Алматыда бір жарым мыңнан астам жасөспірім екпе алуға дайын
Алматыда бір жарым мыңнан астам жасөспірім екпе алуға дайын
© inform.kz
5,178
оқылды
Бұл туралы Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали бүгінгі өткен брифингте мәлімдеді. Ол бүгін Алматы емханаларында жасөспірімдерге Pfizer вакцинасын егу жұмыстары басталғанын айтты. Келесі аптадан бастап мектептерде де салу басталады.
«Қаламызда қазірдің өзінде 12 мен 17 жас аралығындағы 1619 бала екпе алуға келісім берген. Ата-анасының рұқсатымен тізімдер бар. Егер ата-анасының келісімі болмаса, бірақ жасөспірім өз бетінше салдырмақ болса, бұл жағдайда ата-анасының біріне телефон соғып, олардың келісімін сұрауға тура келеді», - деді басқарма басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, ата-аналарға медициналық мекемеде балаларымен бірге болуы міндетті емес. «Әрбір ата-ана қажет деп тапса, жеке шешім қабылдай алады. Қаласа, баласына екпе салғанда бірге болар, болмаса бастапқыда берген келісімін басшылыққа алып екпе сала аламыз», – деп түсіндірді ол. Айта кетейік, кешегі өткен брифингте Алматы қаласы бойынша 30 мыңнан астам ата-ана балаларына Pfizer вакцинасын салуға рұқсат берілгендігі айтылған болатын. Балаларға екпе салу алдымен 16-17 жастағы жасөспірімдерден басталады. Аталған вакцина түрі елімізге кеше жеткізіліп, оның 46 800 дозасы Алматы қаласында қалдырылған-тын. Елімізде Pfizer вакцинасы алдымен жүкті, емізулі баласы бар және 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерге салынады деп жоспарланған.

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы