Пандемиядан кейінгі жаңа әлем
Пандемиядан кейінгі  жаңа әлем
Нұр-Сұлтанда «Пандемиядан кейінгі жаңа әлем» тақы­рыбында Astana Club-тың алтыншы отырысы басталды. Алтыншы Astana Club ресми түрде «Коронавирус пандемиясы: қауіп жағ­дайында қалпына келу, COVID-19 жаңа мутациялары мен бөлінген әлем үшін сал­дарлары» сессиясымен ашылды. Оған Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева, Thinking the Unthinkable жобасының негізін қалаушы және директоры, Лондондағы Корольдік колледж профессоры, BBC World News жаңалықтар бағдарламасы­ның жүргізушісі (1996-2014) Ник Гоу­инг, «Еуразия таңы» бестсел­лерінің авторы, Flint Global-дың бас кеңесшісі, Португалияның еуропалық істер жөніндегі мемлекеттік хатшысы (2013-2015) Бруно Масаеш, «Біртұтас Гру­зия Демо­кратиялық қозға­лыс» партиясының төрағасы, Грузия президентінің міндетін атқару­шы (2003-2004, 2007-2008), Грузия парламентінің төрағасы (2001-2008) Нино Бурджанадзе, Жапония Халықаралық ынты­мақ­­тастық агенттігінің (JICA) президенті Шиничи Китаока (онлайн), ХВҚ Таяу Шығыс және Ор­талық Азия елдері де­пар­таменті­нің директоры Джихад Азур қа­тысты. Диалог алаңы сессиялары­ның жұ­мысын ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры, Қазақ­стан Парламенті Мәжілісі­нің депутаты Дариға Назарбаева: «Біздің клубтың бұған дейінгі отырысы 2019 жылы өтті. Бұл мүлдем басқа дә­уірде болғандай. Ол кезде вирус­тың өршуі әдеттегі өмір тәртібін «жойып», экономиканы тоқ­татып, әлем елдерін оқшаулануға мәжбүр ететінін ешкім елес­тете алмады. Пан­демия біздің бәрі­міздің қанша­лықты өзара байланысты және өзара тәуелді еке­німізді тағы бір рет көрсетті. Бү­гінде халық­аралық қо­ғам­дас­тықтың күш-жігерін шо­ғыр­ландыру әдеттегі­ден әлдеқайда маңызды», – деді. Ол қазір халықаралық аренада өзара сенім режимін қалпына келтіруге жан-жақты жәрдем­десу қажет екенін атап өтті. «Астана клубының» басты миссиясы – осы. Оның айтуынша, пандемия әлемдік жүйеде бұған дейін пайда болған өзгеріс­терді жеделдетті. «Бұл өзгерістер қай бағытта болуы керек деген мәселе бойынша әлемде ортақ пікір жоқ. Біз үшін бүгінде үлкен Еуразиядағы диалогті кешенді қайта жаңғырту қажет екені анық», – деді Дариға Назарбаева. Сессия модераторы Ник Гоуинг те бұл ойды қолдады. Ол: «Әлемде COVID-19-ға байланысты мұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған жоқ. БҰҰ Бас хатшысы атап өткендей, біздің планетамыз бүгінде қиын жағ­дайға тап болды. Бізге мүдделер ымырасы қажет. Экономикадағы және қоғамдағы тұрақсыздық­тан, климаттың өзге­руі­нен және тағы басқа өзгеріс­терден туын­даған қайшылықтар бар. Елдер ара­сын­дағы диалог пен өзара іс-қимылды нығайту ма­ңызды», – деді. Ал Нино Бурджанадзе болса, өз сөзінде күш-жігерді біріктіру қа­жет­тігіне баса назар аударды: «Ха­лықаралық ынтымақ­тастық­ты қол­дау қажет және бұл тұста Қазақ­стан маңызды рөл атқара­ды. Мысалы, ядролық қаруға қатысты мәселе­лерде. Мен Грузияда вакцинация туралы ақпарат­тың дұрыс таратыл­мағанын байқадым, бұл пандемия салдарын күшейтеді. Сон­дықтан Қазақ­стан­дағы Ashyq сияқты белгілі бір жүйе қажет. Бізге үкіметаралық өзара іс-қимыл, COVID-19 таратпау жө­ніндегі үздік тәжірибемен бөлісу және бірлескен күш-жігерді үйлестіруге мән беру керек». Өз кезегінде Бруно Масаеш: «Біз еуро­палық және америка­лық күштің құл­дырауын көріп отырмыз, бірақ бұл коллапс емес. Алайда Ауғанстанда билік қайта бөлінді. Олар сол жерден кетіп қана қойған жоқ, сонымен қатар өз күшінің шектеулі еке­нін көр­сетіп, ауған қоғамын өзгерте ал­мады. Мұның бәрінің салдары бар. Бұдан не түйдік? Жаһандық тәртіптің эрозиясын көрдік. Бүгінде түрлі орта­лық өзге­лерге ықпал ету үшін бәсеке­леседі, ал Еуразияның ауқымды бөлігі кімнің ықпалында екені айқындалмаған. Біз бүгін әлемге тек өз тарапымыздан ғана қарай алмаймыз, басқалардың пікірін ескеру қажет. Бұл, әсіресе қуатты державалар үшін қиын. Қазақ­стан қалыптасқан ахуал­ға жан-жақты қарауға тырысатын ел, жа­һан­дық деңгейдегі ойыншы. Пандемия бұл трендті күшейте түсті», – деді ол. Айта кетері, Astana Club-тың кейбір отырыстарында талқылау Chatham house ережесіне сай, яғни жабық түрде өтеді. Еуразия мен әлемнің аса маңызды мәсе­ле­лері жіті және ашық тал­қыланады. Astana Club өз жұмысын 16 және 17 қарашада жалғастырады. Astana Club-тың алтыншы отырысы келесі негізгі ба­ғыт­тарды қамтиды: жаһан­данудың бола­шағы, әлемдік держава­лардың мүд­делері, әлемдік да­му­­дың сын-қатерлері, Тәуелсіз­дік­тің 30 жыл­дығы: Орталық Азия елдерінің жаңа стратегиясы.

Г.БЕКЗАТ