Теміртас Жүсіпов әлем біріншілігіне баға берді
Теміртас Жүсіпов әлем біріншілігіне баға берді
Фото: bugin.kz
Белградта (Сербия) өткен бокстан әлем чемпионатында 48 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иегері атанған Теміртас Жүсіпов біріншіліктегі кездесулерін саралап, жүлдені алу оңай болмағанын айтты деп хабарлайды Olympic.kz сайты.
"Әлем чемпионатына осал спортшылар келмейді. Әр ел өз мықтысын үкілеп қосады. Сондықтан барлық кездесулер де қиын өтті. Барлық кездесуге де бар күшімді салдым. Белградтағы дода басталардан бұрын әскерилер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған едім. Жеңісті жол Сербияда жалғасты.
Ең есте қаларлық кездесу деп финалдық бәсекені айтар едім. Себебі, қарсыласыммен бұрын-соңды кездеспегенмін. Ал ол болса, мықты боксшыларды, Еуропа чемпиондарын жеңген. Сәтін салып, алтын жүлдеге қол жеткіздім", - дейді Теміртас Жүсіпов.
Естеріңізге салай кетейік, жеңіл салмақта жұдырықтасатын  Теміртас Жүсіпов Белградта өткен әлем чемпионатының финалында тай боксшы Вуттичай Юрачайдан басым түскен еді.