Мұз құрсауында қалып кеткен аққуды құтқарды
Мұз құрсауында қалып кеткен аққуды құтқарды
Фото: inform.kz
153
оқылды

Құтқарушыларға Петропавл маңындағы көлде екі аққудың қалып қойғанын тұрғындар хабарлаған.

Құтқару бөлімінің бас құтқарушысы Данияр Бәділов: «Қазір көлдің бетіне шығу өте қауіпті. Мұндай уақытта мұздың қатқанын күтетінбіз. Қазір мұздың қалыңдығы небары – 6 см. Әп-сәтте ойылып кетуі мүмкін. Арнайы шанамыз бар. Екеуміз мұз бетіне шықсақ, екі құтқарушы жақын жерде көмек беруге дайын тұрады. Мұз құрсауында қалған екі аққудың біреуін ғана ұстадық. Екіншісі ұшып кетіп, қамыс арасына жасырынды. Жылда осы уақытта жылы жаққа ұша алмай қалған жабайы құстарды құтқарамыз. Былтыр 11 аққуды мұздан алып шықтық», – деді.

СҚО орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспаловтың айтуынша, 2017 жылы 16 құсты құтқарған. Көбінесе, қанаты қатайып үлгермеген балапан құстар қалып қояды. Аймаққа жазда 4 мыңнан астам аққу келеді. Тобынан қалып қойған жыл құстарын мамандар қамқорлыққа алып, қыстан аман-есен шығуын қадағалайды.