Ақмола облысында ер адам кездейсоқ танысының атына 2 миллион теңгеден астам несие рәсімдеген. Бұл туралы полиция қызметкерлері республикалық «Hi-tech» жедел алдын алу шарасы барысында анықтады,- деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Бурабай аудандық полиция бөліміне жүгінген Ерейментау қаласында тұратын әйел биылғы қыркүйек айында белгісіз біреу оның атына банктен 2 миллион 696 мың теңге несие рәсімдегенін хабарлаған.
«Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары кезінде күдікті адамды анықтады. Ол Щучинск қаласының 45 жастағы тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында жәбірленуші мен күдіктінің кездейсоқ таныс екені анықталды», - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.Кейін анықталғандай ортақ таныстарының үйінде әйелдің басқа жаққа айналып кеткенін пайдаланған ер адам оның телефоны арқылы бірнеше банктен несие рәсімдегені белгілі болды. Қазір аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 190 «алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы