Қарағанды қаласында Абай шахтасында қайғылы оқиғаға байланысты брифинг өткізген ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
«Өкінішке қарай, Қарағанды өңіріндегі көмір бассейнінің кез келген шахтасында метан көп кездеседі. Бұған дейін де аталған шахтада метанның тарауы болған. Бірақ концентрация шекті мөлшерден аспайтын. Метанның үлесі 5-тен 16 пайызға дейін артқанда қауіп туындайды. Соның салдарынан жарылыстар болып, өрт шығады. Осыған дейін де айтқанымдай, бұл жолы метан кенет тараған. Оның ауадағы үлесі 40 пайыздан асып кеткен. Сигнал жүйесінің арқасында электр қуатын беру тетігі уақытында ажыратылып, шахтада өрт тұтанбаған», - деді министр.https://www.youtube.com/watch?v=zcq7p0fPrG4&feature=youtu.be Юрий Ильин қаза болған кеншілердің денесі сот сараптамасынан өтетінін де айтты. Қазір ауаны сорып, газсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ертең таңертеңнен бастап комиссия мен тергеу тобы жұмыс істейді. Комиссия құрамына түрлі ведомстволардың, соның ішінде Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Еңбекті қорғау, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау бөлімшелерінің өкілдері және АМТ компаниясының өкілдері кіреді. Оның айтуынша, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын күдіктілер тобы қазірдің өзінде бар. Бұған дейін полиция қылмыстық іс қозғаған.