Этностар оқшау қалмасын
Этностар оқшау қалмасын
453
оқылды

Соңғы кездері Қазақстанда тұрмыстық сипаттағы немесе екі адамның арасындағы даудан пайда болған кикілжіңдерге этносаралық сипат берушілер қатары көбейгені байқалады. Алайда мұндай оқиғаларға біржақты баға беру қиын. Дегенмен бірқатар этностың оқшауланып, белгілі бір аумақтарда топтанып өмір сүретіні жасырын емес. Ал мұның қоғамдық санаға  бәрібір ықпал ететіні рас.

Жалпы, Қазақстан соңғы 30 жылда елдегі этносаралық тату­лық­ты сақтай білген мемлекет ре­тінде өзін жаһан жұртына һәм төңірекке таныстыруға тырысты. Рас, Қазақстан халқы Ассамблея­сы, ақсақалдар институты тәрізді институционалдық шешімдер арқылы этникалық жанжалдардың алдын алуға тырысқан әрі белгілі мөлшерде бұл қадам сәтті болға­нын мойындамақ керек. Алайда қоғамдағы түрлі стереотип, жем­қорлық, бюрократия, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік топтардың терең қатабына дейін жетпеуі, бірқатар этнос өкілінің белгілі бір аймақтарда жинақы отыруы, коммуникация құралдарын пайда­ланудағы жауапкершіліктің тө­мендігі, тіпті этносаралық мәсе­лені саяси ұпай құралы ретінде пайдалануға ұмтылатындардың кездесуі тұрмыстық сипаттағы жанжалдарға ұлтаралық кикілжің сипатын беріп жіберетіні бар. Содан да болар, Қордайдағы, Пенжім ауылындағы кикілжіңдер тәрізді оқиғаларға қоғамның бағасы өзгеше болып шығады.

Этноанклав шынымен қауіпті ме?

Қазан айының 21-і күні Прези­дент Қ.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтіл­ген отырысын өткізген еді. Сол жиында мемлекет басшысы түрлі этностың бір өңірде шоғырланып өмір сүруі олардың әлеуметтік-мәдени тұрғыда оқшаулануына алып келетінін айтқан. «Бұл этни­калық анклавтардың, мәдени және тілдік кедергілердің қалыптасуына алып келеді» деген еді Президент. Ал мұндай жағдай этносаралық қақтығысқа дейін апарып соғуы мүмкін. Сондықтан Қ.Тоқаев елі­міздің қалалары мен ауылдарында оңашаланған этникалық аудандар мен кварталдардың пайда болуы­ның негатив үрдісін жеңудің жүйе­лі шараларын қарастыру керек екенін айтқан. Президенттің бұл сөзінен біз биліктің этникалық анклавтар қалыптасуы мүмкін екенін біліп отырғанын аңғардық. Шамасы, шенділер бұл мәселеден секем алатын сияқты. Өйткені әдет­те азаматтар арасындағы ұсақ-түйек ұрыс-керіс саналатын оқи­ға­лар бірден өршіп кететіні бай­қалып қалады. Алайда этни­калық азшылықтың шоғырланып өмір сүруін этноанклав ретінде ба­ғалау­дың қате екенін бірқатар сарапшы айтып жүр. Мәселен, әлеумет­та­нушы Серік Бейсембаев анклав ре­тінде өмір сүру ұлтаралық қақ­ты­ғысқа себеп емес екенін алға тар­тады. «Бұл – ешқандай ғылыми негізі жоқ пікір. Бұл ой осындай жанжалдардың қайталануына жол ашады. Себебі проблеманы анық­тағанда мәселені этностық азшы­лықтардан іздей бастаймыз», – дейді ол. Дегенмен осы тұста «анклав» терминінің мәнін ашып алған дұрыс. Ғалымдар «анклав» деп жан-жағын өзге елдің аумағы қоршап жатқан бір мемлекеттің территориясын айтады. Қырғыз Рес­публикасындағы Ворух, Джан­гайл, Кайрагач, Сох, Чон-Гара, Шахимардан, Өзбекстандағы Сар­вак тәрізді аумақтар анклав са­на­лады. Оның өзінде сол аймақтарды қоршап жатқан мемлекет үшін ғана анклав, ал жердің иесі санала­тын елге эксклав саналады. Егер осы сипаттама тұрғысынан қарас­тырсақ, Қырғыз еліндегі Өзбек­стан­ның, Тәжікстанның жерлері Біш­кек үшін анклав болып есеп­теледі. Өзбекстандағы Сарвак Ташкент үшін анклав, Тәжікстан үшін эксклав. Қысқасы, анклав ұғымы нақты саяси-географиялық атауға қатысты туындаған дүние. Бірақ этноанклав дейтін ұғымды соңғы кездері саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар жиі пайда­ланып жүр. Алайда оның нақты ғылыми түсіндірмесі жоқ. Тұспал басым. Шамасы, бір жерде жинақы өмір сүретін этникалық топтарды анклавқа теңеу түрлі гибридтік соғыс қаупінен сескенуден туын­даған сияқты. Іс жүзінде сепера­тизм немесе ұлтаралық жанжал үшін топтанып отырудың қажеті жоқ. Гибридтті соғыстың сан түрлі амалы бар, түрлі этносты бірікті­ретін, орталыққа қарсы қоятын адам да жетеді. Бірақ Югосла­вияның ыдырауы мен Косованың бөлініп кетуінде этникалық топ­тардың бір жерде шоғырлана тір­шілік еткені айрықша рөл атқар­ғанын ұмытпаған дұрыс. Бәлкім, содан да шығар, этноанклав тер­минін қолданатындар көбейді. Алайда қырғызстандық әлеу­меттанушы Қайратбек Жамақұлов Қазақстанда этникалық анклав жоқ деп санайды. «Менің ойымша, Қа­зақстанда этноанклавтардың қа­лып­тасу мүмкіндігі төмен. Әдет­те этноанклавтарды иммигранттар қалыптастырады. Ал Қазақстанда ертеден тұрып жатқан шағын этнос­тар этноанклав бола алмай­ды. Ай­талық, Түркістан, Алматы об­лы­сын­да тұратын бірқатар этнос ол жерде ұзақ жылдардан бері ме­кен етіп келеді. Олар елдегі қарым-қа­тынас, қоғамдық тәртіп пен қағи­даларды, бір сөзбен айтқанда «ойын ере­же­лерін» жақсы біледі. Олар Қазақ­станның тең құқылы азаматтары. Балаларын да мемле­кеттік стан­дарттар бойынша оқы­тады. Әрі этноанклавтарда өзінің ерекше экономикалық ережелері қалып­тасуы тиіс. Меніңше, Қа­зақ­станда ондай топтар жоқ. Ал Қыр­ғыз Рес­публикасына келсек, бізде де этно­анклав жоқ. Бұл елдің оң­түстік ай­­­­мақтарында өмір сүре­тін өзбек­тер мен тәжіктер әдетте мах­ха­ладар құ­рып, сонда тұрады. Онда да эко­но­микалық тұрғыда тәуелсіз емес», – дейді қырғыз­стандық сарапшы. Қырғызстандық әріптесін әлеу­меттану ғылымдарының кан­дидаты Гүлмира Илеуова да қолдап отыр. «Негізі, бізде анклав жоқ. Бұлай атаған дұрыс емес, шиеленіс өрши береді», – дейді ол. «Жалпы, этносаралық тематика бойынша тезаурус нашар әзірленген. Кейбір ұғымдар дұрыс қолданылмайды. Сөйтіп, қоғамның қате ба­ғалауына алып ке­леді. Бұл жағдай анклав, диаспора ұғымдарына да қатысты», – деді Гүлмира Илеуова. Демек, Қазақстан жағдайында этноанклав ретінде сипатталып жүрген диаспораларға ат қойып, айдар тағу жөн болмаса керек. Әрі дүңген, ұйғыр, күрд, тәжік және өзбек этносынан басқа шоғырлана өмір сүретін этникалық топтар жоқ. Оның өзінде Жетісудан өзге аймақтарда этникалық азшылық­тың шағын аймақта шоғырланған мекені сирек. Тек қоғамда бұл та­қырыпты қоздырып, интернет арқылы ел арасында түрлі қауесет тарататындар көп. Оның үстіне, жергілікті басшылыққа, құқық қорғау органдарына деген сенім­сіздіктің тереңдегені сонша, эт­нос­­аралық татулықты сақтау бағытында жасалып жатқан жұ­мыс­қа күмән басым. Бәлкім, содан шығар, Жамбыл, Алматы, қазіргі Түркістан, бұрынғы Оңтүстік Қа­зақстан облысындағы бірқатар оқи­ға кезінде азаматтардың этни­калық негізде жедел мобилизация­ланғанына куә болдық. Комму­никация құралдары арқылы тара­тылған ақпарат адамдардың тез арада жиналуына себепші болды. Ал этникалық негізде жиналған топ­тардың арасындағы қақтығыс­ты тұрмыстық кикілжің қатарына жатқызуға болмайды. Мұндайда екі адамның арасындағы қатардағы көп ерегіс этносаралық сипаты бар жанжалға ұласып кетуі мүмкін.

Салғырттық ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз қаласында өткен жиында этносаралық қатынастар мәселесіне де тоқталғаны бар. Мем­лекет басшысы тиісті құры­лымдардың шабан қимылдауы ұлттық қауіпсіздікке қатер екенін айтқан. Ол Алматы облысы Пен­жім елді мекеніндегі кикілжіңді балалар арасындағы төбелестен шыққан жанжал ретінде бағалады. «Мектепте жай ғана төбелес болды. Бұған жол бермеу керек еді. Оқу­шылардың мектеп ішінде жүріп жарақат алуы – төтенше жағдай! Азаматтарымыздың наразылық білдіргені орынды, оларды түсінуге болады. Одан кейін жастар ара­сында бұзақылыққа жол берілді. Бірақ мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді. Дегенмен әрекет болмады. Ақпараттық кеңістікте осы оқиға этносаралық сипат ал­ды. Бұл жерде ешқандай да этнос­аралық жанжал болған жоқ! Алай­да елімізге қарсы араңдатушылар мен қаскөйлер аталған оқиғаны басқа сипатта көрсетті. Өкініштісі, құқық қорғау органдарының да, Президент Әкімшілігінің де та­рапынан мұндай араңдатушыларға қатысты еш әрекет жасалмады. Біз шара қолданбаймыз ба? Мұндай араңдатушылар еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Сондықтан осы оқиғадан дұрыс шешім шығаруымыз керек», – деді Президент. Сөйтіп, мемлекет басшысы ұлтаралық татулықты сақтау, этностар арасындағы ки­кілжіңдерді болдырмау ісінде ат­қарушы органдар қызметінің на­шар екенін айтты. Әйтпесе, бала­лар арасындағы төбелес немесе көршісін жолдан өткізбей қою сияқты кикілжіңдерді қоғам ұлт­аралық жанжал ретінде қабылда­мас еді.

Азаматтық ұлт қалыптастыра алмадық

Негізі, түрлі этнос шоғырланып өмір сүретін аймақтардағы тұр­мыстық кикілжіңдердің тез арада этникалық сипат алып кетуіне әлеу­меттік-экономикалық жағ­дайдың нашарлауы, жемқорлық, мемлекеттік басқарудағы олқы­лықтар әсер ететіні жиі айтылады. Соңғы кездері әлеуметтанушылар оған қоғамда «біз» және «олар» дей­тін түсініктің қалыптасқанын айтып жүр. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев бұл түсінік қақтығысты қоғамда лигитимдендіруге алып келетінін айтады. Сарапшы Қордай оқиғасы кезінде әлеуметтік желілерге зерттеу жүргізгенін және қолданушылардың басым көпші­лігі қақтығысты қолдағанын анық­тағанын айтқан. Ал әлеуметтанушы Қайрат Жаманқұлов Қазақстанға сырт көз ретінде қарайды. Қыр­ғызстандық сарапшы «біз» және «олар» түсінігінің кез келген қо­ғамда бар екенін айтады. Орталық Азияның кез келген тұрғынының санасында осынау іштей бөлінуге алып келетін ұғым сақталған. Тіп­ті, тұтас посткеңестік елдер мен Азияның көптеген аймағында бұл түсінік үстемдік құратын сыңайлы. «Біз және «олар» кез келген аудан, ауылда бар. Өйткені адам баласы бөлінуге құштар болып тұрады. Қа­зақтағы «ортақ өгізден, оңаша бұзау» дейтін мақал осы болмы­сымызды көрсетеді. Алайда қазақ элитасы ұлт қалыптастыруда ай­рықша тер төгіп келеді деп ой­лаймын. Тұтас қазақстандықтарды қазақтың төңірегіне топтастыруға талпынып жатыр. Ал Қазақстанда өмір сүретін орыс, ұйғыр, дүңген өзге мемлекеттің азаматымен тіл­дескенде бірден өзінің қазақстан­дық екенін байқатады. Бұл ерек­шелікті ескеру қажет», – деді қырғыз сарапшысы. Қысқасы, этникалық топтар шо­ғырлана өмір сүретін аймақ­тарға қатысты «анклав» атауын беру, мәселені этноанклав приз­ма­сымен қарау мемлекет құраушы ұлттың да, диаспоралардың да пай­дасына шешілетін қадам бол­май тұр. Сондықтан мұндай тер­миндерді қолданудан гөрі қоғам мүшелері неге өшін өзге этнос өкіл­дерінен алғысы келіп тұра­ты­нын, жемқорлықтың, сапасыз ме­неджменттің қандай зардаптарға ұрындыруы мүмкін екенін ескер­ген жөн шығар. Бірақ Қазақ­стан­дағы кез келген этнос өкілі гиб­ридті соғыс құралына айналып кетуі мүмкін екенін, оны тіпті өзі де байқамай қалуы ықтимал екенін ұмытпаған абзал.

Ардақ СҰЛТАН