Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қандай вакцинадан кейін қанша адам қаза тапқанын айтып берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2021 жылдың ақпан мен қазан айларының аралығында вакцина алған азаматтардың арасында 930 өлім-жітім тіркелді. Ал вакцина алмағандардың арасында 13 165 адам көз жұмды. Өздеріңіз де айырмашылықтың 16 еседен жоғары екенін көріп отырсыздар. Вакцина алмағандардың арасында өлім-жітім өте көп», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.Оның нақтылауынша, 47 адам «CoronaVac», 681 адам «Спутник V», 75 адам «Hayat-Vax», 2 адам «Vero Cell», 33 адам Vero Cell Sinopharm және 36 адам инактивтелген Sinopharm SARS-CoV-2 вакцинасын алғаннан кейін көз жұмған. Ал QazVac-тан кейін 27 адам қайтыс болған. Ал Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова вакцинаның 1 және 2-компонентін алғаннан кейін 40 734 адам вирусты қайта жұқтырып алғанын айтады.