Коронавирус пандемиясының кесірінен туындаған экономикалық қиындықтар көптеген кәсіпорын мен компанияны банкрот етті. 2021 жылдың тоғыз айының есебі бойынша, Қазақстанда банкротқа ұшыраған компаниялардың саны былтырғымен салыстырғанда 3 есе өскен.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОСЭР) мемлекеттерінде жұмыс орындарының 60%-ы және ішкі жалпы өнімнің 50%-ы шағын және орта бизнеске тиесілі. Бұл елдер індет кезінде өздерінің отандық компанияларына пәрменді қолдау көрсетті. Ол үшін кәсіпорындардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, олардың өнімдеріне деген ішкі сұранысты арттыру, банкротқа ұшырау процедурасын жеңілдету және кәсіпке қатысты шешімдерді жеделдетіп шығаруға бағытталды. Ал Қазақстанда шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 30,8%-ды құрайды. Бұл салада 3,3 млн ел азаматы жұмыспен қамтылған, ол еңбек етіп жүргендердің 37%-ы шамасында. Кәсіпкерлік субъектілерінің төрттен бірі және жұмыспен қамтылғандардың жартысына жуығы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелген.Дағдарысқа ең көп ұрынған салалар
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер жөніндегі комитеттің есебіне сүйенсек, пандемияға дейінгі 2019 жылы банкрот болған компаниялардың саны 1 218 болса, олардың қарызы 2 трлн теңгеден асқан. 2020 жылы бұл көрсеткіш сәйкесінше 422 және 5 трлн теңгені құрады. Ал 2021 жылы 1 315 компания банкротқа ұшырап, былтырғы деңгейден үш есе өскенімен, олардың қарызы мұның алдындағы жылдармен салыстырғанда біршама аз – 1,5 трлн. 2020 жылы індеттің кері әсері, әсіресе көтерме және бөлшек сауда саласындағы бизнес нысандарына ауыр тиді, сауда-саттық секторындағы 219 компания банкрот болды. Сондай-ақ дағдарысқа қатты ұшыраған сектордың бірі – құрылыс саласы. Былтыр 91 құрылыс кәсіпорны қымбатшылыққа төтеп бере алмай, жабылып қалды. Үшінші орында өңдеу өнеркәсібі тұр, олардың 13-і жұмысын тоқтатқан. Дегенмен 2019 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда банкрот болған кәсіпорындар саны азайған. Пандемияның алғашқы жылында 761 кәсіпорын жабылып қалған екен. Әйтсе де, олардың тек біреуі ғана ірі компания болса, жетеуі орта және 753-і шағын кәсіпорын. Сондай-ақ банк саласында да шығын бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2021 жылғы 24 маусымдағы №74 қаулысына сәйкес Capital Bank Kazakhstan АҚ бағалы қағаздар нарығындағы банктік және өзге де операциялар мен қызмет жүргізуге берілген лицензиясынан айырылды. Лицензиядан айырған күнгі жағдай бойынша банк активтерінің мөлшері 38,5 млрд теңге, несие портфелі 33,9 млрд теңге болған. Оның ішінде 30,4 млрд теңге немесе банктің несие портфелінің 89,8%-ы тоқсан күннен аса мерзімі өткен кредиттер. Банктің өтімді активтерінің мөлшері – 149 млрд теңге. Бұл ретте орындалмаған клиенттік төлемдердің көлемі 15,0 миллиард теңгеден асқан. «2020 жылы банк акционері банктің қаржылық жағдайын жақсарту жөніндегі шаралар жоспарын ұсынды. Көрсетілген жоспарды орындау шеңберінде агенттіктің қатаң бақылауымен банк 2020 және 2021 жылдары банктің депозиторлар алдындағы 31 миллиард теңге сомасындағы міндеттемелерін төмендетті. Жоспарды іске асыру шеңберінде әлеуметтік тұрғыдан маңызды мекемелер (мектептер мен ауруханалар) алдындағы міндеттемелер толығымен және квазимемлекеттік сектор алдындағы міндеттемелердің айтарлықтай бөлігі өтелді. Бірақ банк және оның акционері қабылдаған шаралар оның қаржылық жағдайын тұрақтандыруға әкелген жоқ. Банк пруденция нормативтерін бұзуды жалғастырды және клиенттері алдындағы төлемдер мен аударымдар бойынша міндеттемелерін орындамады», – делінген агенттік таратқан ақпаратта. Енді банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 99% депозиттері «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігімен өтелетін болды.Құрылыс саласының қаупі көбейді
Пандемия экономиканың барлық саласы мен логистикаға орасан зор салмақ түсірді. Егер бұған дейін құрылыс жергілікті жердің экономикасын ілгері сүйреп, өңірдің жалпы ішкі өнімін құраушы басты сектор болса, қазір бұл саланың да басына үлкен қауіп төніп тұр. Жыл басынан бері құрылыс материалдары 38-40 пайызға, тіпті кейбірінің 100 пайызға қымбаттауы құрылыс компанияларына аса ауыр тиді. «Қазақстан құрылысшылар одағы» ЗТРБ төрағасы Талғат Ерғалиевтің айтуынша, қымбатшылыққа байланысты Құрылыс істері жөніндегі комитет баға бойынша арнайы регламент әзірлеген болатын. Оны дайындауға Құрылысшылар одағы да белсенді атсалысқан. Бұл құжатта елордада және өңірлерде материалдардың қаншалықты қымбаттағаны, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан нысандар үшін қаншалықты қосымша қаржылай көмек көрсетілуі керек екені нақтылы белгіленген.Банкроттық институты бизнесті сауықтырады
Пандемия қай салаға болсын оңай тиіп жатқан жоқ, осындай жағдайда банкроттық институты бизнес үшін де, мемлекет үшін де өте қажет әрі пайдалы құрал болмақ. «Тілеулин және әріптестер» заң фирмасының басқарушысы Ілияс Тілеулиннің айтуынша, Бүкіләлемдік банк жыл сайын елдердің инвестициялық тартымдылығын бағалап отырады, оның өлшемдерінің бірі – банкроттық процедураларының жағдайы. Банкроттық процедураларының нәтижелігі жөнінен Жапония көш бастап тұр. Бұл елде кредиторлар әр доллардың 92,1 центін қайтарып алады, ал процедура орташа алғанда 7 айға созылады. «Қазақстанның көрсеткіші Жапониямен салыстырғанда көп төмен, дегенмен ТМД-ның басқа елдерімен салыстыратын болсақ, айтарлықтай жоғары: банкроттық 1,5 жылға созылады, ал кредиторлар әр доллардың 38,9 центін алады. Егер 2018 жылғы рейтингке көз салсақ, Қазақстан 190 мемлекеттің ішінде 37-орынға тұрақтаған, бұл тізімде Ресей – 55, Беларусь – 72, Қырғыз Республикасы – 82, Өзбекстан 91-орында тұр»,– дейді Ілияс Тілеулин. Бұл көрсеткіштер Қазақстанда банкроттық институты жақсы жетілгенін көрсетеді. Процедураның нәтижелігі мен кредиторлардың қанағаттанушылығы банкроттық кезінде кредиторларға берілетін артықшылықтармен айқындалады. Айта кету керек, бұл артықшылықтардың кей бөлігі кредиторға тікелей берілмейді, банкроттық басқарушы арқылы жасалады. 2014 жылы «Сауықтыру және банкроттық туралы» заң қабылданғалы бері Қазақстанда жыл сайын 1 000-ға тарта кәсіпорындар банкрот болады екен. Айта кетейік, сот олардың көпшілігін салық органдарының арызы бойынша банкрот деп таниды. Банкротқа көбіне жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ұшырап жатады. «Банкроттық экономикада қордаланып қалған қарыздардың проблемасын шешеді. Егер кәсіпкердің сәтсіздігін кешіріп, қолдау көрсетпеген жағдайда олар көлеңкелі бизнеске кетуге мәжбүр болады, сөйтіп салық төлеуден жалтарады. Яғни, елдің экономикалық өміріне қатыспайды. Нақ сол себептен көпшілік дамыған мемлекетте банкроттық механизмі жақсы жұмыс істейді және бұл процедураны қарызды кешірудің заңды тәсілі деп қабылдайды»,– дейді заңгер Ілияс Тілеулин. Заңгердің айтуынша, бізде көп жағдайда посткеңестік кеңістікте банкроттық процедурасына деген қате көзқарас басым, ал банкроттық процедурасын дұрыс қолдану кредиторға берілетін артықшылықтар арқылы болуы ықтимал тәуекелдерден сақтайды.Дәулет АСАУ