Ішкі істер министрлігі Ақтау қаласындағы дәмханада болған жарылыстың алдын ала себебін айтты, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy. ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің сөзінше, жарылыс туралы дабыл 7 қарашадан 8-іне қараған түні түскен. Жарылыс кезінде кафе жабық болған.
«Бірінші нұсқа – қысқа тұйықталу, әдетте электр сымымен байланысты, ал екіншісі – газ баллонының жарылуы. Әзірше осындай екі нұсқа бар. Бұл оқиғада қылмыстық сипаттағы нұсқа алынып тасталады. Әділет министрлігінің, сот сараптамасы орталығының сарапшыларымен және ТЖ қызметкерлерімен, әкімдік өкілдерімен бірге жүргізіліп жатқан оқиға орнын тексеру жұмыстары адам өлімі жоқ екенін, ешкім жарақат алмағанын көрсетеді», – деді ол.Департамент бастығының мәліметінше, жарылыстан кешен маңында орналасқан сауда үйі мен асхана қираған.
«Бірнеше автокөлік, жақын маңдағы ғимараттар қирады. Шығынды анықтап жатырмыз. Зардап шеккендер жоқ, ешкім осы жарылысқа байланысты ауруханаларға барған жоқ. Бейнежазбалар бойынша оқиға орнын тексеруге жедел тергеу тобы құрылды. Қазір зардап шеккен адамдардың санын, олардың көліктерін, құнды заттарын нақтылау бойынша шаралар қабылдап жатырмыз. Сауда үйінде дүкендер де болды, осы бағытта жұмысты жалғастырамыз, жарылыс салдарынан зардап шеккендерден Маңғыстау облысының Полиция департаментіне немесе 102 телефоны бойынша хабарласуды сұраймын. Өңірде жедел-тергеу тобы жұмыс істейді. Бәрінен жауап аламыз, залал сомасын нақтылаймыз, зардап шеккендерге қатысты қылмыстық заңнамада көзделген тергеу әрекеттерін жүргіземіз», – деп атап өтті Әділов.Маңғыстау облысы ТЖҚ мәліметінше, 10 автокөлікке зиян келген. Олардың қатарында:
- Toyota Tundra;
- Toyota Camry;
- Lexus RX 350;
- Toyota Camry;
- Nissan Primera;
- Daewoo Nexia;
- Kia Rio;
- Mitsubishi Galant;
- Kia Sorento;
- Toyota Land Cruiser Prado.