Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елордадағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында емтихансыз жүргізуші куәлігін алуға қатысты эксперименттің нәтижесін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тиісті комиссия шешім қабылдайды. Министр ретінде «Азаматтарға арналған үкіметке», яғни осы процестермен айналысатын компанияға барлық қажетті шараларды қабылдауға кеңес бердім. Эксперименттік тексерумен өзім барған мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы жұмыстан босатылып, жаңа қызметкер тағайындалды», - деді Б. Мусин Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.Осы орайда, ол мамандандырылған ХҚКО-лардағы осы тектес заңсыздықтарға алдағы уақытта да тосқауыл қойылатынын айтты.
«Біз мемлекеттік қызметті жылдам форматта және жемқорлық жағдайына жол бермейтін қадамдармен ұсынуымыз керек. Заңнамадағы процестер қатаң орындалуы керек. Ол үшін технологиялық инновацияларды енгіземіз, яғни биометрия мен емтихан тапсырушыны байқап отыратын технологиялар ескеріледі», - деді министр.Бұған дейін Бағдат Мусин брифинг кезінде неге қобалжығанын айтқан болатын.