Кеше Ыстанбұл шаһарында түбі бір түркі жұртының мемлекет басшыларының саммиті өтті. Он жылдан астам уақыт «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» деп аталып келген ұйым жиынында бас қосқан Президенттер құрылымды «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп өзгертті. Басқосуға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып сөз сөйлесе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеүндеу жолдады.
Саммит аясындағы кездесулер мен қосалқы жиындар бейсенбі күні басталды. Сол күні Ыстанбұлға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан президенттері мен Мажарстанның премьер-министрі де келіп жетті. Ал жұма күні Қазақстан басшысы өзге әріптестерімен бірге Ыстанбұлдағы Түркі кеңесі хатшылығының жаңа ғимаратының ашылуына қатысқан соң, Түркі кеңесінің VIII саммитіне қатысу үшін Ыстанбұлдың оңтүстік-шығысында орналасқан Демократия және бостандық аралына бет алды. Сөйтіп, түркі интеграциясының жаңа кезеңінің шымылдығын ашқан саммит басталған еді.Түркі мемлекеттері ұйымы жаңа саяси блок емес
Мұндай ойды саммитке қатысушыларға бейнеүндеу жолдаған сәтінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты. Жиынға қатысушыларды құттықтай келе, Н.Назарбаев: «Бүгіннен бастап біздің бірлестік Түркі мемлекеттерінің ұйымы деп аталады. Бұл қадам елдеріміз арасындағы ықпалдастықты ілгерілету ісін жаңа деңгейге көтеріп, ұйымның мәртебелі миссиясын жүзеге асыруға тың серпін береді деп сенеміз», – деді. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев түркі интеграциясын мақсат тұтқан ұйымның қандай да бір блок емес екенін атап өтті. «Біз осы жаңа ұйымның барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа дайын екенін паш етіп отырмыз. Оның ешкімге қарсы бағытталмағанын атап өткен жөн. Бұл – жаңа блок емес, қызметі БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен принциптеріне сай келетін прогрессивті бірлестік», – деді Елбасы.Экономикалық-гуманитарлық бағыт маңызды
Жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлығы үшін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға алғыс айта келе, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтіп жатқан Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және Түрікменстан халықтарын құттықтады. Содан соң түркі интеграциясы үшін маңызды саналатын ойларымен бөлісті. Президент түркітілдес мемлекеттер басшыларының пандемиямен бірлесе күресу үшін алғашқылардың бірі болып саммит өткізгенін, Түркістан қаласының Түркі әлемінің рухани астанасы атанғанын, Таулы Қарабақ мәселесі Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарына сәйкес оң шешімін тапқанын атап өтті. Әрі кеңеске төрағалық еткен Әзербайжан мемлекетіне ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысының өз сөзінде ұйымның үшінші тараппен ынтымақтастығы мәселелерін реттейтін ережелердің қабылдануы маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге түркі интеграциясында «Менің пікірім бойынша ұйымымыз, ең алдымен экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққа баса мән бергені жөн. Әріптестерім бұл тұжырыммен келіседі деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент ұсыныстарының мәні неде?
Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі ұйымының саммитінде айтқан ұсыныстарының Қазақстанның даму бағытымен тікелей қатысы бар екенін және әлемдік трендтерге үйлесетінін атап өткен жөн. Мемлекет басшысы Түркі ұйымының жаһандық супер күштер күдіктенетін блокка айналып кетпеуі қажет екенін тұспалдағанын аңғардық Оны Елбасы да атап өткен еді. Дегенмен Нұрсұлтан Назарбаев та, Қасым-Жомарт Тоқаев та ХХІ ғасырда аумақтық тұтастықтың маңызды екенін және БҰҰ қарарларының әлем елдері үшін бұлжымас ережеге айналуы қажет екенін меңзеді. Сол арқылы Әзербайжанның Таулы Қарабақты қайтарып алу үшін жасаған әскери операцияларын бағалайтынын байқатты. Бір сөзбен айтқанда, дипломатия тілімен Бакуді қолдады. Екіншіден, Қ.Тоқаев ұсыныстарының арасында Орталық Азияда алдағы уақыттарды қалыптасуы мүмкін су тапшылығының алдын алу, суды бірлесе пайдалану мәселесі де жатыр. Тіпті, Түркі ұйымы тәрізді қалың бұқараның көңілінен шығатын құрылым арқылы су мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін дау-шарасыз шешу мүмкіндігі бар екенін тұспалдаған сыңайлы. Сонымен қатар Қазақстан тарапының ұсыныстары жаһандық трендтерден қалмауға және адамзаттың дағдарысқа ұрындыруы мүмкін жағдайдың алдын алуға негізделген сыңайлы. Сутегі энергетикасы, жасыл технологиялар, ІТ саласы тәрізді бағыттар әлем үшін өзекті бағыт екенін қазіргі ғылым мен технология көрсетіп тұр. Сондықтан Түркі әлемі дамудың осынау бағытынан қалыс қалмауы керек. Әрі күш біріктірген жағдайда табысқа жету мүмкіндігі бар екенін меңзеген сыңайлы. Біздің пайымдауымызша, бұл – дұрыс бағыт.Аднан Мендереске құрмет көрсетті
Айтпақшы, Түркі ұйымының саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның бұрынғы премьер-министрі, өткен ғасырдың 50-60-жылдарында үкімет басқарған қайраткер Андан Мендерестің рухына тағзым етті. Саммиттің өзі саясаткер қамауда болған түрмеде орналасқан, жаңаша «Демократия және бостандық» деп аталатын аралында өткендіктен, Қазақстан Президентінің сөзін Режеп Тайып Ердоған ерекше толқыныспен қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол өткен ғасырдың 50-60-жылдары, он жыл бойы Түркия Республикасының Премьер-министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын», – деді. Бұл қилы тағдыр кешіп, Пәкістан арқылы Түркияға жеткен қазақтарға пана болған түрік халқына айтылған алғыс еді.Өзгерген тек ұйым атауы емес...
Жалпы, сөз басында айтқанымыздай, осы жолғы саммиттің жөні бөлек болды. Ең әуелі «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің» атауын «Түркі мемлекеттері ұйымы» атауына өзгерту туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, «кеңес» «ұйымға» айналды. Одан соң Түркі мемлекеттері ұйымының 8-саммитінің декларациясы, Түрікменстанға Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы байқаушы мәртебесін беру туралы, «Түркі әлемінің келешегі-2040» туралы, «Түркі әлемінің бірлігіне қосқан үлесі үшін Әлішер Науаи атындағы халықаралық сыйлық» туралы, Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Серіктес мәртебесін құру, Түркі мемлекеттері ұйымының Құрметті төрағасының құқықтары туралы ереже жөніндегі, Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының өкілеттік мерзімін ұзарту және Бас хатшының орынбасарларын тағайындау, Түркі мемлекеттері ұйымы Түркі инвестициялық қорын құруды аяқтау туралы, Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Байқаушы мәртебесі туралы ереже жөніндегі шешім, Әзербайжан Республикасының президенті Жоғары мәртебелі Ильхам Әлиевті Түркі әлемінің Жоғарғы орденімен марапаттау жөніндегі шешімдерге қол қойылды. Яғни, қабылданған құжаттар бұрын «кеңес» аталып келген құрылымның атын ғана емес, жұмыс бағытына да өзгеріс енгізді. Саяси айналымнан «түркі тілдес мемлекеттер» деген сөз ресми ысырылып, орнына «түркі мемлекеттері» деп атау дәстүрі енгізілген сыңайлы. Ұйым атауы соны меңзейді. Бұл – интеграцияның жаңа сатыға көтерілгенінің белгісі.Амангелді ҚҰРМЕТ