Биыл ауданда 9 айда жалпы өңірлік өнім көлемі 140 млрд теңгеге жетсе, оның 59 пайызы ауылшаруашылығы саласына тиесілі. Бұл туралы брифингте аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков мәлімдеді.
Ауылшаруашылық саласының барлық түрін жетік игерген ауданда жылдан-жылға мал бордақылау алаңдары да артып келеді. Айталық, қазірдің өзінде аудандағы 1 012 мал бордақылау алаңы бір мезетте 42 мың бас малды қамтуға қауқарлы. Облыс бойынша биыл 9 айында 22 мың тонна ет экспортталған болса, оның 9 250 тоннасы (42 пайыз) Сайрам ауданына тиесілі. Яғни, аймақ мал бордақылаудан облыс бойынша көш бастап тұр.«2021 жылдың 9 айында ауылшаруашылығында 82 млрд теңгеге жуық өнім өндірілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бір жерден жылына екі өнім алу жобасы аясында бірінші айналымда 267 шаруашылықта жалпы көлемі 274 гектарға жуық жерге, екінші айналымда жалпы көлемі 260 гектар жерге егістік егілген. Бүгінгі таңда 5 мың тоннаға жуық өнім алынды. Есепті кезеңде ет өндірісі – 12 пайызға, сүт – 5 пайызға, жұмыртқа 6 пайызға артты», – деді Ұласбек Сәдібекұлы.
Айта кетерлігі, Сайрам ауданындағы 42 елді мекенде 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен және 42 елді мекеннің бүгінгі таңда 31 елді мекені табиғи газбен қамтылған. Яғни, газбен қамту 74 пайызға жетіп отыр.