Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қалашығында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Мәңгілік ел» сағаты архитектуралық құрылысының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Керемет архитектуралық шешіммен салынған биіктігі 19,3 метр сағаттың құрылысы ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының бастамасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бой көтеріп отыр. Стелла университеттің Тимирязев көшесі жағындағы – «Мәңгілік ел» салтанат қақпасынан бастау алатын орталық аллея мен студенттік жатақханалар қалашығының арасына орналастырылған. Салтанатты іс-шараға осы нысанның салынуына мұрындық болған ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми, белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов қатысып, құттықтау сөздерін арнады. Сондай-ақ ашылу кезінде сөз алған аталған оқу орнының ректоры Жансейіт Түймебаев пен жобаға қаржылай қолдау көрсеткен меценат азаматтар бұл шараны ең алдымен биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына тартуы болса, екіншіден Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын жандандыру екенін атап өтті. Биіктігі 20 метрге жуық сағаттың диаметрі 1 600х1 600 мм жетеді. Ал сағат қойылған стелла төрт тірекке орналастырылған. Осьтік өлшемі 3,80х3,80 м.Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы қаласы