«Алты баламды асырау үшін...» – он қабатты үйдің шатырында тауық асыраған тұрғынға айыппұл салды
«Алты баламды асырау үшін...» – он қабатты үйдің шатырында тауық асыраған тұрғынға айыппұл салды
Фото: yandex.kz
263
оқылды

Ол азық-түліктің қымбаттығынан амалсыз құс өсіруге бел будым дейді. Он қабатты үйдің шатырында тауық ұстаған тұрғын бір-екі көршісінен рұқсат та алыпты. Бірақ өзге тұрғындар әтештің шақырған даусынан  ұйқымыз бұзылды деп шағымданды, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Тұрғындар таңертең тауық оятады деп ашулы. Алғашында түк түсінбеген олар көршісінің шатырда құс асырайтынын кейін біліпті. Он қабатты үйдің төбесін тауық қораға айналдырған Рүстем Тінеев мұндай қадамға азық-түліктің бағасы қымбат болған соң бардым дейді. Мәселен, бұрын бір данасы 35 теңге тұратын жұмыртқа қазір 55-60 теңгеге көтерілген. Сондықтан «бала-шағамды осылай жұмыртқамен қамтып отыруды ойладым» дейді. Бірақ тауықтары әлі жұмыртқаламаған.

Ақтау қаласының тұрғыны Рүстем Тінеев: «Азық-түлік қымбаттап жатыр, білесіздер. Сол үшін осындайға барып отырмын. Отбасыма ауыр болғаннан кейін. Мына жер қараусыз болғаннан кейін тазалап, тауықтарға пана қылдым, бақтым», – дейді.

Ол көпқабатты үйдің шатырындағы шағын бөлме ешкімге керек болмаған соң тазалап алдым деп отыр. Ал пәтер иелері кооперативі 10 қабатты үйдің шатырына ешкімге кіруге рұқсат жоқ екенін айтады. Тіпті сақтық үшін құлып салған көрінеді. Сөйтсе, тауық бағатын тұрғын көрші үйдің төбесінен өткен екен. Шыдамы таусылғандар полицей шақырды. Ақтау қаласы Полиция басқармасы ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары Олжас Әлімбаев: «Факті бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-бабы және 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Тауық қора иесіне екі бап бойынша 70 мың теңге көлемінде айыппұл салынды», – деді.

Тауық асыраған 6 баланың әкесі бір-екі күнде тауық қорасын тазалап, үй құстарын шатырдан алып кетуі тиіс.