Азапқа толы Жарқайың жолы
Азапқа толы Жарқайың жолы
288
оқылды

Ақмола облысының Жарқайың ауданында жол азабын тартқандар көп. Жақсы ау­­­данындағы Қима ауылы мен Державин қаласын қосатын қара жолға шыққан әр жо­лаушы басын бәйгеге тігіп шығады. Өйткені бұралаң жолдың беткі қабаты ау­дары­лып-төңкерілген күйі ойлы-шұңқыр болып қалған. Әсіресе, қысқы қалың қар мен күзгі жауын-шашын кезінде көлік жүріп болмайды. Батпаққа бауырлай батқан көлік­тер онсыз да жырым-жырым болған жерді мидай езеді.

Жолға осыдан екі жыл бұрын қомақты қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары басталыпты. Алайда жұрт зарыға күткен жолдың қыр­тысы екі жақ қапталына қопа­рылып алынған күйі тұр. Ашын­ған халық ауыр жанайқайын айтпаған жері қалмаған. Бірақ миллиардтарға келісімшарт жа­салған жолдың әлі қанша уақыт жұртшылықтың жанына бата­тыны беймәлім.

Жауын-шашында малтығып батып жатамыз...

Далабай ауылы мен Жарқайың ауданының орталығы Державин қаласының арасындағы жолға күрделі жөндеу осыдан екі жыл бұрын басталған. Айналасы 38 ша­қырымға созылған жол содан бері сағызша созылып келеді. Ойлы-шұңқыр жолда жүрген жұрттың көліктері бұзылып, тіпті жолдан аударылып түсуге шақ қалады. «Осымен үшінші жыл болды. Жергілікті билік біздің зарымызға құлақ асар емес. Үш жыл бойы жолымыздың ойраны шықты. Жаз бойы жол бойында жөндеу жасап жатқан бір де бір ауыр арнайы техника көрмедік. Ал аударылып, төңкерілген ескі жол­дың қыртыстары сол күйі шашы­лып жатыр. Жол жүру аса қауіпті. Тіпті, мұны жол деп айтуға да ауыз бармайды. Өйткені жол жоқ, асфальт беті түгелдей қырылып алынып тасталған. Бірнеше рет, тіпті көліктер жолдан ауып, ауда­рылып түсе жаздаған оқиғалар да болған. Жауын-шашын кезінде немесе қыста қар қалың түскен кез­де мүлде жол болмайды. Жөн­деу немесе айналма жол арқылы жүру қажеттігі туралы еш белгі де жоқ. Әсіресе, жауын-шашын ке­зінде малтығып батып жатамыз. Жолда жүріп, көлігі сынғандар көп. Жылдар бойы зардап шегіп келеміз. Бірақ жергілікті биліктің назарына еш ілігер емес», – дейді Жарқайың ауданының тұрғыны Олег Гусейнов. Жол жөндеу мәселесін Жар­қайың ауданы әкімдігінен білмек болдық. Бірақ аудан әкімі жолдың облыстық маңызға ие екенін ай­тып, оған тек облыстық басқар­маның ғана құзыреті жететінін жеткізді. жол «Жолға жалпы уақыты 3 жыл­ға жоба жасалған. Жұмыстар то­лығымен облыстық Жол басқар­масының бақылауында болуы тиіс. Біздің құзыретімізге кір­мейді. Дегенмен бізге халық жиі келетіндіктен жолды тезірек бі­ті­ріңіздер деп аудан әкімдігі де, мәс­лихат депутаттары да хат жа­зып жатырмыз», – дейді Жар­қайың ауданының әкімі Жан­болат Хамитов.

Басқарма мердігер компанияны сотқа бермек...

Жақсы-Державинск арасын­дағы жолдың жалпы ұзындығы 140 шақырымға созылып жатыр. Об­лыстық маңызға ие жолдың Да­ла­бай ауылынан Державинск қала­сына дейінгі аралығындағы жолға орташа жөндеу жасалуы тиіс бол­ған. Бөлінген қаражат көлемі де қомақты. Алайда екі жылдан ас­қан жолдың жыртығы бүтінделер емес... «Орташа жөндеу жұмыстары өткен жылдың басында басталған. Келісімшарт бойынша бюджет қоржынынан 1 миллиард 600 мил­лион теңге қарастырылған. Мер­ді­гер «Ақмола құрылыс мате­риал­дары» компаниясына алғаш­қы 400 миллион теңге бөлінген. Бірақ күні бүгінге дейін тек соның жартысын 220 миллион теңгені ғана игерді. Осы жылы ұзындығы 9 шақырым­дық жолдың ой-шұңқырын түзетуі тиіс болған. Алайда жұмыс сылбыр жүріп, күні бүгінге дейін биылғы жұ­мыстары аяқталған жоқ. Келі­сім­шарт міндеттемелеріне сәйкес жұмысты толығымен 2022 жылы аяқтау жоспарланған. Басқарма қысқы уақытта жол қозғалысын айналма бағытта ұйымдастырмақ. Жолды тазарту жұмыстары тұ­рақты негізде жүргізіледі. Сон­дай-ақ басқарма мердігер ұйымға жұ­мысты осы жылы аяқтау қа­жеттігі туралы кінә қою хаттарын жол­даған. Аталған талаптар орын­дал­маған жағдайда мердігер ком­па­нияға қатысты сотқа талап арыз бе­рілетін болады», – дейді Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­масының басшысы Вла­димир Кулаков.

P.S. Сонымен, айналасы 38 ша­қырым ғана жолдың қашан аяқ­талатыны әзірге беймәлім. Ауда­рылып-төңкеріліп жатқан жолдың биыл аяқталмайтыны айтпаса да түсінікті. Халықта келер жылы да азапқа толы жолмен жүреміз бе де­ген күдік басым. Ал бөлінген мил­лиард­тан астам қаражат әлі де болса игерілмей жатқаны күмән туғызады. Сылбыр әрекетті мерді­герге заңның қауқары жете ме? Мәселенің түйіні қалай тарқаты­лады? Бұл алдағы күннің еншісіне тиіп тұр...

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы