Ресей көліктері алаңсыз жүр
Ресей көліктері алаңсыз жүр

Қазақстанда шетелдік көліктерге қатысты дүрбелең былтырдан бері бір ушығып, бір ба­сы­лып, әйтеуір біржақты шешімін таппай тұр. Енді, міне ол ресейлік нөмірлі автокөліктерге бай­ланысты тағы өршіді.

Оған құзырлы органның 7 қарашадан бастап Ре­сей­де тіркелген көліктерді жаппай тексеруге кірісуі се­беп болды: ресми есепке алынбаған машиналар анық­талып, айып тұрақтарға тоғытыла бастады. Өйт­кені ел заңы бойынша мұндай көліктердің жолда жүруі­не тыйым салынған. Оның үстіне,  республика ау­ма­ғында іздеу салынған және сот санкциясы бар ав­томобильдер де көбейіп кеткен. Оған наразы бол­ған жүргізушілер бірнеше қалада қарсылық жиын­дарын өткізді.

Тексеруге не себеп болды?

Тұтас республика аумағында шетелдік көліктерді жап­пай тексеру шарасының қолға алынуына тамыз айында ІІМ-нің Мемлекеттік кірістер комитеті және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп ресейлік көліктерді тексеруі түрткі болған. Оның барысында Қа­зақстанға қылмысқа қатысы бар көліктер әке­лінгені туралы көптеген факті анықталған. Сондай-ақ жалған құжат арқылы автокөліктерді әкелу бойынша 10-ға жуық дерек ашылған. Одан бөлек, Ресейде тіркеу тізілімінен шығарылған 150-ге жуық көліктің ел ішінде қолданыста жүргені мәлім болған. «Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі Қа­зақстанда шетелде тіркелген барлық көлік бойынша сақтандыру компанияларына сауал жолдады. Бұл ақ­парат Ресей Федерациясының ішкі істер министр­лі­гіне тексеруге жіберілді. Қазақстан аумағындағы ре­­сейлік тіркеудегі 88 мың автокөлік Ресей Ф­е­де­ра­циясының Ішкі істер министрлігінде белгіленген тәр­тіпте тіркелмегені немесе сатылғаны белгілі бол­ды», – деді ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Серік Түсіпов. Сонда бұл көліктер не Қазақстанның, не Ресей құзырлы органдарының есебінде жоқ болып шыққан. Ал ондай «темір тұлпармен» жолда жүру ере­жеге қайшы. Терістіктен тасымалданған көлікті ке­дендік тіркеуден өткізу қажет емес, бірақ ел ішінде есепке қою үшін утили­зациялық алым мен бастапқы тіркеу сомасын төлеу керек. Дегенмен ресейлік нөмір таққан көліктер тіркеуі мен құжа­тында ешқандай сәйкессіздіктер болмаса да республика аумағында бір жылға дейін ғана жүре алады, бірақ кесімді мерзім өткеннен кейін кемінде бір айға елден шығарылып, сосын Қазақстанда қайтадан пайдалана беруге болады. Сондай-ақ көліктерді са­тып алу-сату шарты бойынша қазақстан­дықтар 10 күн ішінде Қазақ­стан­да тір­кеуден өтуі керек екенін атап өтті. Ал жо­ғарыдағы талаптарға сай келмейтін тех­никаны қолдануға тыйым салынған. Сонымен қатар ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Ресейде тір­келген, жол ережесін бұзбаған көліктер тоқтатылмайтынын да жеткізді. «Ресейден келген 120 мыңға жуық автокөлік жол қозғалысы туралы заңның талаптарына сай қолданылады. Оларға қатысты шағым жоқ. Олар Қазақстан жолдарында бір жылға дейін емін-еркін жүре алады. Ресейлік нөмірлі көліктердің жүргізушісі жол ережесін бұзған жағдайда ғана тоқтатуға болады», – деді ол. Даулы мәселе бойынша прокуратура өкілдері де түсінік берді. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев бұл талап­тардың заңды екенін, сондықтан шу шы­ғарып жүрген меншік иелерінің заңға ба­ғынуы керек екенін айтты. «Бұл – өз қауіпсіздігіңізді, азаматтардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету. Кез келген азамат көлікті тіркеуі керек»,– деп қорытын­дылады Әсет Шындалиев.

Жүргізушілер неге наразы?

Жол полициясы ресейлік нөмірлі кө­лік­терді тоқтатып, айып тұрақтарына жап­пай тоғыта бастаған алғашқы күндері-ақ Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтөбе, Се­мей, Орал, Қызылорда қатарлы бірқатар қалада жүргізушілер топталып наразылық акцияларын өткізді. Мәселен, 8 қараша күні 100-ден астам жүргізуші халыққа ар­найы қызмет көрсету орталығына жи­нал­ды. Олар көліктерін полицейлер жөн-жосықсыз тексеріп, айып тұрағына жауып жатқанына шағымданды. Оларға жол полициясының өкілдері «егер көліктің» барлық құжаты дұрыс болса, қайтып ала­сыңдар» деп жауап қатқан екен. Наразы топ «Үкімет ресейлік нөмірлі машиналарға тыйым салатын болса, онда шекарадан неге өткізеді? Бұл халыққа жасаған қы­састық қой» деп налыды. Жиналғандар: «Армениядан әкелінген көліктерге берілетін сары нөмірді бізге де берсін немесе мемлекеттік тіркеуді қарапайым халықтың қалтасы көтеретіндей етіп арзандатсын» деп талап қойды. Жүргізушілердің кейбірін барлық құжаты дұрыс болса да көліктерін айып тұрағына қойған полицейлердің әрекеті ашу­ландырыпты. Мысалы, қолында ма­шинасының техникалық паспорты мен 3 жылға сенімхаты бар Нұржан Есіркепов былай дейді: «Ешқандай ережені бұзбасам да түнгі сағат 03.00 шамасында тоқтатты. Құ­жа­тымның бәрі дұрыс. Машинаны «тіркеуде жоқ» деп айып тұрағына қамады. Өзім қаладан 60-70 шақырым жерде тұрамын. Түнде далада қалдырды»,– дейді ол күйініп. Біраз уақыттан бері шетелден көлік тасу­мен айналысатын Алмас Көпжасаров соңғы жыл­дары отандық автонарықтағы өзгеріс­тердің бәрі жеке топтардың лоб­биімен іске асырылып отыруы мүмкін деген күдігін алға тартады. Оның ай­туын­ша, отандық автоөнеркәсібін дамыту деген желеуімен қазақстандықтардың шетелден көлік тасымалдауына шектеулер қойылып отыр. Ресей көліктері «Отандық автоөндіріске 2015-2016 жылдары мемлекеттен қомақты көлемде субсидия бөлінді. Әйтсе де, Қазақстандағы автоөндіріс саласы жеке топтардың бизнесі. Қазір біз солардың мүддесіне жұмыс істеп жатырмыз», – деді ол. Сондай-ақ автокөліктерге сәйкестік сертификатын берудегі олқылықтар аз емес. Бұрын көліктің сәйкестік сертифи­катын бірнеше жеке компания беретін. Қазір олардың бәрінің лицензиясын алып қойған, сертификат берумен тек бір мо­но­полиялық ұйым айналысады. Серти­фикат құны да бұрынғыдай 10-15 мың теңге емес, қазір ол 250 мың теңгеге қым­баттаған, ал оны беру уақыты 3 аптаға дейін созылатын болды. Бұл уақытта көлік кедендік сақтау аймағында тұрады, яғни сертификат дайын болғанша меншік иесі көлік тұрағының жалға алу құнын төлеуге мәжбүр. Халық, әсіресе утилизациялық алым­ның аса қымбаттығына наразы. Айта ке­тейік, утилизациялық алым «Оператор РОП» ЖШС арқылы жиналады. Ол – бә­секелесі жоқ бірегей оператор. Компания­ның қызметі, бюджеті туралы ашық ақпарат өте мардымсыз. Мәселен, ол өз сайтында 2016-2019 жылдар аралығында 220 млрд теңге утилизациялық алым жи­н­а­ғанын мәлімдесе, 2020-2021 жылы ути­лизациялық алым арқылы халықтан қанша қаржы жиналғаны, оның қайда кетіп жатқаны туралы есепті жария­ла­маған. Ал бұл уақытта (2016 жылдан бері) Қазақстанда шығарылатын жаңа көлік­тердің құны теңгемен есептегенде 90%-ға, доллармен есептегенде 40%-ға өскен.

Шетелдік көліктердің дауы қашан басталды?

Қазақстанда шетелдік көліктерге қатысты дау-дамай бүгін немесе кеше ғана туындап отырған жоқ, мұндай шатақ ал­ғаш рет 10 жыл бұрын шыққан. Бірақ Үкі­меттің бұл мәселені әлі күнге дейін рет­темей неге созбалақтатып келе жат­қа­ны түсініксіз. Алғаш қырғыз нөмірлі кө­ліктердің дауы (2011-2012 жылдар) болса, кейін Ресейден көлік тасығанда (2014-2015 жылдар) тағы бір дүрліктік. 2020 жылы бұл тізімге Армения қосылды. Ресей, Беларусь және Қазақстанға ортақ техникалық регламент Қырғыз елін­де тек 2018 жылғы 12 ақпаннан қолданыла бастаса, Арменияда 2020 жылғы 2 қаң­тардан бастап қана күшіне енді. Шетелдік көліктерді Қазақстанда тіркеуге қою құны шамамен 500 мың теңге мен 4 миллион теңге аралығында. Бұл сома көліктің жылы мен қай елден әкелінгеніне байланысты. Сондай-ақ 2016 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда утилизациялық алым енгізілді және бұл талап жергілікті авто­өндірушілер, ресми импортерлер және шетелден көлік әкелетін өзге заңды, жеке тұлғалардың бәріне ортақ. Утилизациялық алым бастапқы тіркеуге қоюдан бұрын төленеді. Ол  көліктің қозғалтқышының көле­міне және базалық алым коэффи­циентіне тәуелді. ІІМ 2020 жылдан бастап Армениядан келген көліктер елімізде тек бір жыл тір­кеусіз жүруіне болатынын, ал ол мерзімнен асса, мемлекет аумағынан шығары­ла­ты­нын мәлімдеді. Көлікті Қазақстан айма­ғында жүргізу үшін оны уақытша тіркеуге қою керек. Уақытша тіркеу 2020 жылдың 1 маусымынан басталды, 2021 жылдың 1 наурызында тіркеу аяқталды. Осы уақыт ішінде Армениядан әке­лін­ген 18 мыңға жуық көлік тіркелген, оның ішінде 3 мыңға жуық көліктің басқару тетігі оңнан солға ауыстырылған. Ал шет­елге шығарылған автомобильдер Арме­ния­ның уәкілетті органдарында тіркелді. Оларға басқа мемлекетте тұрақты тіркеуге тұрған көліктерге арналған сары нөмір беріледі. Бұл жағдайда нөмір автокөлік иесінің нақты тұрғылықты жері бойынша аймақ кодымен бірге беріледі (01-ден 17 өңірге дейін). Сары нөмірді пайдаланудың уақыттық шегі жоқ. Жүргізушінің қала­уына қарай ауыстыруға болады. Сары түсті нөмірлі көлік Армения елін­де тұрақты тіркеуде тұрғандықтан, ол Қазақстан аумағында сатылмайды, басқа адамның атына жазылмайды. Мұндай көліктерге қазақстандық нөмір тек тұрақты тіркеуге тұрғанда ғана беріледі. Қысқасы, Ресей нөмірлі көліктерді мініп жүрген жүргізушілердің басым көп­шілігі көліктерінің Ресейде де, Қазақ­станда да тіркеуде жоқ екенін мойындайды. Өйткені машинаны сатып алғанда бұ­рынғы иесі салық төлемес үшін автомо­бильді тіркеуінен шығарып береді. Ал бірақ сатып алған көлігін елге әкеліп тір­кетейін десе оның құны көліктің өзінің ба­ғасынан екі есе көп. Қарапайым авто­сүйер қауымды қинайтыны да осы.

Дәулет АСАУ