14 мыңдай адам жұмыспен қамтылған
14 мыңдай адам жұмыспен қамтылған
128
оқылды
Жыл соңы – жұмысты қорытындылар, кем-кетікті түгендер шақ. Әсіресе, ел тізгінін ұстағандар мемлекеттен бөлінген қаржының есебін түгендейді. Осы мақсатта Қызылорда об­лысы­ның әкімі Гүлшара Әбді­қалықова сала басшыларын жинап, осы жылдың 10 айындағы әлеу­меттік-экономикалық даму қоры­тындысы мен бюджеттің орындалуы бойынша мәжіліс өткізді. Жиында облыстық Қаржы басқар­масының басшысы Елена Шаврова мен облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма­сының міндетін атқарушы Ринат Құдайбергенов атқарылған жұмыс­тарды баяндады.Облыстың бас қар­жыгері Елена Шаврованың айтуын­ша, 2021 жыл­ғы 1 қараша­дағы жағдай бойынша облыс бюджеті түсімдер бойынша биылғы кезеңге арналған болжам 101,8%, оның ішінде меншікті кірістер – 109,4% орындалып, облыс бюджетіне 5,4 млрд теңге арты­ғымен түскен. Сондай-ақ негізгі капиталды сатудан түсетін тү­сімдер 958 млрд теңгеге орындал­ған. Бұл көр­сеткіш те межеден асып тұр. Сондай-ақ 2021 жылдың 10 айында облыс бюджеті шығыстар бойынша 98,4% орындалыпты. Оның ішінде үнемделген қаржы 731 млн теңгені құраған. Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы­ның міндетін атқарушы Ринат Құдайбергенов биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында облыс әкімінің іс-шаралар жоспарын орындау және облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуы бағы­тын­да атқарылған жұмыстарды тізбектеді. Атап айтқанда, 2021 жылғы қаң­тар-қазан айларында 620,5 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өн­дірілсе, бұл 2020 жылдың осы ке­зеңімен салыстырғанда 0,3% артық көрінеді. Өнеркәсіптің өңдеуші секторы бойынша негізгі капиталға инвестиция көлемі 218,8 млрд тең­гені құрапты. Осы жылдың қаңтар-қазан ай­ларында облыста жұмыс істеп тұр­ған шағын орта бизнес субъек­тілері­нің саны 5,8%-ға артып, 50 492 бірлікке жеткен. Осының ар­қасында жыл басынан бері 14 мың 114 адам тұрақты жұмыспен қам­тылған. Облыс дамуының қорытын­дысын Қызылорда облысының басшысы облыстық басқармаларға жұмыс қарқынын күшейтіп, жыл соңына дейін бюджет қаржысын толық игеруін қам­тамасыз етуді және жоспарланған жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы