Ардагерлерді ұмытқанымыз ба?
Ардагерлерді ұмытқанымыз ба?
321
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысының орталығында 20 мыңдай зейнеткер назардан тыс қалып отыр. Кезінде әртүрлі кәсіпорынның отымен кіріп, күлімен шығып, еңбек еткен қарттар бүгінде ешкімге керексіз адамдай күй кешуде. Бір айға созылған қарттарды қолдау айлығы аясында тым болмаса бір адам іздеп келер деген үміттері ақталмаған талай қарияның көңіліне қаяу түсті.

Қарттарды қолдау айлығы аяқ­талып, жауапты мекемелер тиісті есептерін беріп те үлгерді. Бірақ назардан тыс қалған ардагерлер туралы тіс жарған адам жоқ.

ҚАРИЯЛАР ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛДЫ

Биыл Петропавлдағы бірқатар білім ошағының ардагерлері де құт­тықтау сөз естіген жоқ. Солар­дың бірі – «БЭСТ» гимназиясы ашыл­ған сәттен бастап зейнет жа­сына жеткенге дейін қызмет іс­те­ген Любовь Герцель. Өзі бас­та­уыш ардагерлер ұйымының төрайымы болғандықтан, көп жағдайдан хабардар. Оның ай­туын­ша, осы мектептен зейнет демалысына шыққан 64 адам биыл бірауыз жылы сөз бен бір тал гүлге зар болып қалды. №17 ұлттық жаң­ғыру мектебінің 45 ардагері де биыл қарттарды қолдау айлығының шапағатын көрген жоқ. Бір атым насыбайдан қалатын көңілдерді осылайша кірбің шалды. 2017 жылы зейнет демалысына шыққан Зулейха Бикметова: «Ақшалай сыйлық күтпеңдер деп алдын ала ескертті. Сондықтан одан үміттен­ген де жоқпыз. Алайда үйге келіп ешкім мерекемен құттықтамаға­нын ардагерлердің біреуі түсінсе, кейбіреуі түсінген жоқ. Өкпе-реніштерін айтқандар болды. Әркімнің зейнетақысы әртүрлі. Жалғыз тұратындары бар. Әсіресе, солар өз ұжымының көңіл бөлгенін қалайды. Енді 8 наурызда құттық­тар деген үміттеміз», – дейді Зу­лейха Мусаевна. Ол ол ма, Петропавл ауыр ма­шина жасау зауыты өзінің 1 200 зей­неткерінің ішінен басқасын айт­пағанда, жалғыз соғыс ардаге­рі Дмитрий Сергеевті жылына бір рет келетін Қарттар күнімен құт­тық­тауға жарамапты. Петропавлда Ұлы Отан соғысына қатысқан ар­дагер саны – 16. Сол сияқты «ЗИКСТО» зауытының – 870, «Мұ­­наймаш» акционерлік қоға­мы­ның – 395, Петропавл әуежайы­ның 135 ардагері де назардан тыс қалды. Атағы жер жарған ірі кә­сіп­орындардың қылығы осы болса, өз күнін әрең көріп отырған шағын ұйымдардан не қайыр? Жұмыс істеген кәсіпорындары жабылып қалғандықтан немесе ауылдан облыс орталығына көшіп келгендіктен, еңбек еткен ұжы­мы­нан көз жазып қалған зейнеткерлер қаншама?! Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тә­жиннің айтуынша, Петропавлда 44 600 зейнеткер бар болса, соның 26 мыңы ғана кеңеске мүше. Ал қалған 18 600-і қараусыз қалған. Оның 16 мыңының жұмыс істеген кәсіпорны жабылған, ал қал­ғандары – ауылдан көшіп кел­ген­дер. Солардың арасында құрылыс саласында жұмыс істеп, Социа­листік Еңбек Ері атанған жалғыз әйел Қайнижамал Мусина да бар. «Кезінде дүркіреп тұрған ет комбинаты, автобус, троллейбус парктері, «Динамо», «Комсомолка» тігін фабрикалары, үй құрылысы комбинаты сияқты ірі кәсіп­орын­дар жабылды. Ауылдан көшіп кел­гендер далаға келгендей болады. Ешбір ұйымға бекіте алмаймыз. Сондықтан әр ауданның не кәсіп­орынның зейнеткерлерінің басын біріктіріп, бастауыш ұйым құрып жатырмыз. Өйткені ауылдан кел­гендер үшін төрт қабырғада қама­лып отыру қиын. Олар ешкімге жалынбай-ақ, өз зейнетақысы есе­бінен кішігірім шаралар ұйым­дастырады, бірін-бірі мереке­лермен, туған күндерімен құттық­тайды. Қарттарға бірауыз жылы сөзден басқа ештеңе керек те емес», – дейді Жангелді Уақпан­ұлы. Ардагерлер кеңесінің төр­аға­сы, әсіресе өмір бақи ауыл мектеп­терінде еңбек етіп, кейінгі тол­қын­ды білім мен руханият нәрінен сусындатқан ұстаздар қауымының бүгінде ешкімге керексіз болып қалғанына қапаланады. Ол Білім және ғылым министрінің ешқан­дай қайырымдылық шараларына мұғалімдерден ақша жинауға болмайды деген ұсынысына үзілді-кесілді қарсы. «Бүгінде мұғалім­дердің жалақысы жақсы, 200 мың теңгедей айлық алады. Содан ал­дыңғы толқынның мұқтаждығына 1 000 теңге бөлсе, одан ешкім ке­дейленіп қалмайды. Тіпті, бір­күн­дік еңбекақысының 25 пайызын бөлсе де жеткілікті. Сол қаржыны біз қараусыз қалған ардагерлерге жұмсар едік. 20 мектепте директор болып қызмет істеген екі бірдей адам өз үйінде қайтыс болғанын бірнеше күн өткеннен кейін көр­шілерінен естідік. Үлгі мектебінде директор болып, халық театрын 20 жылдай басқарған адам да бүгінде не білім саласына, не мәдениет саласына қажетсіз болып үйінде отыр. Мектеп директорларына өтініш жасасақ, «Мұғалімдерге тән қызмет емес» деп бір-ақ қағады. Сонда адамгершілік қасиет мұға­лімдерге тән емес пе?», – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы. №17 ұлттық өркендеу мекте­бі­нің директоры Ләззат Жолмұқ­а­нова болса қазір мұғалімдерден ақша жинауға тыйым салынғанын, тіпті бұл қауіпті екенін, арда­гер­лерді ардақтауға қаржы қарас­ты­рылмағанын алға тартты.

ҚАРТТАРЫМ, АМАН-САУ ЖҮРШІ...

Бүгінде ардагерлер кеңесінің жағдайы мүшкіл. Бұрын қайырым­дылық сенбілігінен түсіп тұратын қаржы қазір жоқ. Ардагерлер ке­ңесі сол ақшаны үнемдеп, өз ұжы­мынан көз жазып қалған қарттарды ме­рей­тойларымен, мерекелерімен құт­тық­тап, сый-сияпат жасаушы еді. Қазір барлығы қаржыға келіп ті­реледі. Заңдылық тұрғысынан бұл кеңес қаптаған қоғамдық ұйым­дарға теңестірілген. Ұсақ-түйек мәселемен айналысатын немесе түрлі грант ұтып алатын біркүндік қоғамдық ұйымдардың мәртебесі қандай болса, ардагерлер кеңе­сінің мәртебесі де сондай. Ал мә­селеге тереңнен қарар болсақ, әр­дайым қарттарын құрметтеген, ал­дыңғы буын ағалардан құрметі мен ізетін аямаған халықтың бұл мәсе­леге көзқарасы басқаша бо­луы ке­рек-ті. «Қартын сыйлаған ел­дің қа­зы­насы мол». Қарттарымыз – бір шаңы­рақтың ғана емес, тұтас мем­лекеттің қазынасы. Мемлекет сая­сатын жүзеге асыруға атса­лы­сып, ұрпақтар сабақтастығын жал­ғас­тыратын, рухани құндылықты сақ­тап қалатын буын – қарттар. Ер­те­ден ел үшін маңызды шешім­дер ақыл­гөй ақсақалдардың ақ ба­та­сы­мен қабылданған, кез кел­ген түйт­кіл­ді шешкен кезде қа­рия­лар орда­лы ой айтып, ұтқыр бай­ламға кел­ген. Таусылмас қазынаға теңейтін қарттарымыздың өмірдегі бай тә­жі­рибесін қоғам қажетті­лі­гіне пай­далануға не кедергі? «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасын да қарттардың көмегімен жүзеге асыруға болады. Үкіметтің тұрақты әріптесі болудан белсенді ардагерлер бас тартып отырған жоқ. Бүгінде қалалық қоғамдық кеңестің 8 мүшесі, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы бюросының 4 мүшесі – ардагерлер екені осыны айғақтаса керек. Сай­лау кезінде штаб пен учаскелік комиссиялардың жұмысын зей­нет­керлер атқарады. Бір әттеген-айы – қол қысқа. Қа­лалық ардагер­лер кеңесінің төр­аға­сы Жангелді Тәжиннің пікірінше, ардагерлер ұйымдарына мемлекет тарапынан қаржылай, материалдық көмек қажет. «Алдыңғы толқын – тәуел­сіз­діктің қандай қиындықпен кел­генін өз көзімен көрген, этнос­ара­лық татулықтың қадірін білетін буын. Мемлекеттің экономика­­лықәлеуметтік дамуын қолдап, еліміздің дүниежүзіндегі саяси орнын түсініп, осы бағытта жұмыс істеуге әзірміз. Үлкенге ізетпен қарап, ақылын тың­дап өскен ха­лықпыз. Елдегі 2 мил­лион ардагер қай жаққа бұрса, халық сол жаққа бағыт алады. Ен­деше ар­дагерлер ұйымына көзқарас бас­қаша болуы керек. Біз көп қо­ғамдық ұйым­дар­дың бірі емес, біре­гейіміз. Осының аражігін ажырата білу керек», – дейді Жангелді Уақпанұлы. Төрағаның пікірінше, «Арда­гер­лер туралы» Заңға да, ардагерлер ұйы­мының Жарғысына да өзгеріс енгізу керек. Ұйым осы күнге дейін 1987 жылы, яғни Кеңес Одағы за­ма­нында қабылданған Жарғыны ұста­нып отыр. Ол заман талабына сай емес. Ал былтыр қабылданған «Ар­да­герлер туралы» Заңда кейбір әлеу­меттік түйткілдер ескерілмей қал­ған екен. Жалпы, ардагерлер ұйы­­мы­ның мәртебесін арттырып, заңмен бекітпейінше, қоғам пи­ғы­лын өз­герту неғайбіл. Қара шаңы­рақтың құты мен киесі саналып кел­ген да­налық дариясы – ақылгөй қария­лардың төрі төмендеп кетпесін...

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы