Сенімгерлік басқаруға кім мүдделі?
Сенімгерлік басқаруға кім мүдделі?
168
оқылды
Өткен бейсенбі күні таң алагеуімнен Шымкент қа­ласын­да­ғы №2 емхананың алдында шу шықты. Күздің, одан қалса таңның қара суығында жұмыс орнына кіре алмаған меди­цина қызметкерлері мен емделуге келген науқастар ғима­рат қақпасынан ары аса алмай сер­гел­деңге түсті. Айтула­рын­ша, ғимарат қожайыны мекемеге кіруге рұқсат бермеген.

Жұмысшылар мен науқастар қақпада қаңтарылып қалды

Қала тұрғыны Сергей Похо­мов­тың жүрегінің сыр беріп жүр­геніне біраз болған. Соңғы кезде қатты ма­залап жүргендіктен, шұ­ғыл түрде ота жасатуы тиіс болып­ты. Емдеу дәрігері тез арада құжат жинап, еліміздің бас қаласына ба­руға кеңес берген. Алайда құжа­тын реттеу үшін емханаға ерте кел­генімен, мына жағдайды көріп, науқастың одан сайын көңіл күйі түседі. Дау­рығып, айқай шығар­ған­мен, қол­дан келер шара жоқ. Таң­ғы суықта дірдектеген емделу­шілер осылайша сағат 10-ға дейін сыртта жүреді. Нау­қастар мұндай өрескелдікке жол беріп отырған Денсаулық сақ­тау басқар­масының басшылығына наразы­лығын да білдіріп жатты. Оқиға орнына жет­кен басқарма басшысы мәселені 10-ға таяу рет­теп, барлығы да жұ­мыс орнына жайғасты. Осындағы медицина саласы­ның мамандары ғимарат иесіне қа­палы. Табан астында айтылған шешімге наразы. «Мұндай маңыз­ды шаруаны алдын ала 1-2 ай бұ­рын ескертуі тиіс», – дейді олар. Ем­ха­на­дағылар тіпті көшіп-қону­дан шар­шаған. Соңғы бес жылда үш рет қо­ныс аударыпты. Мұнда келген­деріне де небәрі 1 жарым жыл бол­ған. Енді үйрене баста­ған­да тағы көшу кімге ұнасын?! Оның үстіне, қара басы емес, толып жат­қан ме­ди­циналық аппарат пен техникалар, құжаттарды ары-бері тасу, оларды орналастыру да біраз уақытты ала­ды. №2 емхананың бас дәрігері Нұр­бике Адимбаева «енді осылай­ша тағы ойда-жоқта ғи­мараттан шық дейтін болса, қар­сылы­ғы­мызды білдіріп, құзырлы органдарға шағымданамыз», – деп отыр. Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ба­қытжан Позилов нысанның се­німгерлік басқаруға өткенін бір күн бұрын ғана естігенін жеткізді. «Бар­лығы заңды. Бастысы, ха­лыққа қо­лайлы жағдай жасалады. Нау­қастар да, ұжым да түгел осын­да қала бе­реді. Бұл емхананың бұ­рын­ғы отыр­ған орны өте ескі еді. Қон­дыр­ғы­лары, керек-жарағы бол­ма­ған. Сол үшін біз 17 түрлі талабы­мыз­ды қоя отырып, аталған емха­на­ның жағ­да­йын жақсарту мақ­сатында сенім­герлік басқаруға беруге ұсынғанбыз. Бірақ басқа жеке компания ұтып алған», – деді басқарма басшысы. Алайда қалалық емхананың се­німгерлік басқаруға берілуі жер­гі­лікті халыққа ұнап отырған жоқ. Олар жекенің қолына емес, бұ­рынғыша мемлекеттік емхана бо­лып қалғанын қалайды.

Сенімгерлік басқаруға алған компания нені мойнына алмақ?

Айта кетейік, ресми мәлімет­тер­ге сүйенсек, №2 емхана жалпы ау­даны 3832,7 шаршы метрді құ­рай­тын үш бейімделген 2-3 қа­батты стандартты емес ғимарат­тарда ор­на­ласқан. 1960 жылы са­лынған Абай даң­ғылы №35 үйдегі және 1938 жылы салынған Абай даңғылы №16 үйдегі ғимарат­тар­дың 100 па­йыз то­зығы жет­кен екен. Бұл ту­ралы Ден­саулық сақтау басқармасы ха­барлады. Жал­д­амалы ғимаратта орналасқан ем­ха­на 60 мың тұрғынға қызмет көр­сетеді. Материалдық-техни­калық базамен жабдықталуы 74 пайызды құрайды. Алайда жаб­дықтардың 80 пайызға жуығы ес­кірген. Сондықтан Шымкент қа­ласының әкімдігі ем­хананы соңғы үлгідегі диагности­калық және функ­ционалдық меди­циналық құ­рылғылармен жабдықтау қажет­тілігін ескере отырып, қолда­ныс­тағы заңнамаға сәйкес 15 жылға сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру үшін конкурс өт­кізген. Басқарма басшылығы се­нім­герлік басқаруға беру арқылы ем­хананың компьютерлік томо­графиямен, магнитті-резонансты томографиямен, флюроскопиялық аппараттармен, барлық датчигі бар ультрадыбыстық, маммогра­фия­лық аппараттармен және жоғары сапа­лы талдаулар жүргізуге ар­налған бірқатар соңғы зертханалық диаг­ностикалық құрылғымен, жаттығу терапиясымен қамтылу мүмкіндігі бар екенін айтады. «Емхана мемлекеттік емес сек­тордағы сенімгерлік басқаруға бе­рілгенде медициналық көмек сапа­сы артып, тұрғындарға көр­сетілетін медициналық көмек те айтарлықтай жаңаруы тиіс. Жаңа медициналық технологиялар мен инновациялар­дың трансферті, операциялық және стратегиялық басқару сапасын арт­тыру нәтижесі күтіледі. Меди­цина қыз­меткер­лерін ынталандыру дең­гейі артады деп сеніп отырмыз. Оларды же­текші шетелдік сарап­шыларды тарта отырып, біліктілігін арттыру курстарына қатысуын, қа­зақ­стандық және шетелдік ме­ди­ци­налық ұйымдарда тағылым­да­мадан өтуін, шеберлік сабақтарын өткізу арқылы дәрігерлер мен мед­би­келердің кәсіби құзыреттілік дең­гейін арттыруы міндеттелген», – дейді басқарма басшылығы. Сондай-ақ қазір тендер жеңім­­па­зы емхананы қабылдап алу бо­йын­ша шаралар қабылдап жатыр. Жалға беруші жағдайды түсін­бей, емхана жұмысын шектеп тас­таған. Енді емхананы сенімгерлік басқаруға алған тендер жеңімпазы бейіні мен штаттық кестесін сақ­тай отырып, аталған шарт бойын­ша бар­лық міндеттемені өз мой­нына ал­мақ. Шарт жасалған сәттен бас­тап емхананың барлық міндеті сенімгер басқарушыға жүктеледі. Басқармадағылар сенімгерлік басқаруға алған компания осындай талаптарды орындайды деп нық сеніммен отыр.

Шымкенттік медицина нысандарын жөндеуге миллиардтар бөлінеді

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 13 мемлекеттік емхана, №2 қалалық аурухана алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік 3 аурухана бар. Басқарма маман­дары жыл сайын тозығы жеткен ғи­мараттарға жөндеу жұмыс­та­ры­ның жасалып тұратынын айтады. Ал «Шымкент» ӘКК медициналық ұйымдарға арналған жаңа ғимарат­тар салу үшін инвесторлар тарту бойынша жұмыс жүргізіп жат­қанын жеткізді. Биыл ешқандай жаңа медициналық ғимарат са­лынбаған. Дегенмен қалалық пер­зентхананың ғимаратына күрделі жөндеу жұмыс­тары үшін жалпы 1,7 млрд теңге 2 жылға қаралған. Оның биыл 178 млн теңгесі бө­лініпті. Одан басқа, 5 медициналық ұйым ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүр­гізу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мем­лекеттік сарап­тама жүргізу үшін ақшалай қаражат қаралған. Осы тұста айта кетейік, байқа­ғанымыздай, Шымкенттік меди­ци­на мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары үшін миллиардтар қаралатыны таңғалдырып отыр. Мәселен, жоғарыда атап өткендей, перзентхананың күрделі жөндеуі үшін 2 миллиардқа жуық қаржы қаралса, №2 қалалық аурухананың жөндеу жұмысына (фосфор ауру­ханасы аталып кеткен) 3,8 млрд, яғни 4 миллиардқа жуық қаржы бө­лінген. Мамандар осы қаржыға бір емес, екі аурухана салуға бола­тынын айтып шырылдап жүр. Тіпті, осы ауруханаға кеткен шығын бо­йынша бүгінде дау басылмай келеді. Ал сенімгерлік басқаруға келе­тін болсақ, бұл мәселеде соңғы кез­дері жеке тұлғаның қызығушы­лығы басым болып тұр. Кейбір мемлекеттік органдар да соңғы кез­де белгілі бір нысанды мил­лиард­таған қаржыға салып, оны кү­тіп-баптап отыра алмаймыз де­ген сылтау-себептермен жекемен­шікке бірнеше талаппен беруді әдетке айналдырды. Алайда, өкі­нішке қарай бәріне «ләббай» деп ке­лісімшартқа отырып алған се­нім­герлік басқару иесі сәл уақыт­тан соң талаптарды орындамай, қыз­меткерлердің наразылығын ту­ды­рып жүр. Дәл осыған ұқсас жағ­дайлар бірнеше жерде қай­таланып келеді. Мүмкін, осыған бір нақты ұстаным енгізілуі қажет шығар...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы