Ақтау жасыл желек жамылып жатыр
Ақтау жасыл желек жамылып жатыр
«Nur Otan» партиясының «Өз­герістер жолы: әр азаматқа ла­йықты өмір» атты сайлауалды бағдар­ламаның Жол картасында көрсетілген міндеттердің орын­далуы бойынша өңір басшысы Нұрлан Ноғаев облыс орталығын аралап, Ақтау қаласындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Осы сапар барысында Нұрлан Ноғаев ең алдымен «Маңғышлақ эксперименттік ботаникалық бағы» РМК-ға барды. Аталған кәсіпорынның жетекшісі Ақжүніс Иманбаеваның айтуынша, бақ аумағында тұщы судың жоқтығына, топырақтың жоғары дәрежеде тұздануына қарамастан қызметкерлер 29 гектар жерде ғылыми жұмыстар жүргізеді. Атап айтқанда, Маңғыстаудың қолайсыз климаттық жағдайында өсімдіктердің өсуі мен олардың биоэкологиялық ерекше­ліктерін анықтап, 1 359 ірі коллек­циялық қор құрумен айналысады. Онда Қазақстанның құрғақ климатты жағдайында өсетін, экологиялық таза құрылысқа қажетті ағаш-бұта тұқым­дастарының 275 түрі және 102 шөпті өсімдіктер өсіріледі. Сондай-ақ өңір басшысы Ақтау қаласының 34 «А» шағынауданында бой көтерген 10 гектар аумақтық бо­таникалық баққа барды. Онда 25 мыңнан астам қылқан жапырақты, 159 түрлі жеміс-жидек көшеті отыр­ғызылған. Жобалау-сметалық құ­жаттама бойынша саябақтың қоршау жұмыстары, зертхана ғимараты мен шаруашылық құрылыстары толық аяқталған. Ішкі жаяу жүргінші жол­дары, шағын сәулеттік нысандар мен ландшафты-коллекциялық жасыл желектер отырғызылған. Ботаникалық бақ зертханасында облыс әкіміне сәндік жасыл желек­терді өсірудің жеделдетілген әдісі бойынша ғылыми тәжірибелер жүр­гізіліп жатқаны айтылды. Бұл – ағаштардан сәндік экспозициялар жасау үшін отырғызылған көшеттер. Ол табиғи су қоры сақталмайтын шөлді аймақта жақсы жерсінеді. Бұдан кейін Нұрлан Ноғаев 3 шағынаудандағы үй ауласына арнайы технология бойынша 5 млн-ға жуық тұя ағашын отырғызған кәсіпкердің жұмысымен танысты. Сондай-ақ кәсіпкер сол жерге 1 000 түп қарағай көшетін отырғызған. Ендігі кезекте кәсіпкер бұл көшеттерді трансплан­тациялау үшін қосымша жер қажет екенін айтады. Алдағы уақытта ол 12 млн-ға тұя ағашын, 600 мың қарағай, 100 мың шие, 200 мың қара өрік және алша көшеттерін отырғызуды жос­парлап отыр. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға облыс орталығын көгалдандыру бойынша барлық іс-шараның орындалуын қатаң бақы­лауға алуды тапсырды. Ботаникалық бақ қызметкерлерімен және кәсіп­кермен бірге осы бағыттағы жұмысты тұрақты негізде жалғастыру керегін айтты.

Би–Барыс КӨКШЕ