«Азаматтарға арналған үкімет»: бюджет қаржысы қайда?
«Азаматтарға арналған үкімет»: бюджет қаржысы қайда?
241
оқылды
Мемлекеттік қызметті мейлінше қолжетімді етудің жолдары қарастырылып-ақ келеді. Сол үшін 2016 жылы төрт ірі мемлекеттік кәсіпорын біріктіріліп, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ құрылған. Әйткенмен мемлекеттік қызметті алу саласында әлі де шикілік көп. Мәселен, жақында еліміздегі екі өңірдің өзінде ғана мамандандырылған ХҚКО-да мыңнан астам адам жүргізуші куәлігін сатып алғаны туралы ақпарат тарады. Ал өткен аптада «Nur Otan» пар­тия­сы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жө­ніндегі республикалық қоғамдық ке­ңес­те «Азаматтарға арналған үкімет» бюджет қаржысын тиімсіз жоспарлауда бірінші орынға шық­қаны сөз болды. Оның ішінде бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталып, мем­лекеттік сатып алу саласына қатысты заңсыздыққа жол берілген. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 662 қызмет түрін ұсынады. Яғни, корпорация мемлекеттік қызмет түрінің 96,5%-дан астамын көрсетеді деген сөз. Оның ішінде табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған тех­никалық шарттарды беру және квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің қызметтерін көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша және табиғи монополиялар субъек­тілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жө­ніндегі міндеттерді де қоса атқарады. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көр­сетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олар­дың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, электронды нысанда мемлекеттік қызметтерді көрсетуді қамтамасыз ету үшін жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру­шы мекеме. Тағы бір ерекшелігі, «Азаматтарға арналған үкіметтің» міндетіне жүргізуші куәлігін алу, автокөлікті тіркеу және нөмірлік белгіні беру бойынша қызмет түрі кіреді.

Жүйедегі олқылықты оңтайлы пайдаланған

Корпорацияны басқарушылар осылай дейді. Қазір «бір терезе» қа­ғидаты бойынша жұмыс істейтін «Аза­маттарға арналған үкімет» ба­рынша автоматтандырылған. Осы­лайша жүргізуші куәлігін алу уақыты 6 са­ғаттан 2 сағатқа қысқартылса, нөмір мен техникалық құжатты ар­найы «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы» КЕАҚ -да 90 минуттың ішінде алуға болады. Айта кетерлігі, мемлекеттік корпо­рация жұмысында адами фактор толығымен жоққа шығарылған. Бұл бойынша бағаны орталық компьютер береді. Қандай да бір жолмен көмек­тесуге, күн ілгері белгілі болған нұс­қа­ны енгізуге болмайды, өйткені бірнеше камера­лардан ұдайы бей­небақылау жүргізіліп оты­рады екен. Жақында Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин астананың мамандандырылған ХҚКО-сына барып, «Құпия сатып алушы» ем­тихан тапсырмай-ақ жүргізуші куә­лігін алатынына куә болғаны туралы видео жариялаған еді. Видеода министр ешкім таны­мауы үшін көзілдірік киіп, экспери­ментке қатысушы құпия сатып алу­шымен бірге таңғы сағат 10 шама­сында арнайы ХҚКО-ға кіріп, жүр­гізуші куәлігін алуға келіскен. Олар бірігіп қажетті адамды тауып, оған құжаттарын, қолхат беріп, практи­калық және теориялық емтихандарды тапсырмай-ақ дайын жүргізуші куәлігін алды. Ол ОКҚ брифингінен кейін журналистерге берген пікірінде: «ХҚКО-ға барып жүргізуші куәлігін алу процесінде заңбұзушылықтарға тап болдым. «Азаматтарға арналған үкімет» ішкі қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері түсірген видео заң­бұ­зу­шылықтарды алдын алуға нақты негіз болды. Қазір мемлекеттік кор­порация қызметкерлері еліміз бо­йын­ша осындай деректерді анықтап жатыр. Материалдар одан әрі тал­қылау үшін құқық қорғау орган­дарына жіберіледі», – деген еді министр. Арнайы ХҚКО-да жүргізуші куәлігін теориялық және практи­калық емтихандардан өтпей-ақ алуға болады деген шағымдар көп. Министр мұның шын мәнінде қалай болатынын өз көзімен көру үшін осындай әрекетке барған.

Мыңнан астам адам куәлік сатып алған

Корпорация құрылған бес жыл ішінде 150 миллион қызмет ұсынған. Қазір республика бойынша 339 ХҚКО, 442 бэк-офис, 21 цифрлық қызмет көрсету орталығы, 32 ма­мандандырылған ХҚКО және 69 мобильді ХҚКО бар. Жаппай ав­томаттандырылып, оңтайлан­ды­рылған инновациялық-цифрлық жоба­лардың арқасында смартфон­ның көмегімен-ақ көп шаруаны шешіп алуға мүмкіндік туды. Деген­мен адамнан айла артылмайтын заманда автоматтандырылған жүйе­нің өзін айналып өтіп, оңтай­лан­дырылған жобаның да оңтайлы шешімін табатын қызметкерлерге шектеу қою қиын секілді. Мысалы, осыған дейін Ақмола және Қостанай облыстарының мамандандырылған ХҚКО-ларында мыңнан астам адамның жүргізуші куәлігін сатып алғаны туралы ақпарат тарады. Ал бұған дейін де дәл осы ХҚКО-ның өз қызметкерлерінің өзге адамдардың орнына жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсырғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері анықтаған болатын. Олар жүргізуші куәлігін алуда емтиханды сәтті тап­сыру үшін арнайы дайындалған басқа адамдарды да тартып отырыпты.

Қоғамдық кеңестің көңілі толмады

Өткен аптада «Nur Otan» партия­сы жанындағы сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте үш жыл ішінде мемлекеттік қызмет көр­сету саласында 222 сыбайлас жем­қорлық құқықбұзушылық тіркеліп, 122 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны мәлім болды. Бұдан бөлек, корпорация бюджетті тиімсіз жоспарлау бойынша антирейтингте 1-орынға шыққан. Кеңес мүшесі әрі жұмыс тобының жетекшісі Ғалым Байтоқтың айтуынша, инспекция барысында бірқатар сыбайлас жем­қорлық тәуекелдері анық­талыпты. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласы да бар. «Мемлекеттік кор­порация 2019 жылы 37,7 млрд тең­геге сатып алу жүргізді. Бұл сома­ның 70%-дан астамы тікелей бір көзден алынған. Сатып алу туралы 10 мың шартта 4 мыңнан астам тәуекел анықталған. Конкурстарда 705 жеткізуші тендерлерді басқаларға қарағанда жиі ұтып алыпты. Ал 2 мыңнан астам келісімшартта бағалар жоғары көрсетілген, жеткізу мерзімі қысқа», – дейді Ғалым Байтоқ. Кеңес төрағасы Ерлан Саиров ХҚКО-ның қызметтері қалаларға қарағанда ауыл тұрғындары үшін қолжетімді еместігін алға тартып отыр. Мәселен, аудан орталықтары­нан 200-300 шақырым жерде орна­ласқан шағын ауыл тұрғындарының орталық­қа қатынауы қиын. Әсіресе, шекаралас аудандардағы халықтың мемлекеттік қызмет алуға қолжетім­сіздігін «дел­далдар» ақша табудың кө­зіне айнал­дырып алған. «Адам­дардың сенгіштігі мен жасы үлкен зейнеткерлердің элек­тронды гаджет­термен жұмыс істей алмайтынын пай­даланатын «пы­сы­қайлар» мемле­кеттік қызмет алуды өз мүмкіндігіне пайдаланып жатыр», – дейді Ерлан Саиров.

Таныс іздеп жанталасады

Алайда «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ басқарма төра­ғасы Әділ Қожықов мемлекеттік қызмет алу сапасының артуы мен саладағы сыбайлас жемқорлықты жою үшін барлық мүмкіндік қарас­тырылып жатқанын жеткізді. Ай­туынша, тұтынушының құзырлы орын­мен тікелей байланыстан шы­ғарылуы сыбайластық схемасын түбірімен жоюға көмектеседі. Бұ­рынғыдай қағазбастылық адамдарды жеңіл жол іздеуге итермелесе, қазір ұсынылатын құжаттар мен анықта­малар саны қысқартылып жатыр. «Мысалы, Ақтөбе облысымен бір­лесіп, мемлекет меншігінен жер телімін сату бойынша аукцион өткізу немесе egov порталы арқылы онлайн әдісімен жалға алу құқын беру, жер телімін ұсыну қызметін енгіздік. Тұтынушылардың өтініштерін қарау мерзімін қысқарту да сыбайластық қаупін жояды», – деп отыр Әділ Қожықов. Тұрғындардың өздері де құжатты аз уақыт ішінде иеленгісі келеді, не болмаса ең соңғы сәтте ал­ғысы келгенде таныс іздеп жанта­ласады екен. Сол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» жылжымайтын мүлікті 2 сағат ішінде тіркеуге болатын мүмкіндік қарастырыпты. «Нотариусқа жүгінген кезде бұл қызметтің нәтижесін азаматтар екі күн күтеді. Сол секілді банкте адамдар ипотека, несие рәсімдеу мақсатында кепілдікке қою үшін шұғыл меншік құқын дәлелдеу керек болады немесе басқа құжаттық қажеттіліктер туындайды. Енді бұл үрдісті тариф бойынша қосымша ақы төлеп, тездетуге болады. Біз бұл жерде төлемақыны банк қосымшасы арқылы қабылдауды енгіздік. Бұл тұтынушының банк кассаларында немесе «Қазпоштада» кезек күтпей, үрдісті тездетуге мүмкіндік берді», – дейді басқарма төрағасы.

Жеңіл жол іздейді

Бір аптаға созылатын бронның уақытын күткісі келмейтіндер де жеңіл жол іздейді екен. Осындай кедергілерді жою үшін ашықтықты арттыруға көңіл бөлініп жатқанға ұқсайды. Мысалы, Алматы қала­сында қолданысқа енген U-study жобасында теориялық сынақты тапсыру толықтай автоматтандырыл­ған. Бұл тестілеуден өтуді қалай­тындар санын күрт қысқартыпты. Әділ Қожықовтың айтуынша, үшінші тұлғаларға қатысты сенімхат бо­йынша қызмет көрсетуді сұрайтын адамдар мұқият тексеріледі. Әртүрлі сылтау айтып, мерзімі өтіп кеткен, электронды цифрлы қолтаңбаны беретін бекет көрсетілмеген сенімхатпен келетіндерге тосқауыл қою үшін тұтынушылар фотоанықтаудан өткізіледі. Бұл үшінші тұлғаның келу мүмкіндігін жояды екен. Бүгінде ХҚКО-на бармай-ақ, операторлардан қызметтерді смартфон арқылы алуға мүмкіндік беретін «Бейне ХҚО» қосымшасы іске қосылған. Оның кө­мегімен оператормен бейнебай­ланысқа шығып, қызмет алуға мүм­кіндік бар. Қосымшада сұранысқа ие 25 мемлекеттік қызмет қолжетімді екен. Таяуда енгізілетін биометрияны пайдалану да жемқорлықтың алын алмақ. Фото немесе саусақ ізі арқылы бірегейлеу де барынша ашықтықты жолға қоятын көрінеді.

Қауіпсіздік қызметі – құпия тұтынушы

Мемлекеттік корпорация өз құзыреті аясында тұрақты түрде алдын алу шараларын жүргізеді. Оның ішінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарында үшінші тұлғаның теріс қызметіне жол ашпас үшін құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыс жүзеге асырылады. Сондай-ақ қауіпсіздік қызметі құпия тұтынушы ретінде ХҚКО-на жү­гінеді. «Азаматтарға арналған үкімет» халыққа ұсынылатын қызметтің әділ болуына атсалысып келеді екен. Ал жемқорлық әрекеттерге жол бермеу үшін тұрғындар да өз тарапынан құқықтық сауатын арттырып, за­манауи технологияны меңгеруге мүдделі болуы керек. Әйтсе де, кеңес мүшелері айт­пақ­шы, интернетке қол жеткізудің қиындығы мен жүйедегі олқылық, одан қалса аймақтардағы халыққа қызмет көрсету орталықтардың аздығы жемқорлықты жоюға кедер­гісін келтіреді. Сондықтан орталық санын арттырып, қолданыстағы заң­намаға өзгерістер енгізу керек. «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі Ғалым Байтоқтың айтуынша, мың жерден заңды біліп тұрғаныңмен медициналық мекеме қызметкерлерінің қызмет көрсету мерзімін сақтамауының салдарынан халықты емханаларға тіркеу кезінде мерзімін өткізіп алу мәселесі жиі кездеседі. «Бұл жалғыз мекемеде кез­десетін жағдай емес. Мұндай мы­салдар көп. Мемлекеттік қызметтерді уақытылы көрсетпегені, электронды құжаттарды қабылдаудан бас тарт­қаны үшін, сондай-ақ ақпараттық сервистердің, оның ішінде egov.kz порталының жұмысындағы іркілістер үшін әкімшілік жауапкершілік енгізген жөн», – дейді Ғалым Байтоқ.

Жадыра МҮСІЛІМ