Аузы-мұрны жоқ отау
Аузы-мұрны жоқ отау
Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында қараусыз қалған ескі үй қалпына келтіріліп жатыр. 1967 жылы салынған 46 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй 90-жылдары қаңырап бос қалған еді. Содан бері есік-терезесі үңірейіп тұрған үйдің жөнделе бастағаны құптарлық-ақ. Бірақ тұрғындар бұл істен олқылық тауып, жап-жақсы бастаманы әлеуметтік желілерде күлкіге айналдырды. Сөйтсек, балконның орнына оның суреті ғана салынған екен. 90-жылдардағы дағдарыс кезінде көпқабатты тұрғын үйлер жарықсыз, жылусыз, сусыз қалып, тұрғындары үде­ре көшкені белгілі. Сол кезде көп­теген солтүстікқазақстандықтар өз үй­лерін тегін тастап кеткен болатын. Сер­геевка қаласындағы қалпына келті­ріліп жатқан көпқабатты үй де сол жыл­дары қаңырап бос қалған-тын. Еліміз етек-жеңін жиған бүгінгі күні сол үйлер­дің терезе­сінде қайтадан от жылтырады. 46 пәтер­лі ескі үйді қалпына келтіруді жеке­меншік құрылыс компаниясы өз инвес­тициясы есебінен қолға алған екен. Басқа жұмыстардың қалай атқа­рылғаны белгісіз, дәл қазір осы үйдің балкондары тек сурет екені жұртшы­лықтың талқы­сына түсті. Төртқабатты тұрғын үйдің сыртынан қарағанда балкондары бар сияқты көрінгенімен, оған шығу мүмкін емес. Өйткені үйдің ішінен есік салын­баған. «Сонда балкон­ға кіру үшін далаға баспалдақ қоямыз ба? Әлде терезеден секіріп шығамыз ба? Есіктің ақшасы есебінен қаржы үнем­деген бе?», – деп тұрғындар аң-таң. Бұл жайт жөндеу жұмыстары аяқ­талуға таяғанда ғана белгілі болды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары аяқталған соң мемлекет қаржысы есебінен бұл үйге инженерлік желілер тартылмақ. Одан соң Сергеевка қаласының әкімдігі барлық пәтерді сатып алып, баспана кезегінде тұрған мұқтаж отбасыларға таратпақшы. Шал ақын аудандық әкімдігі өкіл­дерінің сөзіне сенсек, мұндағы бал­кондар тек декорация қызметін атқару үшін салынған екен. «Жобалық-сме­талық құжаттамада және сараптама қо­рытындысында балкондар ескеріл­меген. Бірақ құрылыс компаниясы үйдің сәулеттік келбетін бұзбау үшін бұрынғы балкондарды қалдыру туралы шешім қабылдады», – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанат Аманбайұлы. Мына шудан кейін ау­дандық әкімдік құрылыс компаниясына балкондарды бұзу туралы ұсыныс жасаған көрінеді. Себебі пәтер иелері өздері есік орнатып алған күннің өзінде бұл балкондарға шығу қауіпті екен.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы