Қазгидромет Түркістан облысы мен Шымкент қаласында желмен көтерілген шаң не себепті басылмай тұрғанын түсіндірді, – деп хабарлайды Sputnik. Қазгидрометтің баспасөз хатшысы Алина Исмағұлованың айтуынша, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында қатты желдің әсерінен атмосфера қабатына шаң көтерілген.
"Жел екпіні бәсеңдеп, аймаққа оңтүстіктен жылы ағым жылжуы әсерінен таңертең Қазығұрт ауданы мен Шымкент қаласына тұман түсті. Ол атмосфераға көтерілген шаңды өзіне жинайды. Артынан жер бетіне түседі. Тұман сейілгеннен кейін шаң тез тарай қоймайды. Өйткені күн сәулесі әсерінен ауада қалқып тұрады", – деді Исмағұлова.Қазгидромет мамандары қазіргі жағдайды спутниктік бақылау құралдары арқылы бақылап отыр. "Шымкент қаласында, Түркістан облысының Қазығұрт ауданы мен Өзбекстанның Ташкент қаласы арасында атмосферада шаң сақталуда. Бүгін біз таңертең тұманға байланысты екі күнге дабылды ескерту жасадық. Тұманның оңтүстік және таулы аудандарда сақталуына байланысты шаң әлі де кетпейді", – дейді Қазгидромет өкілі.