Газ баллоны жарылып, тағы 10 адам зардап шеккен, 2 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр, – деп хабарлайды AstanaTV.
Жарылыстан бір үйден 3 адам қаза болды, оның бірі – 4 жастағы қыз бала. Апат кезінде бұл үйде қонақтар болған. Шортанды ауылының тұрғыны Нұрымбай Тоқтарұлы бір түнде 2 келіні мен 4 жастағы немересінен айырылды.Жарылыстың дауысын ести сала, көршілері де бірден көмекке жеткен. Айтуларынша сол күні ауылда су болмаған. Өрт сөндірушілер келгенше үйде барын шелекпен тасып, сөндіруге тырысқан.Шортанды ауылының тұрғыны Нұрымбай Тоқтарұлы: «Олар менің балаларым, немерелерім. Өзімнің отауым бөлек, олардың отауы бөлек. Жүгіріп үйге келсем, мына жер өртенген, балалар шала күйген. Бір қарасам, жедел жәрдемнің ішінде жатып есімнен таңып қалыппын. Есімді жинасам, балалардың сүйегін бір-бірден әкеп, мына үйдің іргесіне қойып жатыр екен. Үш баламның сүйегін. Үшеуін де...», – деді.
Шортанды ауылының тұрғыны Кәккей Жолдас: «Пожарныйда су болмады. Соған өкінеміз. Пожарный дайын болу керек қой. Мұндай жағдайда пожарный дайын болу керек. Просто солярка жоқ. Мына жерден адамдар итеріп шығарып жатыр. Бұл деген сұмдық нәрсе ғой», – дейді. Алайда облыстық Төтенше жағдай департаменті куәгерлердің айтқанын түбегейлі жоққа шығарды.Шортанды ауылының тұрғыны Үкімет Бағлан: «Өрт сөндірушілер жарты сағаттан кейін келді. Су жоқ деп кетіп қалды. Екіншісі келді, су қатып қалды дейді, ол су бар ма жоқ па, өтірік пе, шын ба білмейміз. Енді машинаны есіктің алдынан алайық десек, солярка жоқ дейді. Қалың ел ауылдан итеріп шығардық», – дейді.
Облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Ерлан Молдаханов: «Ондай болуы мүмкін емес. Өйткені біздің өрт сөндірушілер күн демей, түн демей, ауа райына қарамай дереу шығады. Біз толы дизель отынымен, толы мөлшерде сумен әрқашан өрт сөндіруге, кез-келген төтенше жағдайдың алдын алуға дайынбыз», – деді.
Ауруханаға жеткізілген 10 адамның ең кішісі – 1 жасар сәби. Екі бала жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, халі мүшкіл. Қазір жарылысқа тергеу жүргізіліп жатыр.