Субсидия сергелдеңге салып тұр
Субсидия сергелдеңге салып тұр
327
оқылды

Бөлінген субсидияның мақсатты жұмсалуын прокуратура тарапынан тексеру ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін тен­тіретіп қойды. Құжаттары мақұлданып, берілген субсидия қар­жысын қайтаруды талап еткен құзырлы органдармен ке­ліспеген шаруалар Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасына жүгінді.

Бұл мәселе Кәсіпкерлер құқығын қор­ғау және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл жөніндегі кеңестің оты­рысында қаралды. Прокуратура тексеру жүргізгеннен кейін инвестициялық салымдар кезінде жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу мақсатында фермерлерге субсидия беруді заңсыз деп таныды. Құзырлы орган олардан берілген қаражатты қайтаруды талап етті. Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында қа­ралған жиында сөз алған «Атырау-Сауда» ЖШС директоры Әлімжан Балжігітовтың айтуынша, 2019 жылы облыстық Ауыл шаруашылығы бас­қармасына жылыжай құрылысына жұмсалған шығындарды өтеу үшін субсидия алуға өтініш берген. Құжаттар қажетті рәсімдерден өткеннен кейін оларға 108,4 млн теңге мөлшерінде субсидия бөлінген. Қаражат мақсатты жұмсалған. Дегенмен биыл мемлекеттік орган, прокуратураның тексеру қоры­тын­дысына сілтеме жасай отырып, кәсіп­керден берілген қаражатты қайтаруды сұрады. «Жарты жылдан бері Ауыл шаруа­шылығы басқармасы мен прокуратура мазалап келеді. «Жылыжайды заңсыз жалға беріп отырсың, одан қалса жо­балық қуатты орындай алмай отыр­сыздар» деген негізсіз байламдар айтты. Бұл мәселені шешу үшін заң компа­ниясын жалдауға тура келді, олар менің барлық әрекетімнің заңдылығын дә­лелдеді. Енді олар субси­дия беру кезінде жобалық-сметалық құжаттама дұрыс рәсімделмегенін, сондықтан қаражатты қайтаруым керек екенін айтты. Бірақ Ауыл шаруашылығы басқармасы барлық құжатты қабылдап алды ғой, енді біршама уақыт өтіп кеткен соң неліктен өндіріске салынған ақшаны қайтаруым керек? Субсидияны қай­таруға мүлде келіспеймін», – деді «Атырау-Сауда» ЖШС директоры Әлімжан Балжігітов. Ал «Атырау – Сауда» ЖШС-ның жы­лыжайы жұмыс істеп тұр. Онда еңбек ететін 30 адам шаруашылық көкөністің төрт түрін өсіріп, өз ауданында сатып жатыр. Субсидияны қайтару қажеттілігі туралы талаппен «Сағиева» ЖК өкілі Бауыржан Садықов та келіспейді. 2019 жылы шаруашылық қызмет­керлері әрқайсысы 2 тонна өнімге есептелген 4 көкөніс қоймасын салды. 135 млн теңгеге қоймаларға тоңазытқыш қондырғылар сатып алды. – Біз құжаттарды жинап, мемле­кеттен тиесілі 33,5 миллион теңгені ал­дық. Комиссияның қарауына жіберіл­ген құжаттар тізімінде «Құрылыс Кон­салтинг» ЖШС дайындаған сарапта­малық қорытындымен қоса, қажетті мәліметтің бәрі қамтылған. Қазір бізге сараптама қорытындысы дұрыс жасал­маған, сондықтан субсидияны қайтару керек деп жатыр. Бірақ біз келіспейміз. Комиссия барлық құжатты қабылдап, қарап, мақұлдады, бізге қандай талап болуы мүмкін? – дейді шаруа қожа­лығының өкілі Бауыржан Садықов.

Кәсіпкерлерде кінә жоқ

Атырау облыстық прокуратурасы­ның аға прокуроры Әділет Нұрбаевтың айтуынша, екі жағдайда да ауыл шаруа­шылығы өндірушілері бірдей заңбұзу­шылыққа жол берген. Олар қаржының қалай жұмсалғаны туралы егжей-тегжейлі көрсетілген жобалық-смета­лық құжаттаманы ұсынуы тиіс болған. – Алайда бұл жерде кәсіпкерлердің кінәсі бар деп есептемейміз. Қаржыны бермес бұрын мемлекеттік мекеме бұл құжаттардың бар-жоғын қамтамасыз етуі керек еді. Еліміздің өзге өңірлерінде де байқалған бұл мәселені шешу үшін бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов Бас прокуратураға жүгінді. Шағым қоры­тындысы бойынша, қаражаттың мақ­сат­ты жұмсалғанын растайтын барлық құжат ұсынылғаннан кейін кәсіп­керлерге қатысты мәселе жабылады, – деді А.Нұрбаев. Жиынға қатысқан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас­шысы Амангелді Саламат барлық заңды талаптарды сақтай отырып, фермерлерге субсидия берілгенін атап өтті. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасында бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізетін кадрлардың жетіспейтінін мойындаған Амангелді Саламат: «Біз барлық талапты сақтай отырып, төлем жүргіздік. Сараптама қорытындысының заңдылығын немесе жобалау-сметалық құжаттаманы тексеру біздің құзыры­мызға кірмейді. Бұл сараптамалық ұйымның және кәсіпкердің жауап­кершілігі», – дейді. Жалпы, инвестициялық субси­дия­лар бойынша ақпаратқа келетін болсақ, биыл облыстағы субсидия мөлшері 1 млрд 818 млн теңгені құраған. Бүгінге дейін ол соманың 185 млн теңгесі ғана игерілді. Себебі бірқатар нысанды тапсыру мерзімі келесі жылға ауыстырылып, субсидиялау бойынша кейбір бағдарламаның күші жойылған.

Мәселе туындамайтын жағдай жасалуы тиіс

Атырау облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғауға уәкілетті сектор меңгерушісі Сәрсенбай Жолдыбаевтың пікірінше, субсидия­ларды тексеру кезінде көбіне аз ғана формальды бұзушылықтар теріс рөл атқарады деуге болады. Міне, осыны жөндеп, қаражатты қайтаруға жеткіз­бейтіндей қырағылық қажет. Себебі кәсіпкерлердің әрекетінде пайдакү­немдік ниет жоқ және қаражат мақсатты жұмсалған. «Статистикаға сәйкес, 2019 жылы сот органдарына субсидияларды қай­тару мәселесін шешуге байланысты екі арыз, 2021 жылы 94 миллион теңгеден астам сомаға 8 талап-арыз түскен. Бізге кейін бизнеске зиянын тигізбейтін мемлекеттік субсидияларды берудің нақты тетігі қажет», – дейді С.Жол­дыбаев. Кеңес қорытындысы бойынша, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасына Ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, мемлекеттік субсидиялар беру тетігіндегі кемшіліктерді жойып, олар­ды одан әрі проблемалық мәселелердің республикалық тізіліміне енгізу үшін ұсыныстар әзірлеу ұсынылды.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы