Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми Түркия Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Зухту Арслан мырзамен кездесті. Ол екі елдің конституциялық бақылау органдары арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға сәйкес Түрік делегациясының ресми сапары аясында өтті. Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Түркияның құқықтық саладағы ынтымақтастығын ерекше атап өтті.
«Осы жылдар ішінде Қазақстанның Конституциялық Кеңесі мен Түркияның Конституциялық соты арасында жемісті ынтымақтастық орнатылды. Ол екі жақты және көп жақты негізде дамуда және Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге қызмет етеді», – деді Қ.Мәми.Төрағалардың екіжақты кездесуінен кейін талқылау Конституциялық Кеңес мүшелері мен Түркия Конституциялық Соты судьяларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Делегация құрамына сонымен қатар Төраға орынбасары Кадир Озкая, судья Ирфан Фидан, Хатшылық басшысы Орхан Ялиниз және Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи кірді. Қонақтар Қазақстанның конституциялық бақылау органының қызметімен танысты. Әріптестер қазіргі конституциялық-құқықтық дамудың өзекті мәселелері бойынша білім мен тәжірибе алмасты. Азиялық Конституциялық соттар мен оған теңестірілген институттар қауымдастығын одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды. Түрік делегациясының басшысы Қазақстанның Конституциялық Кеңесінің 2019-2021 жылдары осы ұйымға табысты төрағалық етуіне баса назар аударды. Түркияның Конституциялық сотында орналасқан Адам ресурстарын оқыту және дамыту орталығы Азия қауымдастығының тұрақты хатшылықтарының бірі. Оның басшылығымен жыл сайын халықаралық симпозиумдар мен жазғы мектептердің бағдарламалары өтеді, қазақстандық өкілдер де олардың қатысушылары. Түрік конституционалистері Қазақстан халқын Республика Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Кездесу қорытындысы бойынша Қ. Мәми Зухту Арсланға конституциялық құндылықтарды бекітуге қосқан қомақты үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен марапатталған "Қазақстан Конституциясына 25 жыл" мерейтойлық медалін табыс етті. Қорытындылай келе, Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми осы кездесу біздің елдеріміздің конституциялық әділет органдары арасындағы достық пен ынтымақтастық рухына негізделген тиімді өзара іс-қимылдың жарқын айғағы болып табылатынын атап өтті. Тараптар құқық үстемдігі қағидаттарын бекіту саласындағы ынтымақтастықтың табысты жалғасатынына сенім білдірді.