Зарықтырған Pfizer де жетті
Зарықтырған Pfizer де жетті
© коллаж: Елдар Қаба
152
оқылды

Осы аптада Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ДДҰ мақұлдаған COVID-19 вирусына қарсы Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы елге жеткізілді. Ал бүгіннен бастап бұл екпені оқушыларға салуды бастап кеттік. Министрлік өкілдері Pfizer-ді балаларға ата-анасының рұқсатымен ғана салынатынын айтады. Егер ата-ана келісім бермесе ше?

Pfizer вакцинасы межелі уа­қы­тынан кешіксе де келіп қуантты. Өйт­кені елдегі екпе салдыруға ниет­­­тілердің біразы осы вак­ци­на­ны біраз уақыттан бері тағат­сыз­да­на күтті. Бірақ шетелдік үздік ек­пені жұрттың барлығына жап­пай егу мүмкін болмайтын секілді. Осыған дейін айтылып жүргендей, дамыған елдер көптеп қолданып жатқан препарат бастапқы кезеңде балаларға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар аналарға салынады. Сон­дықтан өз денсаулығын ойла­ған тұрғындар қолданыстағы қал­ған екпелерді қабылдай бергені дұ­рыс болады. Бірақ бұл елге кел­ген Pfizer вакцинасының жет­кілік­сіз екенін білдірмейді. Жеткізілген дозалар халықты жаппай вак­ци­налауды аяқтауға мүмкіндік бер­мек. Айта кету керек, бұл – Қа­зақ­стан­да тіркелген алтыншы вак­ци­на. Енді келіп түскен вакцинаны Ден­саулық сақтау министрлігі же­дел тәртіппен еліміздің өңір­ле­ріне жеткізеді. Бұрын қол қойыл­ған келісім шеңберінде Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының әзір­ге 4 млн дозасы сатып алы­нып­ты. Мәлім болғандай, Comirnaty-америкалық Pfizer ком­паниясы мен германияның BioNTech тех­но­логиялық компаниясы шығарған РНҚ-ға негізделген матрицалық вак­цинаның (мРНҚ) сауда атауы. Вак­цинация курсы 21-28 күн ара­лығымен енгізілетін екі дозадан тұра­д­ы. Сондай-ақ вакцинаны сақ­­тау нұсқаулығын нақты ұстану және жағымсыз салдардың бал­дыр­мау үшін вакцинаны жеткізуге жә­не қолдануға дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін елімізге өндіруші ұсынған суық тізбекке қойылатын талап­тар­ға сәйкес ультра төмен темпе­ра­тура -60 -90 градус режимінде сақ­тауға арналған мұздатқыш жаб­дықтар сатып алынған бола­тын. Бұдан бөлек, екпені енгізу үшін қажетті шприцтер қоры да жет­кізіліп, вакцина жасайтын ма­мандарға екпемен дұрыс жұмыс істеуге және оны қолдану бойынша жұмыстар жасалған. Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасы ДДҰ-ға шұғыл қолдануға рұқсат етілген. Pfizer АҚШ, Ұлыбритания, Канада және ЕО елдерінде қолданылады. Клиникалық зерттеулердің нәти­желері бойынша екпенің тиімділігі 95 пайызды құрайды.

Алты адамға бір құты

Кеше Алматы қаласының сани­тариялық-эпидемиологиялық ба­қылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова Pfizer вакцинасы балаларға, жүкті әйел­дерге және бала емізетін аналарға ғана салынатынын айтты. Оның сө­зінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған Pfizer вакцинасын емханаларға бөлу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін­нен бастап мегаполисте Pfizer вак­цинасы балаларға салына бастайды. «Вакцина үш категорияға бөлінген. Ол 12-18 жасқа дейін балаларға, жүкті әйелдерге (16-30 апта) және бала емізетін аналарға ғана салы­нады. Әзірше халықтың басқа то­бына бұл вакцина салынбайды», – дейді Әсел Қалықова. Айтуынша, Pfizer вакцинасының бір құтысы алты адамға ғана арналған. Ал әзір­ге Алматыға 46 800 дозасы беріліпті. Вакциналау 21-28 күн аралығында жүргізіледі. Атыраулық ақ халаттылар да ай­мақтағы 76 мың адам Pfizer вак­ци­насы салынатынын айтты. Об­лыстық Денсаулық сақтау басқар­масының баспасөз қызметі мәлім еткендей, бүгін Атырауға израильдік Pfizer вакцинасының алғашқы 17 550 дозасы жеткізілмек. Ал оған дейін Атырау облысына вакцинаны мұз­датуға арналған 2 камера әкелін­ген. Қазір облыста 12 мен 18 жас аралығындағы 63 138 бала есепте тұрса, оның ішінде 70%-ы немесе 44 196 адам COVID-19 инфекция­сына қарсы вакцина салдырушылар тізіміне енгізілген. Алайда меди­цина мамандары есептегі балалар­дың барлығына егу жұмыстары жүргізілмейтінін жеткізді. Өйткені министрліктің тапсырмасына сәйкес, 12 мен 18 жас аралығындағы балаларға вакцина ата-анасының рұқсатымен ғана тұрғылықты ме­кен­жайында тіркелген емханаларда салынады.

Жанама әсері бар

Вирусолог-дәрігер Бауыржан Ақылбеков бүгін салу керек екпені кейінге қалдыруға болмайтынын айтады. Өйткені коронавируспен ауырғандардың саны күн сайын құбылып тұр. Алдыңғы кезекте бұл ауру иммунитеті төмен адамдарға тез жұғады. Ал болашақ аналар мен балалар бірінші кезекте. Сондықтан Pfizer екпесі алдыңғы кезекте жүкті әйелдер мен емізулі баласы бар ана­ларға салынатынын айтады. «Аяғы ауыр аналарға вакцина алудан қор­қудың қажеті жоқ. Керісінше, дәрі­герлер қазір екпе алса, іштегі нәрес­те мен омыраудағы балаларының да коронавирусқа қарсы иммунитеті болады», – дейді ол. Бұл туралы кеше Алматы қаласы Қоғамдық ден­саулық басқармасы басшысы­ның орынбасары Светлана Сұл­танға­зиева да брифинг барысында мәлім еткен. Оның айтуынша, жүк­ті әйел вакцина алса, баласында корона­ви­рус инфекциясына қарсы иммунитет пайда болады. Алайда оның анти­денесі қаншалықты бо­латыны ағзаға байланысты. Деген­мен екпе алған аналардың болашақ сәбиі жарық дүниеге иммунитетпен келетін кө­рінеді. Сонымен қатар ол әрбір дәрі-дәрмек нарыққа шығар­да төрт зерттеу фазасынан өтетінін айтты. «Олар клиникаға дейінгі, ерік­ті­лер­ге, халықтың белгілі бір кон­тин­ген­тіне, кейін пост тіркеу кезеңі. Бү­гінде бар дәрі-дәрмек пен вакцина­ларда 10 пайызға жуық жа­нама әсерлер бар. Бұл вакци­наның да 10 пайызға дейін жанама әсері болады. Мысалы, бас ауруы, екпе са­лынған жердің қызаруы, дене қы­­­зуының көтерілуі. Бірақ оның бар­лығы 1-2 күнде тоқтайды», – деді бас­қарма басшысының орын­басары. Америкалық Comirnaty мРНК-вакцинасы жүкті әйелдерге қауіпті емес. Қазірдің өзінде әлемнің 20-дан астам елі екпенің осы түрін жа­ңадан босанған әйелдерге сала бастапты. «Жүкті әйелдер де екпе алуы керек. Еуропада жүкті әйел­дерді вакци­налау бойынша көп­те­ген клиника­лық зерттеу жүргізілді. Ресей ғалым­дары да егжей-тегжейлі зерттеу жүргізді. Бізде коронавирус инфек­циясының аясында жүктілік кезінде әртүрлі жағымсыз салдар мен асқы­нуларға ұшыраған әйел­дердің бел­гілі бір саны бар екенін көріп отыр­мыз. Сондықтан клини­калық зерт­теу­лерге сүйене отырып, 16 аптадан 38 аптаға дейінгі ара­лықта вакци­налауды ұсынамыз. Вакцинаның бірінші және екінші компоненттерін де алу қауіпті емес», – деді Светлана Сұлтанға­зие­ва. Оның сөзіне қара­ғанда, тұр­ғындар саны көп Алматы мегапо­лисінде баласына Pfizer вак­цинасын салдыруға келісім берген­дердің қа­тары біртіндеп көбейіп келе жа­тыр. Бүгінгі күні 30 мыңнан аса ал­матылық баласына Pfizer вак­ци­насын салдыруға келісім беріпті. Айтуынша, қаладағы 12 мен 17 жас аралығындағы 170 мың баланың 30 мыңы екпе алуға дайын. «Келісім бер­гендер артып жатыр. Вакциналау алдымен медицина мекемелерінде жүргізіледі. Ал білім ордаларына тек арнайы шақырту арқылы ба­ра­ды», – деді Светлана Сұлтанғазиева.

Ата-аналар не дейді?

Елордалық Гүлсім Артықбаева екпе туралы әзірге мектеп әкім­ші­лігімен ешқандай келісім туралы сөз болмағанын айтады. Бірақ бас­қа ата-аналар секілді ақпараттардан естіп-біліп отырғанын айтқан ол: «Қызыма екпе салдыруға келісім беремін бе, ол жағын әлі білмеймін. Шынымды айтсам, екпе алу керек те секілді. Бірақ оның қаншалықты қаупі барын білмейміз ғой. Мыса­лы, коронавирусқа қарсы вакцина­дан басқа екпелердің өзі болашақ қыз­дар­дың ана болуына, ұлдардың ұр­пақ сүюіне кері әсерін береді деп ес­тиміз. Сол жағынан келгенде сал­дыруға келіспеймін», – дейді. Ал алматылық Асхат Көпжасаров министрлік ерікті деп айтқанымен, ертеңгі күні мәжбүрлеп салдыра ма деп қорқады. Жақында ғана жарық дүниеге сәбиін әкелген Ардақ Тұрлымбекова да мүмкіндігім болса, бірінші кезек­те екпе салдырамын деп отыр. «Дәл қазір маған дәрігерлер өзі үш айға дейін екпе салуға болмайтынын айт­ты. Коронавируспен жақында ғана ауырдым, осы баламды қауіпті дерт­пен күресіп жүріп босандым. Егер босанбай тұрып елге осы екпе келгенде дәрігерлер барынша тү­сін­дірсе, ойланбастан салдырар едім. Себебі вакцина салдырған дұ­рыс екенін түсіндім. Денемізде ан­ти­дене болмаған соң ауру жұқ­тыр­дық. Ал қазір сау жерім жоқ. Ко­­видпен ауырған соң денемдегі бүкіл дәрумен де кетті. Жазылды дегеннің өзінде жақында КТ-ға түстім, сөйтсем әлі де созылмалы бронхит қалып қойды. Екінші рет жұқтырсаң өліп кетуің де мүмкін. Сол үшін үш айым толса, бірінші кезекте екпе салдырамын», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ардақ Тұрлымбекова.

Екпе салдыру ерікті болады

Ақпарат көздеріне сенсек, бү­гінде әлемнің 20-дан астам елі 12 жастан бастап балаларға осы екпені қолдануда. Мәселен, Қытайда 3 жас­тан, АҚШ-та 5 жастан бастап екпе салынып келеді. Бүгінге дейін­гі мәліметтерге сенсек, АҚШ-тың өзінде Pfizer вакцинасы 8 млн ба­лаға салыныпты. Көрші Қытайда қазан айындағы есеп бойынша 3-17 жас аралығындағы 60 миллионнан астам бала мен жасөспірім екпенің инак­тивті түрін алған. Озық мем­лекет­тердің өзінде кеңінен қолда­нып, ғалымдар мақұлдап отырған екпесін әлемдегі және елдегі эпи­д­ахуалдың құбылмалылығын ес­керіп, Қазақ­стан 12-18 жас аралы­ғындағы ба­лалар мен жасөспірім­дерді иммундау үшін файзер вак­цинасын әкелді. Денсаулық сақтау министрлігі вакцина тегін және ерікті болатынын алға тартады. Егер медицина ма­мандары мәжбүр­лі түрде салса, бұл «Халық денсау­лығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 77-бабы бо­йынша заңсыз болып есептеледі. Яғни, ол бойынша кез келген меди­циналық рәсім, оның ішінде вак­цина да екпе алушының келісімімен ғана жүргізілуі керек. Ал 12 жастан 17 жасқа дейінгі жас­өспірімдерді вакциналауға ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана жол бе­ріледі. Сондай-ақ заңда көрсе­тіл­гендей, елімізде вакци­надан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік те қа­растырылмаған.

Жадыра МҮСІЛІМ