Дизель дауы
Дизель дауы

Көптен бері тапшылық болып, басылмаған дизель дауы әлі басылған жоқ. Енді автокө­лік­ке қажетті өзге де жанармай түр­леріне әсер ет­се керек. Бензин мен автогазға келгенде де мә­селе көп, тұрақсыздық болып тұр. Жүр­гізу­шілер наразы­лы­ғына қарамастан жағдай рет­телмеді. Ал жуық арада бұл мә­селелер ше­ші­ле қоймайтын тәрізді.

Тапшылық қымбатшылық тудырды ма?

Дизель тапшылығына түрлі себеп айтылды. Бас­тысы, мұнай өңдеу зауыттарының күрделі жөн­деуден өтіп, жұмысын уақытша тоқ­татқаны болды. Дегенмен сала­да шикілік көп. Наразылық басылмаған соң жауап­тылар да әрекетке көшкендей кейіп танытты. Әйт­кенмен дизель бір төбе, бензинге қатысты проб­лемалар шықты. Өткен аптада Энергетика министрі бо­лып тағайындалғанына 2 ай толмаған Мағзұм Мыр­зағалив дизельмен қосып бензиннің де қым­баттағанын мойындаған болатын. Елде жанармай қоры жеткілікті деген ол баға өсуінің өзіндік себептері бар деп айтқан. «1 жарым айдың ішінде бізге 190-200 мың тонна дизель келген. Соңғы 1 айдың ішінде мұнай бағасы 6-7 долларға қымбаттады. Сондықтан Ресейде импортталатын дизельдің бағасы өсті. Ал соңғы 3 жылда бензин 15 теңгеге қымбаттаған екен. Таяуда тағы бензиннің 2-3 теңгеге қымбаттағаны жайлы деректер тарады. Бірақ бензиннің қымбаттауына еш негіз жоқ. Себебі бензиннің қоры жеткілікті. Расымен де, дизель тапшылығын сөз етіп жүргенде бензин құны да шарық­тағаны білінді. Бірақ министр айтқандай 2-3 теңгеге емес. Мәселен, Петропавлда жүргізушілердің сұранысындағы Аи-92-нің литрі 175-тен 186 теңгеге бір-ақ өс­кен. Жауаптылар бензиннің қымбатта­уы­на бастапқы сатып алу құны әсер ет­кенін келтірді. Себебі еліміздегі мұнай өң­деу зауыттары өнімдерін делдал ком­паниялар арқылы өткізеді екен. Оған жол тасымалы мен салық қосылады. Яғни, министрдің «қымбаттауға негіз жоқ» дегенін қалай ұғамыз? Әлде салада заңсыздық жайлаған ба? Осыдан кейін жағдайдың ушық­қанын түсінді ме, ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиев те қимылдай бас­та­ғандай сыңай танытты. Тексеріс кезін­де мұнай өңдеу саласындағы бір үл­кен кілтипан шыққан: Павлодар мұнай-химия зауытында жөндеу жүргізу кезінде гидротазарту компрессорының ақаулы екені әшкере болыпты. Енді сол ақаулы бөлшекті тек 5 айдан кейін ғана ауыс­тыруға болады екен. Осы кезең бойы ПМХЗ дизель отынын бұрын жоспар­ланғаннан ай сайын 20-40 мың тоннаға аз өндірмек. Мұны естіген ведомство басшысы ҚазМұнайГаз басшылығына МӨЗ-бен бірлесіп, көктемгі егін жұмыс­тары басталғанға дейін, Ресейден мұнай өнімін импорттау есебінен қор қалыптас­тыруды тапсырыпты. Демек, дизель тапшылығы мәселесі алдағы уақытта да реттелмеуі ғажап емес. Биыл алғашқы 9 айда орташа құны литріне 188 теңге болған дизельдің бағасы қазір аймақтарда құбылып тұр. 208 теңгеден 330 теңгеге дейін барады. Әйткенмен мәселеге басқа көзқараспен қарайтындар бар. Эконо­мист Мақсат Халық тапшылық қолдан жасалғанына сенімді. дизель «Дизель отыны қымбаттады, тапшы­лық болды. Бірақ тапшылық қолдан жа­салып отыр. Өйткені Энергетика министрлігінің есебіне қарасақ, өткен жылы өндірілген дизель көлемі биыл да өндірілген екен. Тек қана АЗС, жанар-жағармай пункттеріне кешіктіріліп жеткізілді. Уақытынан кешіккен соң тапшылық басталды. Нәтижесінде шаруалар қиын жағдайға тап болды. Сосын ұн мен басқа заттар да қымбаттай бастады», – дейді ол. Дефицит үшін дизель қоймада жи­налып қалғандай. Энергетика министр­лігі біздегі баға Ресеймен теңесу қажет деген ұстанымын әлдеқашан жеткізді. Олар «сонда ғана дефицит болмайды» деп сендірген. Бірақ осы пікірді тарқатып айтып берген министрлік өкілін көр­медік. Дәйексіз сөзге илану қиын-ақ. Негізі, бұл әңгіме 2018 жылдан-ақ ай­тыла бастаған. Бірақ сарапшылар Қа­зақстанда өзге елдермен салыстырғанда жанармай құны біршама аз екенін айтып жүрді. Сондықтан баға өсуінің нақты себептері бар деп саналады. Біз назар аударып отырған тағы бір кілтипан – жанармай қымбаттаса, азық-түлік бағасы да шарықтайды. Қаржы саласының мамандары экономикалық заңдылыққа сүйенгенде бұлай әсер етпеу керегін сан мәрте қайталады. Әйткенмен біздің нарықта әсері бірден сезіледі. Сол се­бепті елімізде жанармай бағасының құбылуы қымбатшылық жайын қозғап, үлкен мәселе тудырып тұр.

Автогаз да қалыспады

Жүргізушілердің сұранысында бар автогаздың жайы да мәз емес. Көптеген өңірде баға өсті. Бірақ уақытша құ­былыс саналған. Сөйтсек, олай емес сияқ­ты. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ за­уы­тының қыркүйекте, «Павлодар мұ­най-химия зауытының» қазанда күрделі жөндеуге жабылуы елде газ тапшылығын туындатыпты. Өйткені еліміз ішкі на­рыққа қажетті газ көлемінің бірден 25 пайызынан айырылған. Зардабы көп күттірген жоқ, автогаз арзан саналатын Маңғыстау облысында да автогаз бірден 15 теңгеге қымбаттап кетті. Осы уақытқа дейін 65 теңгеден сатылып келген авто­газдың бағасы 80 теңгеге жеткен. Соңғы екі жылда 30 теңгеге қымбаттап отыр. Бұған көлік жүргізушілері наразы бол­ғанымен жағдай әлі реттелмейтін сынды. Жүргізушілер автогаздың қымбат­тауы­нан такси қызметі өсіп, азық-түлік ба­ғасы тағы да шарықтап кетеді деп қор­қады екен. Көгілдір отын кей жерлерде 85 теңгеден саудаланып жатыр. Мұнайлы аймақ айына 18 мың тонна сұйытылған газбен қамтылған. Оның 14,5 мың тоннасы Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу» зауытынан алынса, қалған 3,5 мың тон­насы Атыраудағы зауыттан жеткізіледі. Газ бағасының қымбаттауы отынның «электрондық сауда арқылы сатылуына байланысты» дейді жауаптылар. Егер сұраныс болмаса ғана баға төмен түседі екен. Десе де, шенеуніктер келер жылдан бастап автогаз бағасын тек нарық қана реттей алатынын айтқан. Сондықтан баға әлі де қымбаттауы мүмкін. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап көгілдір отын 100 пайыз электрондық сауда арқылы сатылмақ. Сұраныс қалай болса, баға да солай болады. Сондықтан бағаның қандай болатынын нарық реттейді. Біздің пайымдауымызша, баға әлі де көтерілмесе, түспейтін секілді. Себебі мән-жайға қарап, тек осыны аңғаруға болады.

Мадияр ТӨЛЕУ