ЖОО-ны оңтайландыру мәселелері қаралды

ЖОО-ны оңтайландыру мәселелері қаралды

«Nur Otan» партиясы жа­нындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республи­калық қоғамдық кеңестің мү­шелері жоғары оқу орындарын оңтайландыру және ғылыми қызметті жетілдіру мәсе­ле­лерін талқылады. Білім және ғылым вице-ми­нистрі Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, жүргізілген инспекция нәтижелерінде үш жоғары оқу орны сот шешімімен жабылған, біреуі лицензияны өз еркімен қайтарса, ал төрт өңірлік жеке­меншік ЖОО екіге біріктірілген. М.Нәрікбаев атындағы KAZ­GUU басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаевтың пікірінше, қазір талқыланып жатқан білім беру ұйымдарынан лицензияны сотсыз қайтарып алу тетігі жа­былған уни­верситеттер санын көбейткенімен, мәселені толық шешпейді.

«Диплом басып шығаратын фабрикалар» мәселесі жиі көте­ріледі. Кейбір университеттер пай­да табуды ғана көздеп, білімнің сапасын тым төмендетіп жіберді. Төрт жылдан бері Академиялық адалдық лигасы жұмыс істеп келеді, тиісті әдістемелік аппарат әзірленді. Оны пайдалана отырып, біз жөн-жосықсыз жұмыс істейтін жоғары оқу орындарын жаба аламыз», – деді Талғат Нәрікбаев.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс де­путаты Жұлдыз Сүлейменова пар­тияның сайлауалды бағдар­лама­сында Петропавл мен Шым­кентте Nazarbayev University үлгісі бо­йынша екі озық университет салу көзделгенін еске салды.
«Бұл жерде өңір жастары үшін жоғары білімнің қолжетімділігін күшейтетін толыққанды ұйымдар туралы айтып отырмыз. Бірақ басқа университеттерге осындай оң тәжірибені қабылдауға ештеңе кедергі келтірмейді ғой. Сонымен қатар пандемияның оқу процесіне әсері туралы ұмытпаған жөн, сту­денттерді оқыту сапасының тө­мен­деуіне жол бермеу керек», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Жиын барысында кеңес мү­шелері ғылымды дамыту мәсе­лелерін де талқылады. «Nur Otan» сайлауалды бағдар­ла­масын іске асыру шеңберінде Ұлттық ғылыми кеңестер (ҰҒК) мү­шелерінің құрамы 85%-ға жаңар­тылды, Үкімет қаулысымен ҰҒК ережесі, мемлекеттік ғы­лы­ми-техникалық сараптаманы ұйым­дастыру және жүргізу қағи­да­ла­ры қабылданды. Сондай-ақ ғылыми-техникалық қызметті база­лық, гранттық және бағдар­ламалық-нысаналы қаржылан­дыру қағидалары әзірленіп, жас ғалымдарға 1 мыңнан астам грант бөлінді, ал жыл соңына дейін 13 ғылыми ұйымның аудиті аяқ­та­лады. Ал сол кезде ғылыми кадр­ларды даярлау тетігі жаңартуды қажет етеді.
«Қазақстанда диссертация тақырыбы докторантурада оқу басталған алғашқы айда Білім министрінің бұйрығымен бекіті­леді де, содан кейін тақырыпты өз­герту мүмкін емес. Алайда зерт­теу барысында гипотеза да, әдістер де 10 рет өзгереді. Кеңестік жүйе­ден Болондық білім беру жүйесіне көшу барысында біз орта жолда тоқтап қалып, түсініксіз гибридке тап болғандаймыз», – деп атап өтті кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Зульфия Сүлейменова.
Жиын қорытындысы бойын­ша кеңес Білім және ғылым ми­нистрлігіне, сондай-ақ басқа да уәкілетті органдарға айтылған бар­­лық ескертуді, бастаманы ерек­­ше бақылауға алуды және олар­­ды іске асыру жөнінде ұсы­ныстар енгізуді тапсырды.

Ерке ЕРҚОҢЫР