Өңіраралық ынтымақтастықты жетілдіруді ұсынды
Өңіраралық ынтымақтастықты жетілдіруді ұсынды
140
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Италия Республикасына барды. Сапар аясында ол Италия Парламенті Сенатының төрағасы Мария Элизабетта Альберти-Казелаттимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Италия арасындағы парламентаралық байланысты нығайту мәселесін талқылады. Сондай-ақ екі елдің экономика, сауда, туризм, мәдениет және тағы басқа бағыттар бойынша ынтымақтастығын арттыруға ықпал етуде депутаттардың белсенді жұмысы маңыз­ды екені сөз болды. Мәулен Әшімбаев сенаторлардың еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартуға арналған заңнамалық жұмысына тоқталып өтті. Осыған орай ол өңіраралық ынтымақтастық арқылы екі елдің сауда-эко­номика­лық байланыстарын кеңейтуді және бұл жұмысқа сенаторларды жұмылдыруды ұсынды. «Өңіраралық ынтымақтастық арқылы Қазақ­станның сауда-экономикалық байланыстарының әлеуетін арттыруға мүмкіндік бар. Қазақстан мен Италия Сенаттарындағы депутаттық құрамның өңір­лік өкілдік сипатын ескере отырып, парламен­тшілердің білімі мен тәжірибесін екі елдің өңірлері арасында байланыс орнатуға жұмылдыруға болады деп есептейміз. Атап айтқанда, парламенттік делегациялардың сапарлары кезінде өңірлермен танысу және басқа да іс-шаралар қызығушылық тудыруы мүмкін», – деді Мәулен Әшімбаев. Сұхбат кезінде жасыл экономиканы дамыту және осы бағыттағы заң шығару тәжірибесімен алмасу мәселесі де сөз болды. «Жасыл экономиканы дамыту – Қазақстан үшін Мемлекет басшысы белгілеп берген басымдықтардың бірі. Бұл мәселе бойынша да біздің бірлесіп жұмыс істеуімізге зор мүмкіндік бар. Сондықтан энергиялық тұрғыдан тиімді, табиғи таза технологияларды енгізу ісінде италиялық серіктестермен ынтымақтастық орнатамыз деп үміттенеміз», – деді Мәулен Әшім­баев. Өз кезегінде Мария Элизабетта Альберти-Казелатти елдеріміз арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың жоғары деңгейі туралы айтты. Оның айтуынша, екіжақты күн тәртібіндегі мәселе­лерді шешу үшін парламентшілерді белсенді жұмыл­дырудың маңызы зор. Мәулен Әшімбаев екі елдің палаталары арасында тұрақты жұмыс істейтін консультация тетігін құру мәселесін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар Қазақстан Парламенті Сенаты­ның Төрағасы Италия Парламентіндегі «Қазақстан-Италия» парламенттік достық тобының өкілдерімен кездесті.

А.СҰЛТАН