Таразда әйел қала тұрғындарының 45 млн теңгесін алдап алған, – деп хабарлайды Polisia.kz. Тараз қаласы полиция бөліміне бір топ адам арызданды. Олардың айтуынша, 2021 жылдың сәуір-тамыз аралығында бейтаныс әйел сенімдеріне кіріп, ломбардқа алтын бұйымдарын уақытша өткізгені үшін ақшалай сыйақы беремін деп алдаған. Анықталғандай, әйел жалпы құны 45 миллион теңге тұратын алтын бұйымдарды иемденіп кеткен. Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 31 жастағы Тараз қаласының тұрғынын ұстады. Күдікті өз кінәсін мойындап, қамауға алынды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-тармағымен (Алаяқтық ) жүргізілуде. Әйелдің мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.