топтарынан тыс қалғаны көп

«Ұлттық денсаулық сақтау па­латасы» бірлестігінің басшысы, ме­дицина ғылымдарының док­торы, профессор Ербол Бек­мұхам­бетовтің мәліметінше, ұйым ДСМ-нің «COVID-19 корона­виру­сы­мен күрес шеңберінде эпиде­мия­ға қарсы іс-шараларға тар­тыл­ған денсаулық сақтау жүйесі жұ­мыс­керлерін қаржылық қолдау­дың кейбір мәселелері туралы» Ден­саулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі бұйрығына өз­герістер енгізетін жаңа бұйрық жо­басымен таныс екен.

«Былтыр індет жұқтыру қаупі үшін медқызметкерлердің жа­ла­қы­сына елеулі үстемеақы қо­сыл­ды. Үкімет бұл шараға амалсыздан бар­ды, бірақ пандемияның бетін қай­тару үшін ондай қадам аса қа­жет еді. Жаһандағы және елдегі эпидемиологиялық ахуал, сондай-ақ вирустың ұдайы мутациялану үрдісі мұндай қолдаудың әлі де өзек­­ті екенін көрсетті. Осы жағ­дай­да медқызметкерлерді ары қарай қорғау, ынталандыру қажет. Оның үстіне, коронавирус жұқ­тыру қатері бар қызметтерді атқар­ған медұйым қызметкерлерінің бі­р­а­зы тәуекел топтарына кіргізіл­ме­ді. Соның сал­дарынан олар қол­дау көрмеді», – дейді профес­сор.

Ербол Жасұланұлының ай­туын­ша, үстемеақы төлеу кейбір жер­де жемқорлардың жемсауына ай­налып кеткен.

«Медициналық ұйым басшылары тарапынан коррупциялық құқық бұзушылықтар, ақша бопсалау де-
ректері де жиі кездесті. Денсаулық министрлігі ковид-үстемелер орнына дәрігерлер мен орта мед­пер­сонал­дың жалақысы артатынын жариялады. Бірақ жалақыны көтеру тек 2025 жыл­ға қарай қарас­тырыл­ған. Меди­циналық қоғамдастық бұл шараның тым әріге ысырылғанына наразы. Бұған қоса, ұзақ зарық­тыратын жала­қы көтеру клиника­лық мамандардың шектеулі тобын ғана қамтиын деп тұр», – деп қын­жылысын білдірді бір­лестік басшысы Е.Бекмұхамбетов.

Тек ресми дерек бойынша пандемия басталғалы 26 мыңнан астам ақ халатты коронавирус жұқтырды. Кейбір сарапшы бұл санның шын мәнінде 10 есе көп екенін айтады. Се­бебі медицина қызметкерлерінің көбі ауруды жұмыс істеп жүріп өткерді, өз бетінше емделді. МӘМС, жұмыс берушінің қаржылан­дырмауы кесірінен ПТР-тесттен өтпеді.

Ұлттық денсаулық сақтау пала­тасының басшысы министрлікке хат жолдап, медұйым қызметкерінің өз міндетін орындау барысында коронавирус жұқтыруын және со­ның салдарынан мүгедек болып қа­луын жұмыс орнында жарақат алу­ға және кәсіби ауруға жатқызуды ұсыныпты. Бұл идеяны шенеуніктер құп алмады.

Себебі егер осы бастама енгізіл­генде, коронавирус кесірінен ең­бек­ке қабілет­тілігін жоғалтқан мед­қыз­мет­керлерге, сондай-ақ қаза тапқан ақ халаттының отбасына міндетті әлеуметтік қамсыздандыру аясында, яғни Мемлекеттік әлеу­меттік сақ­тандыру қорынан өте­мақы төленетін еді. Ал МӘСҚ қаражаты тіпті декреттегі аналарға да жетпей жатқан көрінеді.

Күрескер 240 дәрігер қайтыс болды

Әзірге дәрігерлер ДСМ басшы­лығының беті бері қарайды деген үмітін үзбей отыр. Аталған меди­цина­лық бірлестік министрлікке бірнеше ұсыныспен шығыпты. Біріншіден, ведомство КВИ-ді кәсіби дертке жатқызуы, тиісінше төлем­дер мен әлеуметтік қолдау шараларының топтамасын енгізуі керек. Екіншіден, медқызмет­керлердің жалақысын арттыру мерзімін бері жылжытқаны, 2023 жылдан кешіктірмегені жөн.

ДСМ-нің Ғылым және адами ресурстар департаментінің мәліме­тіне жүгінсек, Қазақстанның ден­саулық сақтау жүйесінде жалпы саны 262 мыңнан астам медицина қыз­меткері бар.

«2021 жылғы қыркүйектегі жағ­дай бойынша COVID-19 індетімен күрес аясындағы эпидемияға қарсы іс-шараларға 54 мыңнан астам мед­қызметкер жұмыл­дырыл­ды. Мұның сыртында жедел, шұғыл медицина­лық көмек аясында 12 718 мед­қыз­меткер қызмет етеді», – деп хабарлады департамент.

Емханалардағы фильтрлерде тағы 3 034 қызметкер еңбек етеді. Бұдан бөлек, мобильді бригадаларда жалпы саны 7 616 қызметкер бар.

Зертханаларда барлығы 979 адам қызмет атқарады: 129 дәрігер, 732 орта медперсонал және 118 бас­қа мамандық иелері.

Профилактикалық және эпи­демияға қарсы шараларды уақы­тылы қабылдау мақсатында мед­қыз­мет­керлердің қосымша резерві қалып­тастырылды. Ол 6 255 адамнан, со­ның ішінде 1 349 дәрігерден (869 инфекционист, 109 реаниматолог, 371 басқа мамандық дәрігер­лері), 2 362 орта медперсоналдан, 2 522 кіші медперсоналдан тұрады.

ДСМ Санитариялық-эпидеми­ология­лық бақылау комитетінің статистикалық дерегінше, 2020 жыл­ғы наурыздан 2021 тамыз ара­лығында вирус жұқтырған меди­цина­лық қыз­меткерлердің саны 26 046 адамды құрады. 240 мед­қызметкер қайтыс болған.

Қай дәрігер қанша үстемеақы алды?

«Мемлекет басшысы дәрігер­лер­дің жалақысын арттыру және мәрте­бесін көтеру туралы тапсырма берді. Соның аясында 2019 жылдан бері медқызметкерлердің еңбек­ақысын кезең-кезеңмен көтеріп жатыр. Нақтылай кетсек, дәрігердің орташа жалақысы 2019 жылы 189 мың теңгені құраса, 2020 жылы – 246 мың, 2021 жылы 320 мың теңгеге дейін өсті. 2022 жылы – 416 мың, 2023 жылы 561 мың теңгеге жетеді. Орта мед­қызметкердің жалақысы 2019 жылы небәрі 120 мың теңге болса, 2020 жылы – 144 мың, 2021 жылы 173 мың теңге болған. 2022 жылы – 191 мың, 2023 жылы 210 мың теңгеге жетеді», – деп мәлім етті ДСМ Ғы­лым және адами ресурстар департаменті.

Сарапшылардың айтуынша, былтырдан бері төленген ковид-үс­темеақы оған қол жеткізе алған дә­рі­герлерге үлкен игілік болды, олардың бірқатары баспана сатып ала алды, ипотекасын және басқа несиелерін жапты. Терапевт-дәрігер А.Дүрімхан осы санатқа кіре алған медқыз­мет­керлердің қанша алғанын әңгімеледі.

«Алдымен ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен сырқатты мобильді бригада жеткізеді, оның дәрігері айына 425 000 теңге алады, төл еңбекақысы да сақталады. Жедел жәрдем қыз­мет­керлеріне – фельдшерге, жүр­гізу­шіге және санитарға әрбір ко­вид-сырқатты тасымалдағаны үшін 66 мың теңгеден төленетін. Фильтрде шамамен 15-20 минут сайын науқасты дәрігер қарап, қабылдау бөл­месіне бағыттайды: осы үшін фильтр қызметкерлері айына 215 000 теңге алады. Бұған қоса, орташа еңбекақысы сақталады. Қабылдау бөлімінде кезекші дәрігер, мейірбике, санитар КВИ анализі оң болған сырқатқа ауру тарихын ашқаны үшін 2 сағатқа есептелген үстемеақы ал­ды», – деді дәрігер.

ПТР-тест талдауын алатын мед­қыз­мет­керге орташа жалақысын сақ­тай отырып, 215 000 теңге үстеме­ақы төленіпті.

«Жасыратыны жоқ, бұл медқыз­меткерлердің көбі ковид-сырқатпен бірнеше минут қана байланыста болады. Ең үлкен ауыртпалық біздерге, аурулар оқшау­ланатын аурухана­лардағы медқызметкер­лерге түседі. Біз оларды 8 және одан көп тәулік бойы емдейміз. Жұмыста кейбір әріп­тесім вирус жұқтырып, дүние салды», – деп жабырқайды терапевт.

Қалай болғанда да, 1 қазаннан бері бұлардың ешқайсысына да үстемеақы төленбейді. Осы аталған медицина қызметкерлерінің бәрі тән шаршатып, жүйке жұқартар күресін жалғастырып келеді. Жұ­мыс­тан зо­ры­ғуға таяу...

Ақ халаттылар жұмыста «жанып кетуі» мүмкін

Денсаумині әзірлеген, ковид-үстеме­ақының орнын басатын жаңа төлем кәсіби тәуекелдер тобы бойынша тағайындалмақ. Оның жобасына сәйкес, жоғарғы тәуекел тобындағы медқызметкерлерге базалық лауа­зым­дық жалақының (БЛА) 7 еселенген мөлшерінде немесе 123 879 теңге, орташа тәуекелде 5 есе БЛА немесе 88 485 теңге, төмен тәуекелде 3 еселенген БЛА немесе 53 091 теңге төлеу ұсынылған.

Әйтсе де, өз блогы арқылы жауап берген Денсаулық сақтау министрі Алек­сей Цой бұл тетіктің қашан кү­шіне енетіні белгісіз екенін жеткізді.

«Үстемеақының жойылуына байланысты министрлік мүдделі орталық меморгандармен бірлесіп, КВИ сыр­қат­тарды емдеуге байланысты жала­қыға қосымша төлем­ақы тағайын­даудың бірнеше нұсқа­сына қатысты ұсыныстарды қарап жатыр. Қазір бұл мәселе Қаржы министрлігінің қара­уын­да. Сол себепті жаңа төлемақы тағайындауға қатысты түсініктеме беруге ерте», – деді министр.

Іргедегі ел 30 қазаннан 7 қара­шаға дейін жұмыс істеуге тыйым салып, жаппай демалыс енгізіп, лок­даунға жабылды: Ресей жұқтыру жөнінен де (тәулігіне 40,4 мыңнан астам адам), коронавирустен өлім-жітім бойынша да (бір тәулікте 1 189 адам өлген) әлемде бірінші орынға шықты. Бұл жағдайда Қазақстанға сырқаттанудың маусымдық төмен­дегеніне мәз болып, қамсыз отыруға болмайды. Осы орайда Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гиният ДДСҰ-ның Қазақстандағы кеңсе­сінің қолдауымен медқызмет­керлер­дің эмоционалдық «жанып кетуінің» алдын алу бойынша пи­лот­тық жобасы іске қосылғанын хабар­лады. Бірақ ол тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қала­ларын ғана қам­тымақ.

Елдос СЕНБАЙ

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.