«АрселорМиттал Теміртау» шахтасындағы жарылыстан аман қалған кенші апаттың қалай болғанын айтып берді
«АрселорМиттал Теміртау» шахтасындағы жарылыстан аман қалған кенші апаттың қалай болғанын айтып берді
Фото: news.myseldon.com

Бір ажалдан аман қалған олар жарылыстың қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Кенші Жеңіс Маралбаев: «Жатқан жерлеріміз бір жарым, екі метр болды. Барлығы 8 адам, бір-біріміздің артымыздан жаттық. Бір-біріміздің түрімізді көрмедік, әрқайсымыз өз жұмысымызды істеп жатқанбыз. Тарс ете қалды. Сосын түтін басып кетті, бітті. Шамдар сөнді, газдың иісі жоқ. Есімде, бірден құлаған жоқпын. Бірінші аяғым бүгілді, сосын бітті. Арғы жағын білмеймін», – дейді.

Элайдын Зейналов пен Жеңіс Маралбаевтың жансақтау бөлімінен шыққанына екінші күн. Есін жиып алған соң, алты әріптесінен айырылғанын естігенде қатты қайғырған. Ресми мәліметте бұл екеуі марқұмдардан алшақта болғаны айтылған. Сөйтсе мүлдем олай емес екен. Қазір ем-дом алып жатқан кеншілер жұмысқа жарамдылығы жөнінде медициналық комиссиядан өтеді. Жарамды деп танылсақ, тіршілік қамымен шахтаға қайта түсуден өзге амал жоқ дейді.

Биыл 7 қараша күні таңғы сағат 8 жарымда Абай шахтасында метан газы жарылған. Жер астында жұмыс істеп жүрген 64 кеншінің 56-сы қашып шықса, апат ошағында болған 8 кеншінің алтауы қаза тапты.