Лаура Төлеубекқызы: Спорт дәрігерлерін ынталандыруға тырысамыз
Лаура Төлеубекқызы:  Спорт дәрігерлерін ынталандыруға тырысамыз
188
оқылды

Кез келген құрама командаларда кешенді ғылыми топтың болуы халықаралық тәжіри­беде бұрыннан бар құбылыс. Ал Қазақстанда ұлттық құрамаға аталған топ қызметкерлері осы­­дан төрт жыл бұрын ғана қосылды. Спортшылармен бірге тығыз жұмыс істеп жүрген ма­­ман­дар, олардың қызметі жайында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Спорттық ме­дицина және антидопинг департаментінің директоры Лаура Төлеубекқызымен сұхбат бары­сында білдік.

– Лаура Төлеубекқызы, құрама командалардағы кешенді ғылыми топ (КҒТ) мамандарының маңызы қан­дай? Аталған қызметкерлермен жұ­мыс істеуді қолға алған кезде қандай қиын­дық кездесті? – Бүгінде елімізде Олимпиада­лық спорт түрлерінен 44 ұлттық құ­рама команда 100-ден астам ке­шенді ғылыми топ маманымен қам­­тылған. Ұлттық құрама коман­да­лардың  спортшыларымен 39 дәрігер, 46 массажист, емдік дене­шынық­тыру жөніндегі нұсқаушы және бірнеше диетолог, психолог, мануальді терапевт, биомеханика жөніндегі үйлес­тіру­шілер жұмыс істейді. Мамандар 2 000-нан аса спортшымен жарыс және оқу-жат­тығу жиындарында бір­ге жүріп, денсаулығын қада­ғалай­ды. Спорт­шылар жарыс немесе жаттығу барысында жарақат алған жағдайда құраманың дәрігері алғашқы шараны қолданады. Медицина қызмет­керлері спортшылар сияқты жыл­дың 250 күнін үйі­н­ен жырақта, жарыс­тар мен жат­тығу базаларында өткізеді. Олар­дың жұмысы, атқа­ратын қыз­меті спорт түрлері мен спорт­шы­ларға байланысты әрқилы болады. Құраманы кешенді ғылыми топ мамандарымен қамтамасыз етуді қолға алған уақытта ең маңыз­ды мәселе жоғары дәрежелі спортшылармен жұмыс істеуге қабілетті, іссапарға шығуға келісетін мамандарды іздеу болды. Біздің мамандар тәулігіне 24 сағат ұлттық құрамамен бірге болып, команданың ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде бізде 107 КҒТ маманы жұмыс істейді және олардың барлығы өз жұ­мысына адал жандар. Бұл жағынан біздің де, спорт­шыларымыздың да жолы болды. Командаларға бұрын да медицина­лық қолдау болғанын жоққа шығармаймын, бірақ дәрігерлер мен массажистер бір ұйымда жұ­мыс істемеді және қазіргідей спортшылармен, командалармен бірге тұрақты іссапарға шықпады. Шық­қан күннің өзінде, барлығы­мен бірдей емес, елімізде басым­дық берілетін спорт түрлері бойынша кейбір спортшылармен жаттығу жиындары мен жеке жа­рыстарға ғана бірге барды. Әлемде барлық спорт құрамалары тұрақты түрде кәсіби медициналық қолдауға ие, ал бізде мұндай қолдау осыған дейін тек таңдаулы спорт түрлері мен спортшыларда болған. Ұлттық Олимпиадалық комитеті ұлттық құрамаларды дайындауды қолға алған сәттен бастап, біз бірден кешенді ғылыми топ өкілдері спортшылармен әрдайым және үздіксіз жұмыс істеуі керек екенін түсіндік. Еліміздің Олим­пиада­лық комитетінің жаңа бас­шылығы заманауи спортта тұрақты медицина­лық қолдауды қамтитын кешенді ғылыми топ маман­дары­ның кө­мегінсіз ірі жеңістерге жету мүмкін емес екенін жақсы біледі. Дәрігер­лер спортшылардың ден­саулығын бақылайды, жаттық­тыру­шылар құрамына функцио­нал­дық жағдайы және ұсынылатын оқу жүктемелері туралы ұсыныс береді, медицина­лық-биология­лық, сауықтыру және емдеу шараларын жүргізеді, сондай-ақ спорт­шылардың жүйелі тамақтануын, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарда санитарлық-гигиеналық жағдайын бақылайды. Барлық мамандар спортшылармен бірге жаттығу не жарысқа үнемі қатысады. Қажет болған жағдайда олар дереу кәсіби көмек көрсетеді. – Құрамадағы спортшылармен психолог мамандар қаншалықты еркін жұмыс істейді? – Кәсіби спортшыларды айт­па­ғанда, кез келген қарапайым аза­мат­қа психологиялық көмек қажет. Спортшылар – қарбалас, жауапкершілік пен психологиялық қысыммен жүретін адамдар. Жауап­кершілік жүгі ауыр болған­дық­тан, жарыс алдында немесе жарыс­тан кейін оларда әрдайым күмән, толқу, жарақаттарына байланысты үнемі стресс болады. Психологтер біздің командалардың оқу-жаттығу жиындарына белсене қатысады, спортшыларды, жаттық­тырушы­ларды, команда ішіндегі және спортшылар арасындағы жағдайды бақылайды. Біріншіден, олардың міндеті – спортшылар тарапынан туындаған сұрақтарға жедел жауап беру. Екіншіден, оқу-жаттығу жиындары немесе жарыстар кезінде спортшының жағдайы мен көңіл күйіндегі кез келген ауытқу, өзге­ріс­ті табу. Психологтер спорт­шы­ларға ақыл-ой жаттығу­ларын да жасатады. Олар зейінді, есте сақтау­ды, ойлауды диагностикалау, кор­рек­циялық-дамыту жұмыст­арын жүргізеді, шұғыл жарыс жағ­дайында спортшыларды психо­эмоционал­дық күйлерін басқаруға және реттеуге үйретеді. спорттық дәрігер Жалпы, спорт психологиясы­ның өзі біздің елімізде ғана емес, әлем бойынша жас ғылым саналады. Қазақстанда спорт психологтері дайындалмайды. Педа­гогика­лық және медициналық білімі бар психологтер бар, бірақ олар спорт психологиясы бойынша қайта даярлаудан өтуі қажет. Алдағы уақыт­та барлық команда бірдей психолог мамандарымен қамтама­сыз етіледі. – Ал диетологтер ше? Олар спорт­шылардың жеке қажеттілік­терін қаншалықты ескеріп жүр? Әрбір спортшыға стандартты норма қалай есептеледі? – 2019 жылы Олимпиадалық комитет ұлттық құрамалар мүше­лерін медициналық көмекпен ғана емес, биомедициналық өнімдер­мен, яғни спорттық тамақтанумен, кез келген дайындық және жарыс­тарда аса маңызды дәрумендермен қамтамасыз ете бастады. Диетологтер мен нутрициологтердің спорт­шылармен жұмыс істеу тәжірибесі бар, спорт түріне, дене құрамын бағалауға, жаттығу қар­қындылығы­ның дәрежесіне баса мән береді. Олар салмақ қосуға, салмақ жоғал­туға негізделген арнайы диеталық карталарды жасайды. Диетологтер ақуыздар, майлар, кө­мірсулардың, өнімдердің дәру­мендік-минералды құрамын ескере отырып, құрама командаларға ас мәзірін жасайды, ал оқу-жаттығу жиынындағы спорт дәрігерлері база­лардың осы ас мәзірін сақ­тауын қадағалайды. Командалар үшін спорттық тамақ­тану тізімін спорт дәрігерлері жасайды, оны тамақтану/диетология және спорт­тық медицина саласын­дағы сарапшылардан тұратын Сарап­тама­лық кеңес қарайды және бекітеді. Бірақ Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен белгіленген азық-түлік нормалары мен энергияны тұтыну мөлшері ұлт­тық құрамамыздың нақты физикалық белсенділігіне сәйкес келмейді. 2014 жылы бекітілген та­мақтану стандартына сәйкес, ауыр атлетика және су добы сияқ­ты спорт түрлері тәулігіне 5 700 кало­рияға дейін энергия жұмсай­тын спортқа жат­қызыл­ды. Шын мәнінде, бір сағат­тық жаттығу кезінде ауыр атлет­ші­нің 4 250 калория жоғалтуы мүмкін. Ал ауыр атлетика командасының күніне кемінде екі жаттығуы бар екенін ескеру керек еді. Сол сияқты су добы командасы екі жаттығуда 10 000 калориядан артық тұтына алады. Сондықтан тамақтану стандарттарын жаңартып, олим­пиада­лық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама мүшелеріне қатысты тиісті зерттеу жүргізіп, оларды жеке ка­те­горияға бөлу қажет. Біз бұл мә­селені бірнеше рет көтеріп, Мә­дениет және спорт министрлігіне тиісті ұсыныс жолдадық. – Кешенді ғылыми топтың жұмысында мамандарды даярлаудан басқа қандай кедергілер бар? – Басты мәселе – спорттық ме­дицина қызметкерлерінің жұ­мы­сын реттейтін нормативтік құжат­тарды жетілдіру. Жоғарыда айтқа­нымдай, бұрын мұндай тәжірибе болмаған, сәйкесінше заңнамалық өзгеріс қажет. Бүгінде біздің кешенді ғылыми топтардың жұмыс тәртібі реттелмеген. Медициналық қыз­метке лицензия кеңсенің орналас­қан жері және қызмет көрсету орны бойынша жүзеге асырылады. Бірақ біздің мамандар барлық дәрігерлер сияқ­ты өз кабинеттерінде отырмайды, олар­дың жұмысының өзі үнемі спорт­шыларға негізделген. Сон­дықтан КҒТ мамандарын лицен­зия­лау қазір күн тәртібінде тұрған ең маңызды проблемалық мәселе­лердің бірі.Біздің дәрігерлер кли­ника­лық қызметке жіберу құқығын беретін маман ретінде сертификат­талған. Сондықтан аталған маман­дар­ға спорттық ұжымдармен жұ­мыс істеу кезінде өз міндеттерін орындау құқығын беретін құжатты берген жөн. Тағы бір маңызды мәселе – еңбекті материал­дық ынталандыру. Ешкім күтпеген пандемия бүкіл әлемге барлық дәрігерлердің маңызды екенін ай­қын көрсетті, ал біздің мамандар бар­лық спорт­шылардың денсау­лығын сақтауды бірінші болып қамтамасыз етті. Сондықтан біз еңбекке лайықты ақы төлеуге және спорт дәрігерлерін ынталандыруға тырысамыз. спорт дәрігері – Пандемия тақырыбын қоз­ғап қал­дыңыз. Біз Олимпиада ойын­дарының қандай жағдайда өт­кіз­іл­генін, командалардың қалай дайын­далғанын көрдік. Мұн­дай оқиға бәрінің, соның ішін­де спортшылар, спорт дәрігерлерінің тәжірибесінде бірінші рет кездесті. Спортшы­лардың вирусты жаппай жұқтыр­мауы үшін қандай шаралар қабыл­данды? – Иә, мұндай жағдай бәріміздің тәжірибемізде бірінші рет кездесті, өз кезегінде біз де жағдайға байланысты жылдам шешім қабылдап отырдық. Басты міндет – команда­лардың көпшілігі шетелдік оқу-жаттығу жиындарында немесе жарыстарда болғандықтан, барлық құраманы елге аман-есен қайтару болды. Ақпан айында ҰОК жанынан Жедел штаб құрылды. 2020 жылдың 16 наурызына дейін штабтың шешімімен COVID-19 қаупі жоғары елдерден Қазақстанға 39 ұлттық құраманың 619 спортшысы қайтарылды. Уақытында қабылданған шаралар және үздіксіз ПТР-тестілеу пациенттерді дер кезінде анықтауға, оларды басқа ұжымнан оқшаулауға, тиісті емдеу шараларын жүргізуге және командаларда COVID-19 таралуы­ның алдын алуға мүмкіндік берді. Жұқ­тыру қаупіне қарамастан, аралық аймақтарда жанқияр­лықпен қалып, бақылау мен емдеуді жалғастырып, басқа топ мү­шелерін онлайн бақылауда ұстаған дәрігерлерімізге мың алғыс. Негiзгi жұмыстармен қатар, ұжымның санитарлық-эпи­демиологиялық қауiпсiздiгiн де мойнына артқан бригада дәрi­гер­лерi­нiң атқар­ған жұмыстары аз емес. Біз штаб­тың осы кезеңдегі жұмысын оң бағалай­мыз, өйткені біз пандемия бастал­ған кезде де, қазір де ұжым­дардың жаппай жұқтырудан сақтап қалдық. – Әңгімеміздің соңын сіз басқаратын департаменттің алдағы мақсат-жоспарымен түйіндесек... – Біздің алға қойған мақсат-жоспарымыз көп. Солардың бірі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарса­ңын­да ұлттық құрама коман­да­ларының спортшылары үшін (негізгі және резервтік командалар үшін) бірыңғай электронды деректер базасын құруды жоспарлап отырмыз. Онда біз олардың негізгі деректерін – спорттық жетістіктерін, физикалық жағдайын, UMO/KFT нәтижелерін, допингке қарсы күресті күшейтеміз. Бірақ шынын айту керек, бүгінде біз кешенді ғылыми топтарымыздың қызметі үшін аз болса да жағдай жасауға және спортшыларымызға сапалы медициналық қолдау көр­се­туге тырысамыз. Өйткені қыз­мет­ті реттеу, лицензиялау, тіпті «спорттық медицинаны» жеке санатқа енгізу сияқты мәселелер қазіргідей Ұлттық Олимпиадалық комитеттің қарауында болмауы керек. Мысалы, ҰОК Мәдениет және спорт министрлігінің меди­циналық тексерулер туралы бұй­рық­тарына түзетулер енгізуге бастамашы болды және арнайы оқу-жаттығу жиындары кезінде кешенді функционалдық тестілеуді енгізді. Саладан хабарсыз адам үшін бұл соншалықты маңызды емес болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл спортты дамытудағы, жалпы алғанда жаһандық бәсекелестіктің күшеюі аясында біздің спортшыларды дайындау үдерісіндегі үлкен қадам. Жетекші спорт елдерінде спортшылардың функционалдық жағдайын кешенді диагностикалау спортшыларды дайындау процесін жоспарлау мен басқарудың ең маңыз­ды құралы ретінде қарас­тырылады. Өйткені ол спортшы­ның күшті және әлсіз жақтарының объективті бейнесін анықтауға, спорт­шының үлгерімі мен жаттығулары­ның тиімділігіне жүйелі бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бірнеше жыл қатарынан шетелдік мамандарды тарта отырып, ғылыми семинарлар, біліктілікті арттыру курстарын өткізіп, мамандарымыздың білім деңгейін көтеруге тырысамыз. Тағы бір айтарым, ҰОК арқасында жасалған өзгерістердің өзі спорт­шы­лардың өздеріне де сезіліп отыр және біз үшін жұмысымызды жал­ғастыру өте маңызды. Тәуелсіз­дігіміздің 30 жылдығы қарсаңында осы бастамамызды әрі қарай жалғастырып, әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғайтын спортшыларды дайындауға септігімізді тигізгіміз келеді. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ