«Шетелдік» көліктер жолда қауіпті ме?

«Шетелдік» көліктер жолда қауіпті ме?

Қазақстанда ресейлік мемнөмірлі көлік­тер­ді аулау жүріп жатыр. Мысалы, Ресейде есепте тұрған бір көліктің Алматы облысында 5 миллион теңгеден астам сомаға жол қозғалысы ережелерін бұзғаны анықталды.

Алматы облысында автоматты режимде жұмыс істейтін, сертификатталған арнайы бақылау-өл­шеу техникалық құралдары мен аспаптары Қазақ­стан аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзған, бірақ елде уақытша тіркеуі және сақтандыру міндеттемелері жоқ шет мемлекеттердің 92 авто­көлігін тіркеді. Оларға жалпы сомасы 42 миллион 442,3 мың теңгеге әкімшілік айыппұл салынған.
– Мысалы, Ресейдің ВАЗ-2114 маркалы авто­көлігі­нің қатысуымен жалпы сомасы 5 миллион 817 мың теңгеге 184 әкімшілік құқықбұзушылық жасалды. Полиция департаментінің ӘПБ әкім­шілік тәжірибе бөлімінің қызметкерлері ол көлікті ұстап, Қаскелең қаласының арнайы автотұрағына қойды. Автокөліктің жүргізушісі Әкімшілік құ­қық­бұзушылық кодексінің 590-бабының 2-бөлігі (Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті Алматы облысы ПД ӘПБ ӘТБ бас­тығы Саят Ибраимов.
Жалпы алғанда, ұсталған көліктерге жалпы сомасы 10 млн теңгеден астам айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Белгіленген тәртіпте тіркелмеген көліктерге кодекстің 590-бабының 2-бөлігі бойынша қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.

Ерік ЕРДЕНОВ