Парламентаралық ынтымақтастық арта бермек
Парламентаралық ынтымақтастық арта бермек
341
оқылды

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев біздің елімізге ресми сапармен келген Польша Республикасы Сенатының Маршалы Томаш Гродзкимен кездесті.

Тараптар екі ел арасында жоғары деңгейде сенімді диалог орнағанын және оны Қазақстан мен Польша парламенттерінің байланыстары бойынша  қолдау мен ілгерілету де маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстан Сенаты Польша Сенатымен парла­ментаралық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі болып отыр. Қазақстан Парламентінің екі палатасында Польшамен ынтымақтастық жөніндегі топтар жұмыс істейді. Польша Парламентінде Қазақ­станмен достық тобы қызмет етуде. Біз алдағы кезең­де түрлі сипаттағы бірлескен іс-шаралар ұйым­дастыра аламыз. Бұл біздің өзара екіжақты іс-қимылымызға жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата Төрағасы әңгіме барысында Қазақстан Парламенті Сенатының қазіргі қызметі, атап айтқанда Мемлекет басшысының саяси реформаларын іске асыруға бағытталған заң шығару жұмыс­тары туралы да айтты. Жүздесушілер сауда-экономикалық ынтымақ­тастықты, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені, көлік, логистика, фармацевтика, құрылыс, машина жасау, туризм және басқа да келешегі зор салалардағы екіжақты қатынастарды нығайтудағы парламентшілер жәрдемінің маңыздылығын атап өтті.

Ж. НҰРЛАН