Жамбыл облысы Шу өзенінің бойынан өлі денесі табылған Гүлдана Санақбайға қатысты сот ісі басталды. Сот залында күдікті ретінде ұсталған Гүлдананың бұрынғы күйеуі Берік Қалқан мен көлік жүргізушісі Нұрлан Дарханнан жауап алынып жатыр. Алайда Гүлдананың анасы Индира Татиябекқызы сот барысына наразылық білдіріп, істі «ұйымдасқан қылмыс» бабымен қарауды сұрап отыр. Жалпы, осы жылдың 11 ақпан күні Алматы қаласына емделуге шығып із-түзсіз жоғалып кеткен Гүлдана Санақбайға қатысты оқиға дүйім жұртты дүрліктірген. Екі айдан аса уақыт жақындары таба алмаған Гүлдананы «Тасөткел» су қоймасынан сүңгуірлер де іздеген болатын. Іздеу барысында үлкен толқын көтеріліп сүңгуір Жұмағали Әбдірахмановтың өзі жоғалып кетіп, жұртшылықты шошытқан. Кейіннен сүңгуірдің денесі судан өлі табылып, бұқараның санасы сан-саққа жүгірген еді. Алайда екі айдан аса уақыт іздеуден кейін Гүлданың да мәйіті Шу өзенінің жағалауынан табылды. Оның өліміне кінәлі деген күдіктілер сол сәтте-ақ ұсталды. Күдіктінің бірі Гүлдананың бұрынғы күйеуі болса, екіншісі – көлік жүргізушісі. Сот отырысында көлік жүргізушісі Нұрлан Дархан бар кінәні Гүлдананың бұрынғы күйеуі Берік Қалқанға жауап жатыр. Оның сөзіне сүйенсек, Шу ауданындағы қылмыс әлемінде беделі бар Берік Қалқаннан қорыққанынан Гүлдананың өлі денесі қайда жатқаны туралы айтпаған екен. Егер тіс жаратын болса, Берік Қалқан Нұрланның бүкіл отбасын «өлтіремін» деп қорқытқан көрінеді. Қазір Берік Қалқанға Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-тармағы (Адам өлтiру бабы) бойынша айып тағылса, жүргізуші істе куәгер ретінде жүруде. Марқұм Гүлдана Санақбайдың анасы Индира Татиябекқызы бұған түбегейлі қарсы. – Қылмыстық іс амалдарымен келіспеймін. Бұрынғы күйеубалам Берік Қалқан ісінің Қылмыстық кодекстің 99-баптың 1-тармағы бойынша дәрежеленуіне қарсымын. Өйткені қызымды алдын ала келісіп, көліктен көлікке ауыстырып, адамдарды дайындап, әдейі алдын ала жоспарлап өлтіргені туралы айғақ бар. Қасындағы бала 434-баппен айыпталып жатыр, оның да 99-баптың 2-тармағымен ісі қаралуын талап етемін. Прокуратура неге бұлай шешті? Осы сұрақтың қаралуын сұраймын, – дейді Индира Татиябекқызы. Қылмыстық істе басты күдікте ретінде қаралып жатқан Берік Қалқан осы бейсенбіде сот алдында жауап береді деп жоспарланған. Егер оның кінәсі дәлелденсе, сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы