Бұл жолғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарының тауар өндірушілері мен Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынуда, – деп хабарлады Elorda.info.
Жәрмеңкеде сұранысқа ие өнімдердің кең ассортименті ұсынылған. Атап айтқанда, сиыр еті, жылқы еті мен қой еті, құс еті, сүт және сүт өнімдері, көкөністер, оның ішінде картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, сондай-ақ, жемістер, жұмыртқа, балық, жарма және жоғары сұрыпты ұн.
«Қазір жәрмеңкенің басы ғана. Ауа райына қарамастан, келушілер саны артып келеді. Сатып алушылар көп. Бізде дүкендерге қарағанда бағалар әлдеқайда төмен. Бүгін ет пен көкөністер көптеп саудалануда. Кешке дейін жұмыс істейміз», – деді сатушы Бақтияр.Бағаларға келетін болсақ, жылқы етінің бір килограмын 2200 теңгеге, сиыр етін – 2000, қой етін – 2000, құс етін – 1000, пісірілген шұжықты – 850-2000, ал картопты – 140 теңгеге сатып алуға болады. Биыл елордада жәрмеңкелер жаңа форматта өткенін атап айтқан жөн. Оған аймақтардағы тауар өндірушілерден бөлек, жергілікті сатушылар да қатысты. Сөйтіп, белгілі бір өңірлерде жоқ өнімдер ұсынылды.