Бір қылмыскерді бақылау үшін Ішкі істер министрлігі ай сайын 10 мың теңге жұмсайды. Жалға алынатын ақылды құрылғы келесі жылдан бастап пробациялық есепте тұрған педофилдерге салынады. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Елімізде алғаш рет электронды білезік былтыр қолданысқа енгізілді. Алаяқтық, жемқорлық ісі бойынша үйқамақта отырғандар тақты. Ал биыл пилоттық жоба ретінде арнайы құрылғы жеті педофилді бақылауға алды. Министрлік жыл соңына дейін 80, келесі жылдан бастап 330 адамға осындай құрылғыны тақпақ. Бұл – қылмыскерлер балаларға сексуалдық зорлық-зомбылық жасамаған, жеңіл баптар бойынша сотталғандар. Білезіктің арқасында полицейлер пробациялық шарттарды бұзғандарды анықтап отырады. Екі рет заң бұзғандарды темірторға қайта қамайды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы бір жарым жылда кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс саны артқан. Еліміздің бас полицейі бұған карантинді кінәлайды. Статистика бойынша, зорлаушылардың 70 пайызы – зардап шеккендердің жақын туыстары. Сондықтан Ішкі істер министрлігі бұл мәселені жан-жақты шешуді ұсынады.Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев: «Зорлаушылардың 20 пайызы әкесі немесе өгей әкесі, сонымен қатар баланың анасымен бірге тұратындар. Педофилдердің 50 пайызы – зардап шеккендердің жақын туысы. Тағы бір талдауда балалардың жыныстық білімінің жоқ екені анықталды. Зардап шегушілердің 30 пайызы жыныстық қатынасқа келісіммен түседі. Бұл – жасөспірімдер. Зорлаушы да, зорланушы да. Біз қоғаммен бірге балалардың жыныстық білімін мектептерде ғана емес, әлеуметтік желілер де арттыруымыз керек», – деді.
Бұған дейін Сәтбаевта кішкентай қызға зорлық көрсеткен педофил туралы жазған болатынбыз.