Аймағамбетов мұғалімнен негізсіз құжат талап еткен басшылар жауапқа тартылатынын айтты
Аймағамбетов мұғалімнен негізсіз құжат талап еткен басшылар жауапқа тартылатынын айтты
© azattyq-ruhy.kz
148
оқылды
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның аппарат мәжілісінде педагогтерді артық есептіліктен босату туралы тапсырма берді.
Министр басы артық құжаттың пайдасынан зияны көп екенін тілге тиек етті.
«Мұғалімдер үшін екі құжат қана міндетті. Ол жайында №130 бұйрық бар. Мұғалімдер күнделікті толтыратын екі құжат қана. Егер әлеуметтік педагог болса, өзінің құжаттары бар. Сынып жетекшісі болса, тәрбие жұмыстары бойынша құжаттары бар. Директордың өз жүргізетін құжаттары бар. Оның бәрі жоғарыда айтылған бұйрықта шегеленіп тұрып бекітілген. Тек осы талап шеңберінде жұмыс істеу керек. Әсіресе сынып жетекшілері бойынша ойға қонымсыз құжаттарды кірігізіп қойған. Бір мектепте сынып жетекшісінің мойнына 19 құжатты жүктеп қойған. Осы факт бойынша анықтау жүргізіп, тиісті жауапкершілікке тартуды тапсырамын», - деді министр.
Еліміздің бас ұстазы мұғалімдерден негізсіз құжат талап ету қайталанса, мектеп директорын емес, білім беру бөлімі мен басқармаларының басшыларын жауапқа тартуды ұсынды.
«Құжаттардың бәрі электронды форматта бар. Ұлттық білім беру деректер қорында да тұр. Бәрін шығарып, жинап қойғаннан не пайда? Мұғалімдерден қажет емес, тіпті түсініксіз ақпаратты сұрайсыздар. Өңірлердегі Білім басқармалары құзырындағы шаруаны иегере алмай отыр ма, сонда? Келесі жолы мұндай негізсіз құжат талап ету қайталанса, мектеп директорын емес, білім беру бөлімі мен басқармаларының басшыларын жауапқа тарту керек», - деді Асхат Аймағамбетов.