Қаскелеңде полицейлер танысын өлтірді деген күдікпен 32 жастағы ер адамды ұстады. Ол қазір қамауға алынды, – деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Ер адам ауруханаға көптеген жарақатпен және ми жарақатымен жеткізілді. Бірақ есін жимастан қайтыс болды. Қайтыс болған адам Алматының 36 жастағы тұрғыны болып шықты.«6 қарашада жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 32 жастағы тұрғынды ұстады. Оның айтуынша, қайтыс болған адамның туған күнінде ол әйелінің көңілдесі екенін біліп қалған. Осыдан кейін ол үйіне келіп, видеокамераның алдында әйеліне жасайтын ісі туралы баяндаған. Ары қарай әйелінің көңілдесін бетпе-бет әңгімелесуге шақырады. Дәл осы жерде қолындағы балтамен шабуыл жасап, қарсыласын бірнеше жерден жарақаттады» делінген хабарламада.Күдікті осыған дейін 2014 жылы абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін жауапқа тартылған болатын. Ұсталған азамат қазір уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қылмыс жасаған құралы алынып, заттай дәлел ретінде қылмыстық іске қоса тігіледі. Факті бойынша тергеу ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі (Кісі өлтіру) бойынша тергеу жүргізілуде.