Білезікпен бақылай аламыз ба?
Білезікпен бақылай аламыз ба?
270
оқылды

Бірнеше жылдан бері жыр болып, жауыр болуға айналған педофилдерге арналған білезік келер жылдан бастап қолданысқа берілмек. Алайда жұртшылық білезікке кететін қыруар қаржыға алаңдамайды, тек балалардың қауіпсіздігін қорғай алатынына күмәнмен қарайды. Білезік педофилдердің барлығына бірдей тағыла ма? Құқық қорғау органдарының қызметкерлері бостандықтағы әр азғынның аяқ алысын аңдып жүруге тиіс пе?

Осы күні баласының амандығын ой­лайтын ата-ана күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Өйткені күн сайын бүл­діршіндердің болашағына балта шап­қандардың азғындық әрекеттері туралы жаға ұстататын сұмдық оқиғаларды еститін болдық. «Өгей өгейлігін істейтініне» құлақ үйренген болса, өкінішке қарай, туған әкесінен азғындық көргендердің саны да артып келеді. Тіпті, ата сақалы аузына түсіп, Пайғамбар жасына жеткендердің де жиіркенішті тірліктеріне тоқтау салу қиын болып барады. Мәселен, биылғы тоғыз айдың өзінде елде кәмелет жасқа толмаған балаларға қатысты жасалған 1689 қылмыс­тың 201-і зорлау дерегі бойынша тіркелген. Ал сексуалдық сипаттағы зорлық-зом­былық әрекеті бойынша 179 факті тіркелсе, он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге бару бойынша 264 қылмыс белгілі болып отыр. Азғындық әрекеттері үшін абақтыда отырып, жазасын өтеп келгендердің де қатарында бұрынғы қылмысын қайта жасайтындар жетерлік. Есте болса, 2018 жылдың 1 қаңтарында кәмелеттік жасқа толмағандарға жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандарды химиялық жолмен піштіру ресми түрде рұқсат етілген-ді. Оның артынша қазақстандық Үкіметтік емес ұйым өкілдері екі жақтың татуласуына байланысты адам зорлауға қатысты қыл­мыс­тық істердің қысқартылуын доғаруды және педофилдер мен адам зорлағандарды өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда химиялық кастрацияның өзі қаскүнемдерге қорқыныш әкеле қойған жоқ. Өйткені медицина мамандары хи­миялық піштірудің күші ұзаққа бармай­тынын айтады. Ендігі жерде еліміз өзге елдерде бұрыннан қолданылып келе жат­қан сотталып шыққан педофилдерге білезік беріп, олардың не істеп жүргенін бақылауға алатын тәжірибені де сынап көрмек.

Екі мыңнан аса педофил бар

Жақында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев келесі жылдан бастап Қазақстанда 300-ден астам педофилге электронды білезік тағылатынын айтқан болатын. Пилоттық жоба аясында 80 адамға электронды білезік тағылады. Бұл үшін 356 миллион теңге қаражат бөлінеді. Ал ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетовтің ай­туынша, республикада бас бостандығынан айыру мекемелерінде 2 мыңнан астам пе­дофил жазасын өтеп жатыр. Пробациялық есепте 330 адам бар. «Келесі жылдан бастап пробациялық есепте тұрған педофилдерге электронды білезік тағылады. Биыл біз пилоттық жобаны бастадық. Жүйе Нұр-Сұлтан қаласының пробация қызметінде тестілік режимде іске қосылды. Қазір жеті адамға осындай білезік тағылды. Ал келесі жылдан бастап барлық 330 педофилге таға­мыз», – дейді ол. Қылмыскерлерді бақылау білезіктері жалға алынады. Себебі педо­филдерге тағылатын құрылғы тым қымбат тұрады. Сондықтан комитет келер жылы конкурс өткізеді. Білезіктерді осы конкурс бойынша ұялы байланыс опера­торларынан алынбақ. Қазір министрлік Билайн ком­па­ниясымен пилоттық жоба бастапты. Әзірге белгілісі, педофилдерді сол компанияның желісі арқылы қадаға­лайды және бір электронды білезіктің ай сайынғы төлемі 10 мың теңге. «Бір білезік­тің бағасы 200 мың теңге және одан жоғары. Сондықтан бізге оны жалға алған тиімді. Алдын ала есеп жүргізілді. Бір электронды білезікті жалға алу оның сервистік қыз­метін, батареясын ауыстыру сияқты дүние­лерді ескергенде, айына 10 мың теңгені құрайды», – деді Жа­нат Ешмағамбетов. Оның сөзінше, элек­тронды білезік педо­филдің жүрген жерін тіркеуге мүмкіндік береді. Егер педофил пробациялық бақылау шарттарын бұзса, полиция қызметкерінің планшетіне сигнал келеді. Сондай-ақ комитет басшысы біле­зік­ті қолдану тәртібін бұзғандарға бірінші ес­керту жасалады, егер педофил екінші рет бұз­са, пробациялық бақылауды бас бос­тан­дығынан айыру жазасына ауыстыру туралы өтінішпен сотқа жүгінетіндерін жеткізді. Айтуынша, пробациялық бақылау шарт­тары әртүрлі болады. Қолданыстағы заң­намаға сәйкес, сот үкімімен белгілі бір орын­дарға баруға тыйым салу, түнгі уақытта үйден шығуға тыйым салу, пробация қыз­метіне хабарламай тұрғылықты жерінен тыс жерге шығу секілді шектеулер қойылуы мүм­кін. Мәселен, кейбіреуіне түнде үйден шы­ғуға тыйым салынса, енді біріне балалар көп шоғырланған жерлерге жақындауға болмайды. Сонымен қатар, электронды бі­ле­зіктер басқа да қылмыс жасаған, проба­циялық бақылау шарттарын бұзған адам­дарға да тағылуы мүмкін. Бүгінге олардың саны шамамен 2,5 мың адамға жетіп отыр. «Бірінші кезекте электрондық білезіктер жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс­тары үшін сотталғандарға және жазаны өтеу шарттарын үнемі бұзатындарға қолданы­латын болады. Қалған сотталғандар үшін мобильді құрылғыларда арнайы қосымшаны пайдалану көзделеді. Қажетті жабдықтар жалға беру негізінде пайда­ланылады, бұл оған қызмет көрсету шы­ғын­дарын айтар­лықтай азайтуға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Жанат Еш­мағамбетов.

Полиция педофилдерді бақылауға алуға дайын

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы По­лиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы, полиция под­полковнигі Қанат Нысантаев қазір тиісті қызметті қамтамасыз ету және электрондық платформаны қолдана отырып есепте тұрған адамдардың орналасқан жері туралы ақпарат алу жұмыстары пысықталып жат­қанын жеткізді. Сонымен бірге интернет желісі арқылы қолжетімді GSM, GPS стан­дарттары арқылы ұялы байланыс желісіне негізделген VPN виртуалдық жеке желісі негізінде деректерді беру, білезіктердегі де­ректерді алу қызметін ұйымдастыру жұ­мыстары жүргізілуде. «Біздің тарапымыздан білезіктердің жұмысы көрсетіліп, туындауы мүмкін кем­шіліктерін қарастырып шықтық. Өзіміздің ұсыныстарымызды бердік. Қазір тиісті ұсыныстар қабылданып, ол бойынша жұ­мыстар жүргізілуде. Мысалы, білезіктердің бауы қатты болғандықтан адамның қолы мен аяғына кигізілгенде қажалуы мүмкін. Қуаттандыру уақытының аздығы және қуаттандыруға кететін уақыттың да көптігін де ұсынысқа кіргіздік. Сол себепті осы мә­селені шешу үшін ұсыныстар бердік», – дейді Қанат Құрақбайұлы. Ал білезіктің корпусын рұқсатсыз алу және ашу бақы­лаудың кіріктірілген жүйесі бар глонасс GPS жаһандық новигациялық спутниктік жүйесінің сигналдары бойынша аны­қ­талады екен. Ол бойынша есепте тұрған адамдардың денесінде алып жүруге арнал­ған арнайы электрондық құрылғы қада­ғалауға мүмкіндік береді. Білезікті жеткізу жиынтығына белдік, білезіктің бекітуге арналған клипстері, қуаттау құрылғысы кіреді. Білезік арқылы бақылау жүйесін құқық қорғау қызметкерлерінің қолындағы қолданыстағы бақылаушы құрылғыларға байланыстыру жұмыстары жеделдетілуде. Планшеттер қызметкер жұмыс орнында болмаса да, браузерлері бар кез келген құ­рылғыға сигнал келе береді. Бұл өз кезегінде бостандықта жүрген педофилдердің артық әрекетке баруын қадағалауға мүмкіндік бермек.

Педофилдер пробация бақылауында болады

Есептегі педофилдерді Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробация инспекторлары да қадағалайды. Олар да білезікпен бақылауға алу жұмысын қолға алады. Инспектор қажетті деректерді ком­пьютердің, планшеттің немесе смартфон­ның көмегімен жеке кабинет арқылы тексеруіне мүмкіндігі бар. Егер әлгіндегі айтқандай сотталған адам белгіленген тыйымды бұзса немесе білезікті зақымдауға тырысса, бұзушылық туралы белгі дереу полиция қызметкерлерінің планшетіне түседі. Бұдан кейін тиісінше Пробация қызметі жазаның түрін бас бостандығынан айыруға өзгерту туралы мәселені қарау үшін материалдарды сотқа береді. Үреймен өмір сүріп келе жатқан ата-аналар жазасы толық дәлелденсе, бүлдір­шіннің болашағына балта шапқандарды өмір бақи түрмеге қамап, өлім жазасына кесу керегін қалайды. Бірақ мемлекетіміз халықаралық міндеттемелерге сай бұл мүмкіндікті толық пайдалануға құқы жоқ. Дегенмен өзге елдердегідей азғындардың жазасы лаңкестердің жазасымен теңес­тіріліп, Франция, Ұлыбритания мен Поль­шадағыдай құрықталған педофилдерді өмір бойына темір тордың арғы жағына аттан­дырған дұрыс-ақ. Өйткені сарапшылардың өзі балаларға қарсы жыныстық зорлық-зом­былық жасап сотталғандардың 90 па­йызы қайта зорлық жасайды екен. Кеш жет­се де, шетелдегідей педофилдерді біле­зікпен бақылап, жасөспірімдер жүретін жер­лерге заңмен жолатпаудың жолы жақсылап қолға алынғанын күтеміз.

Жадыра МҮСІЛІМ