Өткен бейсенбіде Оралда белгілі терапевт Татьяна Буткевич өз пәтерінде өлі күйінде табылды. Полицияға әйелдің қайтыс болғаны туралы бір подъезде тұратын көршілері хабарлаған, – деп жазады "Уральская неделя". 72 жастағы Татьяна Буткевич кардиолог, терапевт болған. Медицина ғылымдарының кандидаты №3 ауруханада бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарып, стационарлық бөлімге жетекшілік еткен. Оған зейнетке шыққан соң да жүгінген адамдар аз болмаған. Көршілерінің айтуынша, ерлі-зайыптылар ұлымен бірге тып-тыныш өмір сүрген. Өткен жылы Татьяна Сергеевнаның күйеуі қатерлі ісіктен қайтыс болған. Содан кейін отағасына күтім жасап, қатты уайымға салынған дәрігердің психикалық жағдайы қиындап кеткен. Ол есінен адасқандай күй кешіп, үнемі күйеуін іздеумен болған. Зейнеткердің жағдайы соңғы алты айда қатты ушығып кеткен. Оның 44 жастағы ұлы да үйден аз шыға бастаған. Шықса да, дәрігер үйіне қайтатын жолды ұмытып қала берген. Анасы мен ұлы аш қалмас үшін көршілері есігіне тамақ іліп кетіп жүрген. Ал өткен сейсенбіде Татьянаның ұлы ауырып, жедел жәрдем шақырған екен. Өкінішке қарай, ер адам қайтыс болған. Зейнеткер содан бері үйінен шықпаған. Екі күннен кейін көршілері пәтерден жағымсыз иіс шығып жатқанын байқап, полицияға хабар берген. Аға учаскелік инспектор Қазыбек Күлбаев пәтерге кірген бойда оның денесін тауып алған. Айтуынша, дәрігер мәйітінің қасында бөлме төбесінен құлаған аспашам болған. Сот-медициналық бригадасы әйелдің денесін мәйітханаға алып кеткен. Қазір өлім себебі анықталып жатыр. Полицияның дерегінше, бастапқыда отбасының туған-туыстары табыла қоймаған. Кейінірек бір келіншек хабарласып, жанұяның туысы екенін, қазір Англияда тұрып жатқанын айтып, қажетті құжаттарды сұраған. Қазір Татьяна Буткевичтің пәтері мөрленіп, жабылған.