Ауруханадан шыққан екеуі бір ай бойы үйінде ем-дом алады. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Шахтер Элайдын Зейналов пен Жеңіс Маралбаев өткен аптада жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылған еді. Бір аптадай дәрігерлердің бақылауында болған олардың денсаулығы қазір жақсы. Десе де қос кеншінің бойында үрей қалған. Олар шахтаға қайтып түскісі келмейді. 40 жылға жуық көмір кенішінде еңбек еткен азаматтар өзге жұмысқа ауысуға ниетті. 7 қарашада таңғы сағат 8 жарымда Абай шахтасында метан газы жарылған. Жер астында болған 64 кеншінің 56-сы қашып шықса, апат ошағында болған 8 кенші қаза тапты.Кенші Жеңіс Маралбаев: «Егер мүмкіндік болса ол жаққа бармаймын. Қорқып тұрған жоқпын, бірақ кішкене жасымыз келіп тұр ғой енді. Қауіпті. Барлығы ескірген. Басқа жұмыс... енді білмеймін, кімге керекпін? Мен басқа жұмыс дегенді білмеймін де», – деді.
Бұған дейін жарылыстан қаза тапқан шахтерлердің отбасына кеншінің 10 жылдық жалақысы берілетінін жазған болатынбыз.