Қызыл империя «серкелері» әлі тұр
Қызыл империя «серкелері» әлі тұр
339
оқылды

Алматы – Тәуелсіздік бесігі. Себебі осыдан 30 жыл бұ­рын алғаш рет Кеңестік одақ құрамынан шығып, жеке ел болу туралы декларация осы шаһарда қабылданды. Өкінішке қарай, осындай тарихи маңызға ие шаһарда әлі күнге келмеске кеткен кеңес қайраткерлерінің мүсіндері тұр. Неге?

Одан кейін де егемендікпен бірге елге жаңаша идеологиялық көзқарас қалыптасты. Осы кезеңде ескерілмей қалған тұстар да бар­шылық. Соның бірі – бүгін біз айт­қалы отырған тәуелсіз Қазақ­стан­ның саясатына үш қайнаса сор­па­сы қосылмайтын кейбір тұлға­лар­дың ескерткіш мүсіндері қаланың әр жерінен бір кездесіп қала беретіні. Алматыда «Астана алаңы» деген орын бар. Оны қаланың кейбір тұр­­ғындары «ескі алаң» деп те атай­ды. Себебі сол жердегі қазіргі Қазақ-Британ университетінің ғимараты бір кездері Үкімет үйі болған. Ке­йінірек ел астанасы қа­зір­гі Нұр-Сұлтанға көшкенге дейін бұрынғы Жоғарғы кеңес мүшелері отырған. Дәл сол ғимараттың ішін­де жоға­рыда айтқан Тәуел­сіздігіміз туралы тұңғыш қасиетті де қастерлі дек­ларация қабылданған. Бұның бәрін не үшін тәптіштеп айтып отырмыз? Себебі қазір осы ғимараттың арт жағындағы әсем саябақтағы аллеяда кешегі Ке­ңестік қызыл империяның көш­бас­­шыларының бірі болған М.Фрун­зе, Д.Фурманов, В.Куй­бышев сияқты тұлғалардың ес­керт­­кіштері әлі күнге дейін мызғы­мастан сап түзеп тұр. Бұл ескерт­кіш­терді көрген жан мұның еге­мендік алғанына 30 жыл болған тә­уелсіз ел үшін қандай саяси не­ме­се тарихи маңызы бар екенін біл­мей таңғалары анық.

Бұл үшеуі кім болған?

Қанша таңғалса да, бір кездерде қазақтарға «төңкеріс арқылы тең­дік алып береміз» деген желеумен бір­шама тізелері батқан тұлғалар­дың тұғырда әлі тұрғаны рас. Осы сөзі­мізді тірілту үшін еңселі ес­керт­кіш болып тұрған үш тұлға жай­лы аз-маз мәлімет бере кетсек. Мысалы, М.Фрун­зе деген азамат ту­ралы эн­циклопедияда «М.Фрун­зе 1919 жы­лы 15 тамыздан Түр­кіс­тан май­данына қолбасшылық етіп, Оң­түс­тік Оралды алып, Түркістан­ға жол ашты» деген дерек келтіріп­ті. Осы­дан-ақ оның қазақ жерінің біраз тұсында қызылдың қырғы­нын сал­ған сабаз екенін аңғаруға болатын шығар. Ал Фурманов туралы дерекке көз салар болсақ, «Верный (Ал­маты) қаласындағы Кеңес өкіме­тіне қарсы ұйымдастырылған бү­лікті жоюға басшылық етті» деген жолдар кез­деседі. Яғни, теңдік сұ­раған жергі­лікті халықты ба­рынша тұншық­ты­руға келген Қы­зыл­дың қолын бас­қарған адам де­ген сөз. Тұлғалы ес­керткіші төрден орын алған үшінші адам Куйбы­шевке келер болсақ, кезінде ол да Орта Азиядағы алғаш­қы ке­ңестік әскерді басқарған. РКФСР Халық Комиссарлар Кеңе­сінің Түр­кістан істері жөніндегі ко­мис­сия­сының төрағасы да болыпты. Бұл тұлғалардың шаһардың қақ ортасындағы саябақта кеуде мүсіні де бәз баяғы қалпында тұруының сыры неде болуы мүмкін? Бәлкім, біз білмейтін басқа бір себебі де бар шығар деген оймен Алматы қалалық Мәдениет бас­қар­масына хабарласып көрдік. Ол жердегі мамандардан жоғарыдағы кеуде мүсіндердің тәуелсіз Қазақ­станның тұңғыш астанасы болған қаланың қақ ортасында әлі күнге дейін не үшін тұрғанын білгіміз келді. Алайда жауапты мекемеден «арнайы хат жазыңыз» деген жауап алдық. Біздіңше, дәл сол мекеменің кез келген маманы телефон арқы­лы екі-ақ сөзбен жауап бере са­латын сауал еді. Бұл жерде де сол бая­ғы қағазбастылықтан арылма­ған бюрократизм көрінісі. Басқаша не айтуға болады?

Идеологиялық саясаттың кемшілігі

Десе де, біздің көкейімізді тескен бұл сауалға белгілі саясаткер Дос Көшім былайша жауап берді. «Меніңше, бұл жерде осындай идео­логиялық тұрғыдан ескірген ескерткіштерді жою туралы заң керек. Екіншіден, біздегі мем­ле­кеттік идеологияның кемшілігі деп айтар едім. Мысалы, үшін бізде әлі күнге дейін Ленин атындағы 400-ге жуық көше бар. Қазақстанның әр түкпірінде 30-ға жуық оның ес­керткіштері бар екенін білемін. Мәселен, біз секілді Кеңестік одақ­тың құрамында болған Балтық теңізі жағалауындағы бірнеше ел­дер одақ құрамынан шыққан бетте жоғарыдағыдай заң шығарып, бас-аяғы алты айдың ішінде кеңестік жүйеге қатыстының бәрін тазалап тасатады», – дейді саясаткер.

Ешқандай тарихи маңызы жоқ ескерткіштер

Осы орайда мынандай ой келеді. Жалпы, ескерткіш немесе тарихи орын деген нәрсе сақталуы үшін оның қандай да бір тарихи маңызы болуы керек емес пе? Осы күйі мыз­ғымай тұра берер болса, ертеңгі ұр­пақтың алдында себебі мен сал­да­рын түсіндіретін қандай да бір еңбегі болуы керек шығар. Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді аталған ескерт­кіштер болашақ үшін ешқандай берері жоқ дүние дегенді айтады. «Бұл біздің ертеңгі тарихымыз алдында үлкен сын. Меніңше, бұл азаматтардың кеуде мүсіндері тұрған ескерткіштер өзінің тарихи маңызын әлдеқашан жоғалтқан дүние. Тәуелсіздігін алғанына 30 жыл болған Қазақстанның бола­шақ ұрпағына қандай да бір берері бар ескерткіштер деп ойламай­мын», – дейді тарихшы. Осыдан екі жыл бұрын Алма­тының іргесіндегі Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау елді меке­нінде 1922-1938 жылдары Кеңес Одағы Орталық атқару комитетінің төрағасы болған Михаил Кали­нинге орнатылған екі ескерткіш құлатылған болатын. Оның алы­нуына ауыл тұрғындары мен қоғам белсенділері себепкер болған еді. Артынан дәл осы ескерткіштің орнына «Алаш» арыстарына ар­налған белгі қойылды. Көп ұзамай осы ауылдағы мәдениет үйінің алдында тұрған «бүкіл одақтық старостаның» тағы бір ескерткіші тұғырынан тайды. Жасыратыны жоқ, Алматының өзінде де кезінде қаланың көрнекті жерлеріне орнатылған кеңестік дә­уірдің «тұлғаларына», турасын айтқанда, революция көсемі Ле­ниннен бастап, халқымыздың ба­сына қара бұлт үйірген қанқұйлы саясаттың «серкелеріне» арналған ескерткіш-бюсттердің алынып тасталғанын білеміз. Олардың бар­лығы қазір Әуезов ауданындағы «Сарыарқа» кинотеатры артын­дағы саябаққа жайғастырылған. Бұл жер келешекте Кеңестік мү­сіндер музе­йіне айналуы мүмкін деген де пікір­лер арагідік айтылып қалып жүр. Біздің айтпағымыз – қаланың ең көрнекті жерінде әлі күнге дейін тұрған жоғарыдағы «үшеудің» қола кейпі неге ол жерге көшірілмей қалғандығы?! Бұл жерден қандай да бір саяси астар іздеуге де негіз жоқ сияқты. Енжарлық дейін де­сең, алдында айтқан біраз «экс-сер­келер» болашақ кеңестік мү­сіндер мүзейіне көшіріліп жатқан­да неге бұл үшеуі ұмыт қалды екен? Айналып келгенде сөзіміздің тоқетері – алдағы уақытта да алды­мыздан шыға беретін осындай кедергілер мен түйінді сұрақтардың жауабын беру. Ескі үкімет үйінің артында тұр­ған үш қызыл комиссардың кеуде мүсіндері тұғырдан қашан таяры тек Алматы әкімдігінің идео­логиялық әркетіне қарай белгілі болмақ. Алматы әкімдігі демекші, ша­малы күндер бұрын ғана қалада қазақ халқының екі тұлғасына керемет ескерткіш ашылды. Оның бірі – Сұлтанбек Қожанұлы, екін­шісі – Нұртас Оңдасынов.  

 Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы қаласы