Жаяуға да көпір керек
Жаяуға да көпір керек
313
оқылды

Тілсіз жау айтып кел­мей­тіні белгілі. Сондықтан өрт, ағын су секілді табиғи апат­тарға барынша сақ болған абзал. Алайда кейбір кез­дер­де көзге көрініп тұрған қауіпті орынды ешкім еле­мей, соңы адам өлімімен аяқ­талып жататыны бар. Тараз қаласы «Толчок» ал­қабындағы дәл осындай көпір бүгінде ата-ананың үрейін алып отыр. Ө.Жол­дасбеков атындағы №50 орта мектеп жанынан ағып жатқан канал үстіндегі өт­келді бүгінде жұрт «қыл­кө­пір» атап кеткен.

Жалпы, Талас өзенінен арна тартатын канал суының ағысы асау. Мектеп оқушысы түгілі ере­сек адамның өзі суға құлап кетсе, одан аман шы­ғуы екіталай. Олай дейтініміз – канал суы бірден шлюз­ге барып ұрады. Ал темір мен бетонға қы­сылған адам­ның суға тұншығатыны айдан анық. Міне, осындай қауіпті ай­мақтан көпір арқылы жақын маң­дағы үйлерде тұратын оқушылар күнделікті №50 орта мектепке сабаққа баруда. Кері үйге қай­та­тын жолдары – осы. Өйткені мек­теп пен тұрғын үйлер арасын бөліп тұрған жалғыз осы көпір. Ал өткелдің «қылкөпір» атанып кетуі адам өтетін жолы өте тар. Оған қоса, көпір­дің екі шеті жұқа те­мірмен қоршалған. Арасы апан­дай ашық. Егер адам тайып құ­лай­тын болса, қоршау­дың ашық жерінен ағын суға бірден түсетіні анық. – Көпірдің осындай күйде тұрғанына бір­неше жыл болды. Жергілікті билікке қанша ша­ғым­дансақ та, әлі күнге шешімін тап­пай отыр. Қазір әйтеуір бала­ла­рымызды мектепке жетектеп кө­пірмен әупірімдеп өтіп жүрміз. Алайда ертең қыс түсіп, қар жау­ғанда көпір үсті көктайғақ мұз бо­лады. Ойын балаларының бі­рін-бірі қуып, мұздан тайып, суға ағып кетіп жатса қайтеміз? Сон­дықтан жауаптылар бұл мәселеге жүре қарамай, бала­ларымыздың қауіпсіздігі үшін көпірдің жан-жағына темір қоршау орнатып бер­се, үйде алаңсыз отырар едік, – дейді Гүлзат Маратова есімді тұрғын. Тұрғын Саян Балабековтің де пікірі осыған саяды. Ол тіпті бір-екі рет балалардың суға құлап кете жаздап, абырой болғанда қолда­рынан ұстап аман алып қалғанын айтады. – Көпірдің мәселесін айтып бармаған же­ріміз, қақпаған есі­гіміз қалмады. Алайда бәрі бұған атүсті қарап отыр. Үлкен көпір бол­маған­нан кейін қаржы шығар­ғы­лары келмейтін секілді. Алайда таразы басында адам өмірі тұр ғой. Мұндайда есеп-қисапты қойып, түйткілдің түйінін тарқату керек емес пе?, – дейді тұрғын. Оның сөзіне қарағанда, ата-ананың көбі таңертең ерте жұ­мысқа кететіндіктен, балаларын сабаққа жетектеп апара алмайды. Ал бала болған соң ойнамай тұр­майды. Көпірдің үстінде келе жа­тып бір-бірімен алысып, қуа­ласпақ ойнап кететіндері де бар. Сондай кезде біреуі шалы­нысып, ағын суға құласа не болмақ? көпір «Былтыр осында екі бала жү­гіріп келе жатып, біреуінің аяғы тайып құлады. Абырой болғанда жақын келе жатқандықтан, қо­лынан шап беріп ұстап қалдым. Егер үлгермегенімде оның арты немен аяқталарын ойлаудың өзі қорқынышты. Бізден бір өтініш – осы көпірімізді жөндеп, қауіпсіз етіп берсе екен», – дейді Саян Балабеков. Жалпы, мұндағы канал бо­йын­да 2 көпір бар екен. Бірі көлік жүретін көпір болғандықтан, жа­уаптылар оны жөндепті. Ал адам жүретін көпірді елеусіз қалдырған. Тұрғындар жөнделген көпір­мен өтейін десе, онда көлік тоқ­саусыз жүретіндіктен, балалары үшін тағы алаңдайтынын айтады. Оған қоса, ол көпір №50 мектеп­тен қашық орналасқан. Сондық­тан тұрғындар да, оқушылар да күнделікті «қылкөпірден» жан­дарын шүберекке түйіп өтуде. Бұл мәселемен Тараз қаласы әкімдігіне ха­барласып едік, он­дағы мамандар көпір құрылы­сына бюджеттен қаржы бөлінбейтінін ашып айт­ты. Алайда тұрғындар­дың тілегі ескеріліп, кө­пірдің ай­наласы темір қоршаумен қор­ша­латынын жет­кізді. Бірақ оның қашан жасалатыны әлі белгісіз. Міне, осылайша жауаптылар бұл мәселеге екіұшты жауап қай­тарды. Облыстық Төтенше жағ­дайлар департаменті берген ақпаратқа сүйен­сек, былтыр тұрғындардың суға батуының 16 дерегі тіркеліп, 18 адам ажал құшқан екен. Оның 9-ы – балалар. Ал биылғы есепті кезеңінде 6 оқи­ға тір­келіп, 7 адам қаза болған. Оның үшеуі – бала. Биыл дәл осы «Толчок» алқабындағы ка­нал­ға ве­лосипед айдап келе жатқан үш жасөспірім құлап кетіп, қи­мылсыз денелері судан шығарыл­ған видео әлеу­меттік желілерде тараған бо­латын. Видеоны көрген көпшілік жағасын ұстап, жүректері шай­лыққан. Абырой болғанда оқиға орнына дер кезінде жеткен дәрі­герлер балалардың өмірі үшін күресіп, жан­дарын аман алып қалды. Осы оқиға көпке сабақ болуы керек еді. Ертең №50 мектеп жанындағы көпірден де оқушылар суға құлап, тұншығып жатпасына кім кепіл? Әлде кө­пірді жөндеу үшін міндетті түрде адам шығыны болуы керек пе? Әрине, байыбына бармай, байбалам салудан аулақпыз. Алай­да дәл мектеп жанында орна­ласқан көпірдің құрылысын қолға алып, оның аумағын кеңейтіп, жан-жағын қоршап беру билік үшін қиын дүние емес. Түптеп келгенде «Жомарт түлек» секілді жоба арқылы да жасауға болатын шаруа. Тек құлық пен ниет болса болғаны.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы