Алғашқы қарсыласымыз – Швеция мен Канада
Алғашқы қарсыласымыз – Швеция мен Канада
187
оқылды
Теннистен ерлер арасындағы ең беделді жарыстардың бірі – «Дэвис кубогының» 109-шы финалдық ойыны­ның басталуына санаулы күндер қалды. Бұл турнирдің финалдық кезеңдері алғаш рет Инсбрук, Мадрид және Турин қалаларында бір мезгілде өтеді. Аталмыш кубокты 18 команда сарапқа салады. Олардың арасында Қазақстан құрамасы да бар. Юрий Щукин бастаған бапкерлік құрам байрақты бәсекеде Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко, Андрей Голубев, Александр Недовесовтерге сенім артып отыр. Қазақстан құрамасы В тобында Канада және Швеция теннисшілерімен сынға түседі. 27 қараша күні Қазақстан мен Швеция екеуара кім мықтыны анықтайды. Келесі күні отандастарымыз 2019 жылы Дэвис кубогының финалына дейін жеткен Канада құрамасымен кортқа шығады. Алғашқы қарсыласымыз Швеция құрамасы «Дэвис кубогына» 1925 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде шведтер жеті рет ерлер арасындағы ең беделді әлем кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ олар турнирдің финалына бес рет шыққан. Мадридте Швеция құрамасының намысын Микаэль Имер (ATP рейтингінде 97-ші), Элиас Имер (ATP рейтингінде 167-ші), Андре Горансон (ATP жұптық сайыс рейтингінде 66-шы) және Джонатан Мридха (ATP рейтингінде 511-ші) қорғайтын болады. Жекелей сында команда капитаны Робин Содерлинг ағайынды Имерлерден үлкен үміт күтеді. Ағайындылардың кенжесі Микаэль хардта жақсы ойнайды. Ол – жасөспірімдер арасында көптеген жетістікке жеткен спортшы. Кіші «Уимблдонның» финалында бақ сынаған. Бірақ финалда америкалық Рейли Опелкадан жеңіліп қалды. Осы уақытқа дейін Микаэль жұптық сайыста бір рет ATP турнирінде және төрт Челленджерде жеңімпаз атанды. Ал Элиасты қазақстандық жанкүйерлер жақсы біледі. Ол биыл Нұр-Сұлтандағы ATR 250 сериясы турниріне қатысты. Іріктеу сайысының бірінші кезеңінде қазақстандық Григорий Ломакинді жарыс жолынан шығарған болатын. Ал жұптық сында Швеция құрамасынан Андре Горансонды ерекше атап өтуге болады. Ол өзінің мансабында жеті Челленджер және бір ATP турнирінде жеңіске жеткен. Швед­тердің төртінші ойыншысы 26 жастағы Джонатан Мридха да оңай қарсылас емес. Қазір ол жекелей сын бойынша рейтингте 511-орында тұрғанымен, ITF сериялы турнирде жекелей сында үш рет және бес жұптық ойында жеңімпаз атанған. Сонымен қатар Қазақстан құрамасы «Дэвис кубогы» финалының топтық кезеңінде 28 қарашада Канадаға қарсы ойнайды. 2019 жылы бұл турнирде Канада финалға шыққан. Жастық пен тәжірибе үйлесім тапқан канадалық команда 2021 жылы да бұл кубокты жеңіп алуға үмітті құрамалардың қатарында. 2019 жылы Фрэнк Данцевич шәкірттері шешуші кездесуде Рафаэль Надаль бастаған Испания құрамасынан жеңіліп қалды. Бұған дейін Канаданың Дэвис кубогындағы ең жақсы нәтижесі 1913 және 2013 жылдардағы жартылай финал болды. Канадалықтар бастапқыда Феликс Оже-Альяссим мен Денис Шаповаловқа үміт артқан. Алайда жарыс жақындаған кезде қос теннисшінің бұл жарысқа қатыса алмайтыны белгілі болды. Денистің турнирден бас тартуына ұзақ маусымдағы шаршау себеп болған, ал Феликс жарақаты бар. Қазақстан құрамасы «Дэвис кубогының» ширек финалына шығу үшін жоғарыда атап өткен қос құрамамен шеберлік байқасады. Мадридке аттанар алдында команда капитаны Юрий Щукин баспасөз қызметіне біздің құраманың алдағы кездесуге қалай дайындалып жатқанын қысқаша әңгімелеп берді. Ол Швециямен матчта жабық хардқа тез және жақсы бейімделген теннисшіге сенім артылатынын тілге тиек етті. – Команда құрамы толығымен жасақталды. Александр Бублик, Дмитрий Попко, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев және Александр Недовесовке сенім артамыз. Қосалқы құрамдағы теннисшілерімізден Тимофей Скатов пен Бейбіт Жұқаев бар. Жалпы, биылғы маусым біздің ойыншылар үшін ойдағыдай өтті деуге болады. Александр Бублик ATP 250 сериясы турнирлерінің екі финалында ойнады, сонымен қатар Андрей Голубевпен бірге жұптық сайыста Франция ашық біріншілігінің финалисі болды. Голубев пен Недовесов жұптық сында үздіктер қатарында. Қазір Бубликтің Челленджер сериясының жұптық сайысында 21 титулы бар, оның жетеуін биыл жеңіп алды. Дэвис кубогына дайындыққа келетін болсақ, әр ойыншының жеке бағдарламасы бар. Қорыта айтқанда, теннисшілеріміз Мадридтегі турнирге толықтай дайын, – деді Щукин. Ал жас теннисші Бейбіт Жұқаев ел теннисшілері сынға түсетін халықаралық жарысқа қосалқы құрамдағы ойыншы ретінде бармақ. Ол теннисшілермен жарыс алдында спарринг өткізетінін айтты. – Мадридте өтетін «Дэвис кубогына» командадан бес теннисші жарыс жолына шығады. Топтық кезеңде бірінші ойын Швециямен, екінші ойын Канадамен болады. Біздің ойыншылар өздерінің үздік ойынын көрсетеді деп ойлаймын. Ал біз Скатов екеуміз қосалқы құрамдағы теннисшілер қатарын­дамыз. Негізгі құрамдағы ойыншылар жарыс­қа бір апта қалғанда келеді. Ал мен ертең жолға шығамын. Сол жақта өзіміздің теннисшілермен спаринг өткіземіз, – дейді Бейбіт. Қазақстан құрамасына Канада сапындағы Денис Шаповалов пен Феликс Оже-Альяссимнің Дэвис кубогының 2021 жылғы финалдық кезеңіне қатыспауы келесі кезеңге өтуге үлкен мүмкіндік болмақ. Ал өзімізбен деңгейлес Швеция құрамасында ең қауіпті қарсылас ағайынды Имерлер екені сөзсіз. Бірақ біздің командада да талай додада топ жарып, мықтылығын дәлелдеген тәжірибелі ойыншылар жетерлік. Әсіресе, Голубев пен Недовесовтің жұптық сында, Бубликтің жекелей сында тамаша жетістіктерге жетіп жүргенін теннис жанкүйерлері жақсы біледі. Қайткен күнде де, кортқа шыққан отандас­тарымыз­дың тілеуін тілеп, жолына үмітпен қараймыз. Мадридте теннисшілеріміз ел се­німін ақтап, жақсы нәтижемен, жарқын жеңісімен қуантқай.

Абылайхан ЖҰМАШ