Көкшетауда мектеп оқушыларының ұялы телефондарына WhatsApp-тан «Кальмар ойынына» шақырған хабарламалар мен қоңыраулар түсе бастады. Балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ойын жайлы Көкшетау қаласының Білім басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Қалалық Білім басқармасы ата-аналарды кейінгі кезде аса танымал болған ойынның әлеуметтік желілерде кеңінен тарала бастағанын айтып, сақ болуға шақырды. Ойын Оңтүстік Кореяның қаржылық қиындықтарға тап болған адамдардың аралға барып, өлімге дейін апаратын «Кальмар ойыны» сериалы негізінде жасалған.
«Қазір барлық әлем балалары осы сериалдағы кейіпкерлерге ұқсағысы келетіндер көбейген. Көкшетау қаласында да осындай фактілер бақыланып жатыр. WhatsApp қосымшасынан ойын ойнауға ұсыныс білдірген хабарламалар немесе +7(747)095-39-00 телефонынан қоңырау шалып, «Кальмар ойынын» ойнауға ұсыныс жасайды», - дейді қалалық Білім басқармасынан.Қалалық Білім басқармасы ата-аналардан аталған сериалды көруді шектеп, ойын мен манипуляцияның арасында айырмашылық жайлы түсіндіруді өтінеді.
«Аталған фактілерді анықтаған жағдайда дереу «102» телефонына хабарласуды өтінеміз. Аталған мәселе Көкшетау қалалық Полиция басқармасының да бақылауында тұр», - деп толықтырды қалалық білім бөлімінен.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы